№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Бәйтерекке" 5 жыл

"Бәйтерекке" 5 жыл


Балабақша – мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің негізгі ұясы. Халқымыздың әдептілік, инабаттылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, қонақжайлылық қасиеттерін де жас ұрпақтың бойына сіңіретін қасиетті мекен. Жаңарық ауылдық округі әкімі аппаратының «Бәйтерек» бөбекжай-балабақшасы 2014 жылы «Балапан» бағдарламасы аясында ашылған. Осы балғындар мекеніне биыл 5 жыл толды. Сол жылдар ішінде бөбекжайда көптеген шаралар өтіп, ата-ананың мол ықыласына кенеліп, ауыл баласының асығып барар ыстық отанына айналды. Балабақшаның бес жасқа толуына орай ұйымдастырылған балалардың бал мекені – «Бәйтерекке 5 жыл» атты өнер кешіне бізге де куә болудың сәті түсті.


Мереке аясында бөбекжай меңгерушісі Гүлжан Байдалиеваның айтары көп екен.
– Тәуелсіз елімізде келешек ұрпақты тәрбиелеу мәселесі бүгінгі күн­нің өзекті мәселесі. Балабақшада балғындардың жан-жақты дамып, тұлға болып қалыптасуына барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңда типтік жобада материалдық техникалық базасы толық жабдықталған, инновациялық технологиялармен – интерактивтік тақ­та, сиқырлы қалам кешені, электронды киіз үй, ақылды қалам, эбру, ақылды аю электронды тақта, электровикторина – интерактивті ойын құралдарымен қамтылған. Бүгінде 2-6 жас аралығында екі топта 50 бала тәрбиеленуде. Осы балаларға жауапты 8 педагог және 22 кіші қызметкер еңбек етеді. Балалар шетінен білімге құштар және өнерлі. Балаларды алғашқы білім мен тәрбиеге баулуда аянбай еңбек ете береміз, өйткені мемлекет тарапынан жағдай жан-жақты қамтылған, – деді ол.
Мерекелік шараны ауыл әкімі Ақжан Тұрғанбаев ашты. Өз кезегінде ауыл имамы Әбдіхалық Махмутов, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мажит Жанаев және аудандық білім бөлімінің жетекші маманы Назерке Базарбаева сөз алып жылы лебіздерін білдірді.
Шарада балалар тәрбиешілерімен бірге түрлі жанрда өнер көрсетті. Бірі би билеп, енді бірі ән айтып, ертегілер еліне саяхат жасап көңілді кеш сыйлады. Мерекелік кешке балабақшаның 5 жылдық түлектері де арнайы шашумен келіпті. Ерекше көзге түскен кішкентай айтыскерлер Саялы мен Әсеттің өнері көрермен қауымның көңілін көтеріп, күлкіге кенелтті. Балалардың өнеріне тәнті болған ата-аналар да өздерінің жарқын лебіздерімен бөлісті.
Әрдайым тың ізденісте жұмыс жасап, бүлдіршіндерді шығармашылық пен өнерге баулып келе жатқан балабақша ұжымының еңбегі ерен. Осы кеш барысында бөбекжай меңгерушісі Гүлжан Беркарақызы және балабақша тәрбиешісі Сабира Сыздықова облыстық басқарма басшысы Майра Мелдебекованың «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимовтің «Алғыс хатымен» балабақша әдіскері Аманкүл Есмұрзаева және тәрбиешілер Зарема Сайдажиева, Несібелі Арынғазиева, Индира Ахметова марапатталды. Балабақша медбикесі Нұрила Жұмаханова, шаруашылық меңгерушісі Ұлжан Нұрғалиева, көмекші тәрбиеші Ғалияш Абдиллаханова аудан әкімі Сұлтан Мақашовтың «Алғыс хатымен» марапатталды. Қалған қызметкерлер ауыл әкімі Ақжан Тұрғанбаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды.
Негізі қаланғанына бес жыл толған балабақшаның жетістіктері де аз емес. Аудандық мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілерінің арасында ұйым­дастырылған «Үздік тәрбиеші 2017» сайысында балабақша тәрбиешісі Сыздықова Сабира «Ең үздік портфолио» номинациясымен марапатталған. Ау­дан­дық «Табиғат аясы – адамзаттың алтын бесігі» атты суретшілермен көрме байқауында балабақша 1-орынды жеңіп алды. «Шабыт» білім беру әдістемелік орталығынан балабақша тәрбиеленушісі Құлмаханов Алан «Балалық шақтың сиқырлы әлемі» атты республикалық интернет-байқауында «Аппликация» номинациясымен Аршат Медетқызы, «Отбасылық демалыс» номинациясымен Хамида Марленқызы, «Сурет номинациясымен Бекзат Қожамұрат, «Ермексазбен бейнелеу өнері» номинациясымен Нұрислам Әбдіғаппар алғы орындарды иемденген болатын.
Қорыта айтқанда, тәрбие мен білімнің бастауы саналатын балғындар мекенінің бүгінгі тыныс-тіршілігіне қанық болып, шаттанған балалардың қуанышына ортақтастық. Иә бала қуанса әлем жадырайды емес пе?

Майра Ғаниева
21 қаңтар 2020 ж. 1 098 0