Өзің ауырып шықпайынша сенбейсің
Жаһан жұртының үрейін ұшырған коронавирус инфекциясымен жағаласып енген жұқпалы дерт жақсы, жаман деп бөліп жатпай, талай аяулымызды қармағына ілді. Алайда бұл аурудан айыққандар да жоқ емес. Солардың бірі – құрметті ұстаз, ақылшы әке, мәслихат депутаты Серік Абдуллаевтың айтары бар.
– Шынымды айтсам, бастапқы кезде аурудың симптомдарын байқай қойған жоқпын. Тамақтан ұшынған шығармын деп ойлап, үйден ем алдым. Алайда қатты мазасызданып, дене қызуым 38,5 болғанда өкпемді рентгенге түсірмесем болмас деген шешімге келдім. Нәтижесінде өкпенің қабынуы, пневмония деген диагнозбен аудандық провизорлық орталыққа ем қабылдауға жаттым, – деп бастады әңгімесін.
Оның сөзінше, аурудың қай түрі болмасын адамға уайым тудырады. Ал мынадай қауіпті індет әлем елдерін әбігерге салып жатқанда тағы бір ауру түріне шалдығу қорқынышты. Біреу сенсе, біреу сенбес ауруханада жатқан бастапқы үш-төрт күнде болашаққа деген үмітін үзгендей болыпты. Білікті де білімді ақ халатты абзал жандардың арқасында өмірге қайта келіп, күнделікті тағайындалған ем нәтижесінде денсаулығы реттеліп, қалыпты жағдайға оралғанын тілге тиек етті.
Ауруханада өткен әр күні уайыммен өткен кейіпкеріміз қарусыз майданда жүрген антына адал дәрігерлер мен Ерғабит Ильясов басқаратын ұжымға алғаусыз алғысын да жасырмады. Иә, адам өміріне араша болып, ауруханаға жатқан сәттен бастап үнемі бақылауда ұстап, күн-түн демей қызмет атқарған дәрігерлердің еңбегі ерен. Үрей мен қорқынышқа бой алдырған әр науқаспен қарым-қатынаста психологиялық, моральдық тұрғыда демеу көрсеткен бұл ұжым өмір сүруге деген үмітті оятқандай.
– Бір палатада үш адам болып жатып ем қабылдадық. Бастапқы кезде жағдайымыз ауыр болды. Бірін құрғақ жөтел қысса, бірі дәм, иісті мүлдем сезбеді. Қасымда жасы үлкен қария жатты. Ол кісінің бұрыннан жүрегі мазаласа, мына індет одан сайын жағдайын мүшкіл халге түсірген еді. Қатты уайымдадық. Әуелі Алла, екінші дәрігерлердің науқасты балаша мәпелеуінің арқасында өмірге деген құлшынысымыз артты. Олар тек дәрімен ғана емес, жылы сөздерімен емдеп шығарды. Мен секілді қаншама науқастың құлан таза айығуы жолында аянбай еңбектенген осы орталықтың дәрігері Рәбила, Тимур, Жасұлан, Арайлым, Меруерт, Маржан және төрт мезгіл құнарлы дәм дайындаудан шаршамаған аспазшы кісілерге мың алғыс. Ең бастысы мені олардың соңғы науқас сауыққанша ауруханадан шықпаймыз деген адалдықтары тәнті етті, – дейді кейіпкеріміз.
Өмірге деген құштарлық – бұл індетті тұралататын бірден-бір күш екен. Ауруына жасып, төсектен тұрмай жатып алу – жеңілудің төте жолы. Дене жаттығуларын көп жасап, өзі ауруханада жатса да көңілдің жарқын, болашақта жазылып кетемін деген сенімде болудың маңызын да айтты.
Денсаулықтың қадірін ауырғанда ғана түсінетін жандар үшін таза ауада жаяу жүру мен салауатты өмір салтын ұстану маңызды. Осыны ескеріп қазіргі уақытта 2-3 сағат сайын тыныс жолына арналған жаттығулар жасап, жылы су мен саумал, қымыз ішуді әдетке айналдырған.
Жиырма төрт сағат бойы, он күн қатарынан арнайы қорғаныш киіммен жүру, отбасы қасында болса да бара алмай қызметін адалынан атқарған дәрігерлердің жұмысы пандемия кезінде оңай болмады. Өлім мен өмір ортасындағы ғұмырын Гиппократ антына адал жандардың қолына сеніп тапсырған Серік ағайдың бар арманы осы індетті жеңіп шықсам деген ой болды. Осы арманына медицина мамандарының қолдауымен жеткеніне қуанады.
Ауруханадан шығып үйіне жеткенше көшеде бейқам жүрген кісілердің әрекетіне таң қалғанын айтып қалды әңгімесінде. Қаншама ауданымыздың азаматтары мен республикамызға белгілі тұлғаларымыз осы індеттен көз жұмып жатқанда адамдардың алаңсыз жүргені бей-жай қалдырмаса керек. Жалпы әр адам басынан өткізбей қауіп-қатердің қандай болатынын сезінбейтінін айта келе, бұл індеттің өте қауіпті екенін, сақтану үшін үкімет енгізген тәртіпке бағыну керектігін қоса айтты.
Лаура БИБАСАРОВА