№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Құт қонған Қожакент

Құт қонған Қожакент

Озық ауылдың жеңісті жолының сыры неде? Мұның жауабын ауыл әкімі Асылбек Айтжановтан сұрадық.
– Шүкір, ауылымыз жыл өткен сайын ажарланып, гүлденіп келеді. Біз­де «Тәуелсіздік», «Бәйтерек», «Рә­­міз­дер» алаңы бар. Оған «Биг-Бен» сағатын қосыңыз. Биыл «Анаға тағзым» алаңын аштық. Қаншама бау-бақшамыз жайқалып тұр. Мұның бәрі ауылдың әлеуметтік деңгейінен хабар бермей ме? – дейді ауыл әкімі.
90-жылдардың басында қожакент­тіктер совхоздан іргесін бөліп, шаруа қожалықтар құрып, нарықтың заң­дылықтарына бейімделе бастады. Соның нәтижесі болса керек-ті, 69 шаруа қожалық, 257 жеке кәсіп­кер және 5 ауыл шаруашылығы коопе­ративі құрылып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттыруда.
– 1500 гектар күріш, 400 га мақ­­сары, 3500 га ескі және жаңа жоңышқадан тиісті мерзімінде мол өнім алдық. Төрт түліктің басы да жылдан-жылға артып келеді. Тұ­рақты өсімнің негізгі сыры – ауыл тұрғындарының ауызбіршілігінде, ең­бек­қорлығында, табандылығында жа­тыр деп ойлаймын, – дейді әкім.
Айтса-айтқандай, ауылға қай кезде болмасын ат басын тірей қал­саңыз, тынымсыз тірліктің тынысын аңғарасыз. Бос жүрген бір адам таппайсыз. Ортақ іске жұмыла кірісу дағдысы қалыптасқан.
Мұндай дағды-дәстүр елді мекен­нің қалыптасу кезеңінен бастау алатыны сөзсіз. Иә, Кеңестік кезеңде артель, ТОЗ болып құрылып, Октябрьколхозы болып іріленген кезде тынымсыз еңбек басталды. Еңбек май­данында шыңдалып, буыны бекіп, қабырғасы қатайған кеңшардан мем­лекет және қоғам қайраткерлері шықты. Бұл тізімді ұзын-сонар етіп жа­зуға болады. Сол қайраткер тұлғалар озық жолға сала білді. Міне, Қожа­кенттің жеңімпаздық рухының асқақ болуының басты себебі осы...
Тәлімді жолды жалғастырған қо­жа­кенттік қалталы азаматтар ортақ істен тартынып қалған кезі жоқ. Оның бір дәлелі, Жаңақорған ауданы мен Исатай Әбдікәрімовтің 90 жылдығын республикалық деңгейде дүркіретіп өткізді. Ауыл-аймақтан, өзге өңір­лерден құрметті қонақтар келіп, ақын­дар айтысын тамашалап, рухани сергіп қайтақанымыз әлі есімізде. Мұның бәрі ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен ортақ іске ұйыса білетінінің нәтижесінде орындалды...
Спорт кешені іске қосылды. Ауыл­шарушылығы өнімін өндіретін цехтар ашылды. Оның қатарына күріш ақтайтын диірменді қосуға болады.
Жалпы озық отыздыққа енуде ауыл­­дарды заманға сай дамыту міндеті тұр. Осы ретте, ауыл тұрғын­дарының экономикалық белсенділігін арттырып, кәсіпкерлік салаға ден қою маңызды. Сондай-ақ елді ме­кенді көгалдандыруға басымдық беріп, абаттандыру һәм санитарлық тазалықты реттеу керек. Қожакенттің үлгілі ауылға айналуын осындай жарқын істерден көруге болады.
Әсел РЗАЕВА
01 қараша 2020 ж. 322 0