№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Бүгінгі күннің батыры

Бүгінгі күннің батыры


Коронавирус жаһан жұртын үрейлендіріп тұр. Сын сәтінде медицина мамандарының қызметіне тәуелді екенімізді мойындау керек. Осындай жауапкершілік жүгін арқалаған ақ халатты абзал жандар бұ күнде халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Нәтижесінде қауіпті індеттен жазылғандар саны артып келеді. Игілікті іске аудандық жұқпалы аурулар бөлімшесінің мейірбикесі Баян Исмаилова да үлес қосуда

Қазір медицина саласының қыз­меткерлері оқ пен оттың ортасында жүр­ген жауынгер іспеттес. Күні-түні қызметіне адал жандар індетті жұқтырған нау­қастардың сауығып    кетуіне күш-қайратын сарп ету­де.
– Біз үшін ең бастысы адам жа­ны­­ның амандығы. О баста осы кә­сіпті таңдағанда, әр азаматтың денсаулығы үшін күресеміз деп ант бер­генбіз. Осы міндетті адал атқару басты мұратым, – дейді кейіпкеріміз.
Ол медицина колледжін бітіргеннен кейін еңбек жолын аудандық ауру­ханада дезинфектор болып бастады. Осы жолда 20 жылға жуық жұмыс жасайды. Ал соңғы екі жылдан бері жұқпалы аурулар бөлімшесінде мейірбике қызметін атқарып келеді. 
– Күнде «Біз біргеміз. Біз жеңеміз!» ұранымен жұмысты бастаймыз. Алға­шында науқастар бізді танымайтын. Өйткені қорғаныштық киімнен түр-жүзің көрінбейді. Бірақ уақыт өте келе дауыс арқылы танитын болды. Нау­қастар жазылып шығып, алғысын білдіргенде еріксіз көзге жас аласыз. Бұл – жеңістің, қуаныштың көз жасы. Ал індетпен күресіп жатқан науқастарды психологиялық тұрғыда қолдап, көңіл-күйлерін түсірмеуге мән береміз. Бұл – оңай іс емес. Тәнін емдеуден бөлек рухын асқақтату да біздің міндетіміз. Соны қалтқысыз атқаруға береміз, – дейді Баян Жұмаділлақызы.
Жұқпалы аурулар бөлімшесінде ағайын-туыстан, бала-шағадан жырақ­тап, қызмет етіп жатқан басқа да медицина мамандары бар. Олар әр ауысымда 12 сағаттан жұмыс істейді. Баян Исмаилова екі ұл мен екі қыздың анасы. Кіші ұлы небәрі 3 жаста болса, үлкені Хасен ана жолын қуып, медицина мамандығын таңдаған. Қазір Алматы қаласына қарасты Жетісу ауданындағы №7 жедел-жәрдем станциясында фельдшер болып жұмыс жасайды. Әңгімелесу барысында ұлының да дәл өзі сияқты карантиндік режимде үйден жырақта жұмыс жасап жатқанын білдік. Ал жетінші сыныпта оқитын қызына №125 мектеп тарапынан қашықтан оқуға арнайы компьютер беріліп, азық-түлік жағынан көмек көрсетілсе, әкімдік тарапы Wi-Fi орнатып берді.
Бүгінде күллі әлем дәрігер, мейірбекелер мен санитар қызметкерлерді жұқпалы індеттен құтқарушылар деп біледі. Осы ретте олардың қызметін лайықты бағалау керекпіз. Сол себепті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі оларды бейбіт күннің батырларына теңеді. Сонлай-ақ қауіпті сырқатпен соғыстың алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлерге барынша жағдай жасауды жүктеді.
– Жарымның қызметіне адалдығын білемін. Халық денсаулығына жауапты болғаннан кейін оның жұмысына түсіністікпен қараймын. Індет жұқтырғандар аман-есен жазылып, отбасына оралса, медицина мамандары да отбасымен қауышатыны анық. Сондықтан індетті тез арада еңсеруді тілеп отырмыз. Баян балаларымен ұялы телефон арқылы сөйлесіп, көңілдерін барынша аулауға тырысқанымен, кішкентаймыз түн ортасында анасын іздеп, жылайтыны бар. Алайда жақсылықтан үмітімізді еш үзген емеспіз, – дейді жары Қуаныш Сердалиев.
Ақ халатты абзал жандар жүрегі қалаған мамандықтарына адалдық танытып, сонымен қатар қорқыныш пен үрейді жеңіп, шаршағандарына қарамастан, жерлестерінің саулығы үшін барын салып жатыр. Оларға індетті жұқтырған науқастармен күнделікті араласу, стационарларда тәулік бойы кезекшілік атқару, әріптестеріңнің вирусқа шалдыққанын көру психологиялық тұрғыдан өте ауыр. Алайда антына берік жандар қаншама қиыншылықты бастан өткерсе де қызметіне адалдық танытудан еш шаршамақ емес.

Лаура БИБАСАРОВА
28 сәуір 2020 ж. 1 661 0