№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » «Күріштігіме қуанып барамын» дейді жаңарықтық жас диқан

«Күріштігіме қуанып барамын» дейді жаңарықтық жас диқан

Қиял теңізі қияға сілтеп тарих қойнауына жетелейді. 90 күннен астам суда тұрып өнім беретін күріш дақылы  Қызылорда облысының  бренді десек қателесе қоймаспыз. Сыр маржанының  алғашқы  егілгеніне де 83 жылдың жүзі болыпты. Алғаш аудан бойынша 300 гектар жерге дән себіліп, күзде одан 18 центнерден өнім алынғаны сол кездегі  аудандық «Екпінді» газетінде үрандатылып берілген екен.
Содан бері Сыр маржанын егудің сандаған технологиясы енгізіліп, күріш сорттарының да оннан астам түрлері жерсіндірілді. Егін жинау науқаны кезінде күріш сапасы мен өнімділігі артты.  Баяғы 18 центнердің орнына  гектарына  125 центнерден өнім алуға  дейін қол жеткізілді.
Міне көптен күткен егін орағы да басталды. Бірінші болып «Жаңарық» ауылдық округінде «Есен» шаруа қожалығы  күрішіне жатка әкеліп дестеге сала бастапты деген хабар тигесін барып көруді мақсат етіп  сонда ат басын бұрдық. «Аманқұл» тамына жақын жердегі шаруа қожалығы қорасынан ішке кіргеннен көзге түскені  сап-сары алқап, самал желмен ырғалған бітік күріш. Қора аузынан 4-5 шек ұзап кеткен жатканы көріп солай жүрдік. Күріштік алқап шетімен келе жатып байқағанымыз күріштіктің арасында қамыстың жоққа тән. Алдымыздан шыққан дембелше келген жігіт өзін қожалық төрағасы  Бақтияр Мадалиевпін деп таныстырды.
Жүріп жатқан жаткаға кедергі келтірмейік деп үлкен жаптың үстіне шығып тұрмыз. Бақтияр өздерінің осы шаруа қожалығын  2016 жылы ашқандарын, оған дейін 18-19 жыл ауылдың бір іскер азаматына өз пай үлестерін беріп сол 2016 жылға дейін өзінің сонда күріш еккендігін жеткізді.
– Өзіңіз білесіз, жеріміз сонау сексенінші жылдары инженерлік жүйеге келтірілген. Сол кездегі СПМК мекемелері «соқыр тауыққа бәрі бір» дегендей, толық тегістелмеген жерді бітірді деп кеңшар басшылығы қабылдап жіберген. Соның  салдарынан бұрынғы ұжымның көп жерінің өнімі ала болғандығын, ал ойқы-шойқы жерлердің бір жеріне су шығып енді бір жерлеріне су жетпей мерзімінен бұрын қурап кетуі салдарынан межелі өнімге қол жетпегендігін ел біледі. Жеріміз аудандағы егілген күріштің аяқ жағы болғасын  су де ерте тоқтап қала береді. Одан алынатын өнім де көңіл тоғайта қоймайды. Ал күріші нашар шыққан үлескерлер де  сенімен бірдей өнім алғысы келеді. Сондықтан күріш ротациясын ұстау маңызды. Реті келіп тұрғанда айта кетейін, ротацияны бұзу арқылы өзіміз зиянға отырамыз. Яғни сен ротацияны бұзып жоңышқа егудің орнына күріш ексең, ал көршің жоңышқа егіп жатса, оның жоңышқалығын сенің күрішіңнің ыза суы басып көршіңмен арақатынасың ушығады, Ренжісесің.   Осы жайларды  отбасымыз болып ақыл таразысына салдық. Атам Бегайдар да, әкем Нұрмахан да жас кезінде біраз жыл күріш еккен. Ал әжем Айжамал Рүстемованың есімі кезінде аудан мен облыс көлемінде танымал  болғанын жақсы білесіз – деді ол.
Иә, мен Айжамал апайды жақсы танитынмын. Алғашқы таныстығымыз аудандық Кеңес атқару комитетінде жүрген жетпісінші жылдардың  ортасында болатын. Ал Айжамал Рүстемова сол кездегі  ауданымыздағы атақты күрішші Қамар Үсенбаева, Айымтай Әжібаева мен Зүбайра  Оспановамен қатар жұмыс істеді, еңбектері елеулі дихан  болды. Аудандық Кеңестің депутаты,  аупарткомнпың  бюро мүшесі ретінде жиындарға   жиі қатысатын.  Аққұба өңінен мейірім шуағы төгіліп тұратын Айжамал апайдың «Жағдайың қалай інім, отбасың аманба» дейтін қоңыр дауысы күні кешегідей есімде.  Жолдасы  Бегайдар Мадалиев те  кеңшардың мықты күрішшілерінің бірі еді. Енді міне «Алтынның сынығы, асылдың тұяғы» деп бабалар айтқандай,  енді олардың немересі да ата жолын қуып атасының ақ кетпенін ұстап   диқаншылыққа бет бұрыпты. 
«Тақыр жерге тал шықпайды» деген бабаларымыздың  даналық сөзі бар. Біздің де бүгінгі мақаламыздың кейіпкері белгісіз жерден пайда болған жоқ. Ол сол атақты күрішші Айжамал Рүстемова мен Бегайдар Мадалиевтің  немересі Бахтияр Нұрмаханұлы. Кішкентайынан оны Айжамал әжесі бауырына басыпты. 3-4 жасынан қасына ертіп күріштігіне апарып, сондағы дала қосында қонып қалып жүріп ержетіпті. Есейе келе әжесіне қолқанат болған Бахтияр бейнеткеш болып өсіпті. Бахтиярды баласынбай оған күріш туралы, оны егу мен суға бастыру, қалай су алу мен ескі суды қайда жіберу керектігін ерінбей-жалықпай үйретіпті.
Менің қиянды шарлап кеткен ойымды Бахтиярдың дауысы қалпына келтірді:
– Сол 2015 жылдың күзінде «Ортақ өгізден – оңаша бұзауым» дегендей дербес шаруа қожалығын ашуға пәтуаға келдік. 2016 жылдан бастап өз қожалығымызда еңбек етіп келеміз. Аға, білесіз бе, кейде түсімде  Бегайдар атам мен Айжамал әжемді көремін. Ылғи да ақыл кеңес беріп  жүреді.  «Ақ күріштің атасы» атанған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың  рекордын жаңартушылар қатырында «Задарья» кеңшарының озық күрішшілерінің бірі әжем  Рүстемова Айжамал  тұңғыш рет еккен күрішінің әр гектарынан 100 центнерден «Сыр маржанын» жинауға қол жеткізіпті. Кеудесіне орден тағып, сыйға жеңіл автокөлік мініпті. Өткенді неге ежіктеп кетті дей көрмеңіз. Менің де атам мен әжемдей Сыр маржанынан мол өнім алғым келеді.
Жасым онға жетер-жетпесте атам мен әжем қастарына алып жүретін. Яғни күріш егу,  суға бастыру мен күтіп баптауды  ерінбей үйретті. Атам мен әжем дүниеден өткеннен кейін қалғанын әкем үйретті. Содан да ма екен,  таңертең ерте күріштігіме асығамын, егіс алқабына жеткенде соншалықты қуанамын. Күріштің бітіктігі мен дәнінің толықтығына қарап жүрегім, бүкіл болмысымды қуаныш кернейді. Ертеңгі күні менің осы күрішімнен мыңдаған жан ауыз тиетіндігін ойласам, елге қажет екендігімді бар болмысыммен сезінемін. Сондықтан күнделікті келгенде күріштің суының толық болуын бақылап, дер кезінде үстеп қоректендіру жүргіземіз.  Соның арқасында дербес шаруа қожалығын ашқалы бері  жаман өнім алып келе жатқан жоқпыз. Ауыл әкімінің айтуымен жылда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылары мен жалғызбасты қарттарға көмек үшін қайрымдылық шараларына өз үлесімізді қосып келемін.
Жыл сайын жер айдағанда арнайы «длиновазбен» жерді тегістетіп отырамыз. Сондықтан болар, күріштігімде су баспайтын жер жоқтың қасы. Биыл да 23 гектар жерге «Сыр маржанын» тастадық. 7 гектар жерде ескі жоңышқамыз бар, оны екі орып алдық.  Міне көріп отырсыз, бүгін күрішке жатка түсті. Енді ауа райының сәті түссе оншақты күнде дән жейтін комбайн келеді. Күріштігімді көрген үлкендер 80-90 центнерден өнім түсетіндігіне сендіріп кетті. Сондықтан жыл бойына майға, тыңайтқышқа  кеткен шығындарымыз,  бюджетке берілетін су мен салықтың қарыздарынан құтылатын боламыз, – деген жігіт комбайнның артында қалып жатқан дестенің қомақтылығына  қуана қарап, риза кейіпте жымиып қойды.  
Егістіктің екінші шетіне ұзап кеткен жаткаға алаңдаған Бақтиярмен қоштасып, рұхсат беріп, өзіміз де қайтуға бет бұрдық. Көзалдымда күріштік алқап самал желмен көңілді ырғалғандай ал егіншінің  шаттыққа толы көтеріңкі  көңілінен де мол сенімділікті көргендейміз.
                                                                    
Ерубай ҚАЛДЫБЕК,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
30 тамыз 2020 ж. 807 0