№34 (8745) 30

30 сәуір 2024 ж.

№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Балабақшадағы бір күн

Балабақшадағы бір күн

Өз басым балабақшаға барған бала емеспін. Біздің бала күнімізде балабақшалар санаулы еді. Қазір ғой, балабақшалардың саны көбейді. Бұл әрине, қуанышты жаңалық. Өйткені жасөспірім көпшілікке үйреніп, жазу-сызуға дағдыланып, әріп танып, мектепке дайын болып шығады. Баланың оқуға ықыласын оятып, білімге қызығушылығын арттыру балабақшаның негізгі міндеті. Осындай қылықты періштелер мекеніне бас сұғып, тәрбиеші қызметінің қыр-сырымен танысуды жөн көрдім. Таңдалған балабақша – Жаңақорған кентіндегі «Фарида-Көркем» балабақшасы.

Балабақша меңгерушісі Фарида Қоңыр­­баеваға мақсатымызды түсін­дір­дім. Ол балабақша тынысымен та­ныс­тыруды бастады.
– Биыл балабақшаның құрылғанына алты жыл толды. 74 балаға арналған балабақша шаңырағының астында бүгінде жетпіске жуық бала тәр­бие­ленуде. Осы екі топта алты тәрбиеші қызмет атқарады. Балаларды мектепке дайындауға басымдық береміз. Әр оқу жылына арналған міндеттерге орай тәрбиешілер балаларды оқуға ынта­лан­дырып қана қоймай, ұлттық тәлім-тәрбиемен сусындатады. Бізде тәрбиеленген балалар әріп танумен қатар, шетінен өнерлі. Өйткені бала бағбандарының барлығы жастар, сегіз қырлы, бір сырлы мамандар, – деді балабақша меңгерушісі.
Мектепке дайындық тобының тәр­­­биешісі Жазира Ахметова мен Аманкүл Дәрібаеваның жұмысымен таны­суы­мыз басталды.Күнделікті дағ­ды бойын­ша балабақша сағат 8.00-ден бастап жұмыс істейді. Тәрбиешілер сол кезде балаларды қабылдап алады. Со­дан соң таңғы жаттығуларын жасап, оң қолдарын жүрек тұсына қойып, Әнұ­ранды айтып, бой сергітумен жаңа күн басталды.
Кішкентай бүлдіршіндердің ерке­лігін көтеріп, екінші анасындай болып кеткен тәрбиешілердің жауапкершілігі жоғары. Күнделікті бақшаға үйренген балалар біраз уақытқа шуылдасып сурет салып, қол маторикасын дамы­татын түрлі ойындарды ойнады. Одан кейін таңғы астарын ішіп, сағат 9.30-да сабақтарына отырды. Сабақ басталмас бұрын Жазира мен Аманкүл апай­ының бірнеше сұрағына жауап берді.  
– Ал, балалар сабағымызды бас­­­таймыз. Ол үшін денемізді тү­зу ұстап, әдемі болып оты­ра­мыз. Өйткені сендер қандай ба­ла­сың­дар?
– Ақылды, – деді балалар жапа-тармағай дауыстап.
– Балалар, біз қандай елде тұрамыз?
– Қазақстанда
– Ал біз қай ауданда тұрамыз?
– Жаңақорғанда
– Біз қай тілде сөйлейміз?
– Қазақ тілінде
Бөбектер еш мүдірместен, тар­сылдап жауап беріп тұр. Сөйтсем бұл күнделікті қойылатын сұрақтары екен. Сұрақ-жауап алмасудан кейін, математика саба­ғы басталды. Жаңа тақырыпты бастамас бұрын, Аманкүл апай өткен тақы­рыптарды қайталап, балғындардың са­бақ­ты қаншалықты түсінгендігін бір пысықтап алды. Жаңа­­дан өткен тақы­рыпты Жазира апай­­лары өте жеңіл тіл­мен түсіндірді. Ба­ла­лардың оңай қабыл­дауына бағыт­тап бала тілімен жет­кізгені көрініп тұр. Содан болар, сан­дарды ретімен санап, кері бір санап, қиналмай қосып, алып отырды.
«Бірнеше жылдан бері балалармен жұмыс жасап келе жатырмыз ғой. Бүгінгі күннің балаларын тәрбиелеу оңай емес. Барлығы да бір-бір үйдің еркесі, серкесі дегендей. Оларға дауысты қаттырақ шығарып ұрсып, қаталдық танытып еш­нәрсе үйрете алмайсың. Ол баланың психологиясына да кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан баламен әркез балаша сөйлесіп, тіпті жасына сай іс-әрекет жасап отыруыңа тура келеді. Кейде балалардың толассыз сұрақтарына жауап беруге ойланып қалып жатамыз. Өйткені, заманына қарай адамы демей ме? Қазіргі ба­лалар өте пысық, зейінді, алғыр. Ойланып жауап бермесең, ойынға айналдырып жіберуі бек мүмкін. Сол себепті тәрбиешіге артылар жүк аз емес», – дейді балабақша әдіскері Гүлдана Медеуқызы.
Сондай-ақ балалардың сабақ ба­ры­сында бой сергітуі  үшін түрлі дене жаттығулары жасалып  тұрады. Балалар бір-бірімен жарысып дене қимылын жасап жатқанда екінші топ­тағы сабақтың өту барысына қы­зы­­­ғушылық танытып, сабағына кірдім. Бұл балабақшадағы «Кішкен­тайлар тобы» екен. Тілдері был­дырлап енді шы­ғып жатқан үш-төрт жасар бүл­дір­­шіндер отырған бұл бөлмедегі тәрбиеші – Айнұр Исматова. Мен кір­ген кезде балалар түрлі-түсті қалам­дармен сурет салып, пластелин­мен мүсіндер құрастырып мәре-сәре болып жатты. Бұл топта балалардың еркелеп сөйлегеніне, тәп-тәтті қы­лық­тарына қарап отыра бергің  ке­леді. Бірақ бастапқы тобыма қайта оралып, келесі сабақтың өту барысын көргім келді. Көркем жазу сабағы басталды. Аты айтып тұрғандай-ақ, бұл сабақта балалар ақ қағаз беті­не әріптерді қаз-қатарынан тізіп, әдемі етіп жазуы керек. Бірақ мен ойлағандай тәрбиешілер былай жаз деп айта салмайды. Сабақ басталған соң Аманкүл апай балаларды мақтай отырып, алдымен өзі жазып көрсетті. Содан кейін балалар өздерінің шама-шарқыларынша жазуға тырысты. Бала­лар қызу жұмыс үстінде. Арасында бір-бірінің жазуына қарап та қояды.
Балаларға қарап отырып талантты балалардың өсіп келе жатқанына қуа­­нып қалдым. Осылай өз сезіміме ерік беріп, іштей арпалысып отырған мені тәрбиеші байқаған болар, ұзын­дығы он метр болатын шкафты нұсқап, «біздің балалардың жасаған жұмыс­тарымен таныссаңыз болады» деді. Онда қойылған заттарға қарап, бейнебір ертегі әлеміне еніп кеткендей әсер алдым. Қағаз қиындыларынан гүлдер, оюлар, жан-жануарлар мен өсімдіктердің мүсіндері, киіз үй, табиғат аясы, тау, өзен сынды бейнелерден балалардың қиял-кес­кіні көзге ұрды. Бір кезде балалар жазуларын аяқтады. Енді балалар бір сәт далаға шығуға дайындалды. Ақ ұлпа қардың үстінде мәз-мейрам болып ойнап жүрген балалардың жүзіне қарап, өзің де сонау балалық шаққа бір сая­хаттап қайтады екенсің. Менің тәтті ойымды осы топтағы Айзере есімді қыз бұзды.
– Апай, мен сізге тақпақ айтып берейін бе? – дейді.
– Әрине айта ғой, – дедім.
– Біз әдепті баламыз,
Айтқан тілді аламыз.
Үлкендерге жол беріп,
Біз ақылды боламыз – деп, еш мүдірместен тарсылдап айтып шықты. Ой бәрекелді, – дегенім сол еді, «Апай, мен де айтайыншы. Апай, мен би билеп берейін бе? Мен сурет салып берейін бе?» деген дауыстар бірінен соң бірі жамырай естілді. Содан бала көңілін қимай бірнешеуінің өлеңін тыңдап, билерін тамашалап, қайта ішке кірдік. Балалар күнделікті әдет­тері бойынша қолдарын жуып, үстел басына жайғасты. Түсті асты балалармен отырып біз де іштек. Тамақтанып болған балалар, барлығы бірге дауыстап «Аспазшы апайға рах­мет» деп, ұйықтауға дайындалды. Бұл аралықта тәрбиешілер қағаз қала­мын қолына алып, ертеңгі күннің жос­парын жазды. Бір байқағаным, мұндағы тәрбие­шілердің барлығы білікті, білімді нағыз өз ісінің маман­дары екен. Әне-міне дегенше бала­лардың алды ұйқысынан оянып, сер­гіту жаттығуларын жасай бастады. Қарап отырсам, бала­лар­дың барлығы да әйтеуір бір нәр­семен шұғылдануда. Олардың бірі сурет салып, бірі жазу жазып, бірі құрас­тырғыштармен үй тұрғызып, тіпті екі-үш қыз бірінің шашын бірі тарап, бірі бояндырып ойнап жатыр.
Міне, осылай балалармен бала болып отырғанымда, жұмыс уақыты аяқталып та қалыпты. Балаларын алып кетуге келген ата-аналарды көргенде ғана қиял әлемінен өз әлеміме қайта оралғандай болдым. Балабақшадағы бір күнім осылай өтті. 
Әсел РЗАЕВА
13 желтоқсан 2020 ж. 1 307 0