№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ: БИЗНЕСТІ ЕКІ сиырмен бастады

ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ: БИЗНЕСТІ ЕКІ сиырмен бастады

Мал шаруашылығы халықтың сапалы тамақтануы мен иммундық жүйенің нығаюына ықпал етеді. Сондықтан болар, президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл тіршілігін жандандыруға пәрмен беріп, мал өсіруге ниетті жандарды қолдауда. Соның бірі «555600 теңге қайтарымсыз грант» әлеуметтік бағдарламысының басым бөлігін мал өсіруге бағыттап отыр. Міне, осы мүмкіндікті қалт жібермей, атакәсіпке бекінген жастың бірі Бесарық ауылының тұрғыны Нұрсұлтан Бақытұлы қос сиыр алып, кәсіп бастауда.
Қазақтың даналығында «тәуекел ет те тас жұт» дейді. Дұрысы, таудай істен тартынбауға бастап, бойдағы сенімсіздіктен арылтып, талап қыл дегені. Бүгінгі таңда тепсе темір үзетін жігіттердің «жұмыс жоқ» деп сылтауратып, төрт қабырғаның төрін бермей отырғаны қоғамда белең алды. Іс бастап, кәсіп игеруге пейілі де жоқ. «Мал-жан бақсам», «Кәсіп меңгеріп, пұл тапсам» деген ой көкірегінде тұншығып, талаптануға жоқ. Себебі, тәуекелділік жетіспей жатады. Осы орайда замандастарына үлгі ретінде жігітке тән нар тәуекелге бел буған Нұрсұлтан Серікбай туралы тоқталуды жөн көрдік. Ол 23 жаста ғана. Жап-жас өрімдей жігіт есік алдынан қора соғып, сиыр бағуды мақсат етті. Ізденіп, құжат тапсырып, ел қатарлы қайтарымсыз несие алуға талпынып көрді.
Бесарық ауылында 5 тұрғын осы бағдарламаның игілін көрсе, оның ішінде Нұрсұлтан Бақытұлы ең бірінші болып, қаржысын тиімді игеріп, 2 бұзаулы сиыр сатып алып, сүт өндіруге бел буды. Қос бұзаулы сиырдың күтімі мен жем-шөбін қамдап, қорада ұстап отыр.
–     Жыл басында жұмыссыздыққа тіркеліп, құжат тапсырдым. Кейін осы бағдарлама арқылы грант иеленуге болатынын айтқанда қуана келісіп, елмен бірге курста оқып, бағымды сынап көрдім. Көп ұзамай сәттілік серік болып, 555 600 теңгеге қол жеткіздім. Бұған ата-анам да қуанышты, – деді жас кәсіпкер.
Қорадағы азын-аулақ ұсақ мал мен қос сиырдың жайын жасап жүрген анасы Аягөз Кенебаева мемлекеттің ерекше қолдауына ризашылығын білдірді. Ол: «Отбасымыз үлкен. Сүт пен айранды күнделікті сатып алу үшін қомақты қаражат жұмсайтын едік. Енді өзіміздің сиырымызды сауып, айран ұйытып, құрт жасап, май айырып жүрмін. Қазіргідей ауырлау уақытта  нәрлі тағамдарды өз қолымызбен өндіріп отырғанымызға қуаныштымын, – дейді ол.
Ол кісінің шаруасына келіні мен қызы да көмектесуде. Алдағы уақытта осы кәсіпті кеңейтіп, мал басын арттырып, өнімді ұлғайту да ойларында жүр. Себебі, ауыл тұрғындарының арасында сүт пен айранға сұраныс жоғары. Сүттің литрін 150 теңге бағаласа, айран 200 теңгеге саудалануда. Түскен табыс күнделікті жем-шөбінің шығынын ақтайды.
–     Бала күнімнен ауыл тіршілігіне қанық болып, мүйізді ірі қараның толайым табысқа жетелейтініне көзім жетті. «Фермер» мамандығын жетік меңгеріп, алғашқы тәжірибені бастап отырмын. Алдағы уақытта ірі кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігінен көріп-білгенімді өз кәсібімде қайталап көрмек ойым бар, – дейді жас фермер Нұрсұлтан.
Түйін. Біз осы кейіпкер арқылы өңірдегі барша бауырларды кәсіп игеріп, ел қатарлы еңбек етудің түбі берекеге бастайтынын айтқымыз келеді.
Мақпал МАРҚАБАЙ
30 тамыз 2020 ж. 782 0