Адам құқықтарының қорғалуының кепілі
Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қ.Тоқаев «Біз заңнаманы ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық» дей келе кейбір санаттағы қылмыстар бойынша жазаны қатаңдату мәселесін көтерді.
Осы орайда азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында 2019 жылдың 27 желтоқсанында Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойып, оған сәйкес Қылмыстық Кодексе 188-1 «мал ұрлығы» деген бөлек бап енгізілді.
Себебі қазақ халқы үшін күн көріс көзі болып табылатын, ақ адал еңбегі, маңдай терімен жинаған малының орны ерекше. Мал ұрлығының күннен күнге өршіп, тиылмай тұрғаны, сотталушылардың жәбірленушілерге келген залалды өтеп, татуласуы негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылуы халықты алаңдатуда. Осы қылмыстардың алдын алу, мал ұрлығын тыю мақсатында Қылмыстық Кодексіне мал ұрлығына қатысты арнайы бап енгізіліп, ол үшін жаза қатаңдатылды.
Аталған баптың талабына сәйкес, бір адаммен мал қораға немесе басқа да қоймаларға кірместен жасалған мал ұрлығы үшін сотталушыға ауырлығы орташа қылмыс ретінде бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығын айыру жазасы қарастырылса, егер мал ұрлығын адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаса немесе бірнеше рет жасалса, тұрғын үйдің мал қорасына, қашаға немесе өзге де қоймаларға кіру арқылы жасалған жағдайда, ол ауыр қылмыс деп танылып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Егер мал ұрлығын ұйымдасқан қылмыстық топ жасаса немесе аса ірі мөлшерде жасалса жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленеді.
Бұл жөнінде Жаңақорған аудандық соты тарапынан заңға өзгеріс енген уақыттан бастап халық арасында түсіндірме жұргізіліп, баспасөз беттерінде де мақалалар жарияланды.
Дегенмен заң бойынша жаза қатаңдатылғанына қарамастан ауданда мал ұрлығы деректері әлі де тіркелуде.
Жаңақорған аудандық сотында ағымдағы жылдың 6 айында мал ұрлығына қатысты Қылмыстық Кодекстің жаңа 188-1 бабымен 2 қылмыстық іс қаралды.
Бірінші жағдайда, Түгіскен ауылының тұрғыны азамат А. ағымдағы жылдың ақпан-наурыз айларының ішінде елімізде жарияланған төтенше жағдайға қарамастан, өз ауылдастарының жайылымда жүрген 9 бас малдарын бірнеше рет ұрлап, жәбірленушілерге мүліктік зиян келтірген.
Ол өзінің осы әрекетін одан әрі жалғастырып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша сыбайласы, ауылдасы Ш-мен бірге сәуір айында Түгіскен ауылынан оңтүстікке қарай екі шақырым қашықтықтағы жайылымға келіп, жайылымда жайылып жүрген жәбірленуші Т-ның қара ала түсті өгіз малын ұстап, жерге құлатып, аяғын байлап, өздерінің мініп келген автокөлігінің жүк салғышына салып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Олардың бұл әрекеті Жаңақорған аудандық полиция қызметкерлерімен әшкере болып, оларға қатысты мал ұрлығы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа берілген.
Сот талқылауында сотталушылар кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерге келтірілген залалды толық өтегенін көрсеткен. Жәбірленушілер де сотталушылар тарапынан келтірілген залалдың толық өтелгенін негіздеп, оларға қоятын талап-тілегінің жоқ екенін айтқан.
Алайда Заңға енген өзгерістерге сәйкес қылмыстық теріс қылық немесе қылмыс жасаған адамның келтірілген залалды өтеу арқылы жәбірленушімен татуласу, оның ішінде медиация тәртібімен татуласуына шектеу қойылды. Осыған дейін қолданыста болған Қылмыстық Кодекстің 68-бабының нормасына сәйкес қылмыстық теріс қылық немесе немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам залалды өтеп, жәбірленушімен татуласуына бұрынғы соттылығы, қылмысты бірнеше рет жасауына қарамастан жол берілсе, қазіргі өзгеріске сәйкес белгіленген қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі ішінде қасақана қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды. Бұл дегеніміз, мысалы, адам бір жылдың ішінде бірнеше рет қылмыс жасаған жағдайда, егер ол бірінші жасаған қылмысы бойынша залалды өтеп, жәбірленушімен татуласқан жағдайда, екінші немесе үшінші рет жасаған қылмысы бойынша жәбірленушіге келтірілген залалды өтеген кезде де татуласуға, осы негізде істі тоқтатуға жол берілмейді.
Сот сотталушы А-ның жасаған қылмысының қоғамдық қауіптілігін, төтенше жағдай кезінде бірнеше рет мал ұрлығын жасағанын ескеріп, оны қоғамнан оқшауламастан түзеліп кетуіне мүмкіндік жоқ деп санап, Қылмыстық Кодекстің 188-1 бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауға, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеуді белгілеуге жататыны жайлы үкім етті.
Ал сотталушы Ш-ны ҚР ҚК-нің 188-1 бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындап, оған ҚК-нің 63-бабын қолданып, қоғамнан оқшауламастан-ақ түзеліп, тәрбиеленіп кетуіне толық мүмкіндігі бар деп санап, бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрде тағайындады.
Соттың үкімі сотталушы А.-ның апелляциялық шағымымен жоғарғы саты сотында қаралып, үкім заңды және негізді деп танылып, өзгеріссіз қалдырылды.
Ал екінші жағдайда, Жаңарық ауылының тұрғыны сотталушы И. алкогольді масаң күйде 2020 жылдың 19 сәуірі күні сағат 12:30 шамасында бір топ ешкінің «Жаңақорған-Қандөз» тас жолының Жаңарық ауылының тұсындағы жол жиегінде жайылып жүргенін көріп, жәбірленуші А-ға тиесілі құны 18000 теңге тұратын көк түсті ешкісін ұстап алып, байлап, сол маңдағы шеңгел арасына жасырып қойған. Одан кейін малды алып кету үшін қылмыс орнына қайта келгенде мал жасырған орында мал иесіне ұсталып, тікелей қылмыс жасауға тура бағытталған ниетін, өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейін жеткізе алмай, мал ұрлығын жасауға оқталған.
Қылмыстық Кодекстің 11-бабының 3-бөлігінің талабына сәйкес сотталушы И.-дың жасаған іс-әрекеті ауырлығы орташа қылмыс болып табылады.
Қылмыстық Кодекстің 68-бабының 1- бөлігіне сай, ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтірілген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады. Сондықтан, сотталушы мен жәбірленуші өзара медиация тәртібімен татуласуларына байланысты сотталушы И. ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігі негізінде жауаптылықтан босатылып, қылмыстық іс тоқтатылды.
Қылмыстық Кодекстің талабына сәйкес жаза әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады. Жаза тән азабын шектiрудi немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат етпейдi.
Аудан тұрғындарының тірлігі мал шаруашылығымен тікелей байланысты. Дегенмен соңғы уақытта мал ұрлығының белең алуы адал еңбекпен күн кешіп отырған халықтың көңіліне қаяу салуда. Жылдар бойы тірнектеп жиған малын оңай, әрі мол олжаға батуды ойлаған ұрылардың меншігіне беріп қою кімге де оңай тимесі анық.
Осы орайда Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен мал ұрлаған адамдарға қатысты жазаны қатаңдату, аталған санаттағы қылмыстардың санының азайып, атакәсіппен айналысатын ауыл тұрғындарының одан әрі шаруасын дөңгелетіп, меншік құқығының қорғалуына заңмен кепілдік беретінінің айғағы деп санаймыз.
Алия Тубекбаева,
Жаңақорған аудандық сотының төрағасы