№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жарық өмір сақшысы

Жарық өмір сақшысы

Жан – Жаратушы Иенің жер бетіндегілерге тарту еткен ұлы аманаты. Оған жауапкершілікпен қарамаудың салдарынан жазымға ұшырап, жапа шеккенде қу жанымызға қорған табар Құдыреті күшті Құдайдан кейін жанашыр бір тұлға бар. Ол – дәрігер.
Осынау аса қайырымды қадір – қасиеттің дәнін буыны қатпаған балапан шағынан сәби санаға орнықтырып, періште пейілмен тербетіп жетілдірген жеткіншек сол талапты тас қып ұстанып, талабынан танбағанда ғана киелі кәсіптің кемел мұратын түбінде бір бағындыра алады екен.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – нақ осындай тұлға. Әкесі – Әмитұлы Егенберді өзінен кейін туған екі бірдей бауырын көктей жұлып кеткен кеселге дәрменсіз күйіне көкірегі қарс айрылып « қайтсем де дәрігер болып, сырқаттарды емдеп жазамын » деп өз-өзіне серт берген екен. Сол жолда оқып-тоқып, бүкіл саналы ғұмырын өзі туып-өскен туған жер халқының саулығы мен сәлеметтігі үшін жұмсап өткен үлкен жүрек иесі еді. Өзінен өрбіген ұл – қыздың тәлім-тәрбиесін жан – жары, мамандығы мұғалім Дариха Әлібекқызына сеніп тапсырып, ал өзі жарғақ құлағы жастыққа тимей, күндіз-түні өмір мен өлім арпалысы толастамайтын қасиетті қабырғаның қалқаны бола білді. Алғашында аудандық өкпе ауруларымен күрес мекемесін, одан соң аудандық аурухананың аяғынан тік тұруына телегей-теңіз үлес қосты. Осындай мейірлі жүректің ұлық мұраты қаны бір ұрпақтың жүрегіне де ұшқын боп қонып, бір арман, бір мақсатқа тілсіз ғибратпен жетелеп, өмірлік бағдаршам болып келе жатқанына оның медицина саласындағы ізгілікті соқпағын адалдықпен жалғап келе жатқан ізбасарлары – Тәңірбергенінің, Нуриддинінің, Саидасының дәрігерлік жолды таңдауы дәлел.
Міне, осы дәрігерлер династиясы – Әмитовтер әулетінен Егенбердіұлы Нуриддиннің кешелері Қазақстан Республикасы Мемлекеттік наградасы – «Парасат» орденімен марапатталғанының куәсі болдық.
Өз егемендігіне қол жеткізген еліміздің экономикалық және мәдени дамуына зор үлес қосқан ғылым, ағарту, денсаулық,өнер мен мәдениет қайраткерлеріне тағайындалған құрметті награданы бұл жолы Сыр бойы денсаулық сақтау саласында дара иеленіп отырған ол ардақты әкенің жарқын үмітін жүз пайызға ақтай алған өмір жалғасы, атаның ғана емес, туған халқының ортақ арқасүйері және таяныш санар парасатты перзенті екенін шын танытты.
Нуриддин Егенбердіұлының еңбек жолына қысқаша тоқталып өтейік. 1985 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түскен ол осы жылы әскери борышын өтеу мақсатында Кеңес армиясы қатарына аттанып, екі жылдан соң оқуын қайта жалғастырады. Еңбек жолын облыстық ауруханада дәрігер –хирург болып бастап 2002–2009 жылдары облыстық медициналық орталық басшысының жедел хирургиялық бөлімшесінің, одан соң жоспарлы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болды. 2009–2018 жылдар аралығында орталық директорының хирургия жөніндегі орынбасары, 2018 жылдың наурыз айынан бастап көпбейінді облыстық аурухана директоры қызметін атқарып келеді.
Білікті хирург–дәрігердің отыз жылға жуық мерзімде қанша ота жасағаны жөнінде нақты статистика түзбегеніне, оның ішінде ең бір есте қалған оқиғаны да айтып беруді қаламайтынына қарап оның соншалықты қарапайымдылығына тағы да тәнті бола түсесіз. Ал шындығына келгенде, ауыр жағдайларда жедел жәрдем көлігімен де, санавиациямен де жауын – шашын, қарлы боранға да қарамай бастан өткерген жанкешті сәттердің талайы тарихқа айналды. Кәсібіне адал жауынгер оның біріне де қабақ шытқан емес. Тіпті бұл оған тағдырдың жүктеп қойған міндеті сынды. Ал түптеп келгенде, бұл хиқметтің астарында салиқалы ұрпаққа тән сабақтастық ақиқаты жатыр.
Күн сайын денсаулық күзетінде , өмірдің қайнаған бел ортасында кәсіби ізденісін шыңдаудан жалықпайтын маман басқарған мекемеде жаңашылдық та көп. Бұл медициналық орталықта қызмет істейтін 1800-ге жуық дәрігерлер мен медқызметкерлерге қойылар талап та осындай. Әрбір маман үздіксіз білімін жетілдіріп отыру қажет. Осы мақсатта орталық қызметкерлерінің АҚШ. Жапония, Франция, Ресей, Қазан қаласында шеберлік сыныптарында тәжірибе алмасуына нақты жағдайлар жасап берді. Орталықтың медициналық сауықтыру әлеуетін арттыру мақсатында Оңтүстік Кореяның Сеул қаласындағы беделді клиникасымен тұрақты қарым – қатынасты жолға қойған басшылықтың инициативасы оң нәтижесін беріп келеді екен.
Ол 2016 жылдан Қызылорда облыстық мәслихатына №29 Түгіскен сайлау округінен VI шақырылымына депутат болып сайланды. Халық қалаулысы облыстық мәслихаттың әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының белді өкілі ретінде қоғамның жаңарып, қарышты дамуына қажырлы қызмет етіп келеді. Ол осы жылдары туған жердің игілігіне жоспарлы бағыт түзген бағдарламалардың іске асуына мұрындық болды. Атап айтқанда, Келінтөбе-Қандөз-Көктөбе 47 шақырымдық автожолының жөнделуіне, аймақтың елді мекендерінде мәдени және дәрігерлік сауықтыру нысандарының жаңа құрылыстарын жүргізуде депутаттық мандатын мейлінше мінсіз атқара білді.
Біздің көкірегімізде сайрап тұр, сала майталманы саяси науқан алдында сайлаушыларман кездесулер өткізді. Елді мекендерді аралағанда қасына еріп жүрген ел ағалары Нуриддин Егенбердіұлын екінің бірі жанына жақын тарта жылыұшырап, қолын қусырып, жанұясына дәм татып кетуге қиылып өтініш жасағанының куәсі болды. Кезінде жанына жақын адамының өміріне араша болған атпал азаматқа деген құрметті көбінің жанарындағы мөлтілдеген жастың өзі ұқтырып тұр. Оның көпшілігі қарбаласта жүретін еріңнің есінен шығып та кеткен, көбінің есімін де ұмытыпты. Бірақ жақсының жақсылығын көрген қалың ел азаматын төбесіне қойып сырттай болса да үнемі тілектестікте жүреді. Азаматқа бұдан артық бақыт бар ма?
ТҮЙІН. Өзінің ұйғарымымен күрделі операцияларға жиі қатысатын білікті басшыны кабинетінен таба алмай, ізінен еріп көріп едік, үлгере алмадық. Жаратқанға сыйынып, жан аямай тер төгер ота бөлмесіне асыға бет алған абзал жанды қараңғы дәліз бойымен қалықтап ұшып бара жатқан аққанатты періштеге ұқсаттық. Осынау ақ-адал қалпынан танбай, парасаттың биік шыңынан көріне бергей деп күбірледік іштей. Елдің шынайы тілегі де осы. 
Баян ҮСЕЙІНОВА
08 шілде 2020 ж. 601 0