№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Әке арманын ақтаған

Әке арманын ақтаған

   Жұмабектің бала кезінде анасы Қалдыгүл сары аурумен ауырып Шиелінің ауруханасында жатқаны есінде. 26-разъезде теміржолшы болып істейтін әкесі оны анасына алып барды. Бері шығуға рұхсат жоқ, аурухананың төрт бұрышты жақтауына кеп, төменге қолын созып, ұлын көтеріп алған қайран ана екі бетінен алма-кезек сүйді. Сырқат деген тажалдың ең аяулысының да арасын бөліп тастап, зарықтырарын сезген сәби көкірегі қарс айрылып, жүзін тарам-тарам жас айғыздаған. Дерт атаулының шипасын тауып, адамдарды аурудан құлан-таза айықтырсам деген тәтті қиял осы күннен бастап жас өскіннің жүрегіне өшпестей орнықты.
  Қызылорданың медучилищесін тәмамдаған бозбала 1962 жылдары Бірлікке жіберілді. Ауылдағы жалғыз акушерка Бибіш апаның қасында қолқанат болды, одан әрі Қауықта фельдшер болып жұмыс атқарды. Ата-ананың да көңілі хош, жалғыз ұлдары көз алдында, алатын айлығы 45 сом кө-ө-өп ақша. Бірақ, мұның біріне қанағаттанбаған жас талаптың есіл-дерті – оқу. Алдымен ата-ананың «бізге келін түсіріп бер» деген тілегін орындап, өмірлік серігі Тасбикені ақ босағаға ендірді. Өзі Алматы мединститутына жол тартты. «Менің болашақ жоспарыма қарсы емессің бе?” деп жан-жарынан бір ауыз бұл да сұрамады, “мені тастап кетпексің бе?” деп ол да айтпады. Ата-ененің қабағын бағып, осы үйдің шаруасын дөңгелетіп жүре берді. Ол кездегі тәрбиенің құдыреті осындай еді. Ал бүгін... ері бұл кісінің қабағын бағып, алақанына салып отыр. Екі сөзінің бірі «ата-анам қатты риза болып кетті, тіпті келінін менен артық көрді. Сосын мен бұған қалай разы болмайын».
Жұмабек Сейтмұратұлына институттан соң Алматыға қалуға мол мүмкіндік болды. Әке-шешесі 6 мың сомға үй алып берген. Келіндерін де Алматыға жіберіп, техникумға оқуға түсірді. Ал студент Жұмабектен көп үміт күткен ұстазы Төлеутай Хасенов жұмыс орнын да дайындап қойған еді, келешек ізін басар ғалым тәрбиеледім деп сенді. Тек туған әке қалауымен елге қайтуға мәжбүр болған ерлі-зайыптылар қарашаңырақтың түтінін жалғады.
Бұл қадамына ел алдындағы азаматтық парызы өтелгендей болған өзі өкінбейді, ал қалың елі бұл кісіге көп қарыздар.
    Жұмабек ағай өзгелер жүрегі дауалап қатарынан бірнеше жыл тұрақтай қоюы қиын аталмыш бөлімді осынша жыл абыройлы басқаруы өз алдына сырқаттарды сауықтыруда оған тылсымнан әсер ететін рух күштері дем беретіндей ме, жоқ өзіндік оқу, тоқу тәжірибесінің молдығы ма, әйтеуір жүрек үніне терең ден қойып, жасаған ем-домы текке кеткен емес. Тамыр ұстап қойған диагнозы да дәл келіп жатады.

Дәрігер – өмір бойы
ізденуі керек


Жұмабек ағайдың алдын көрмеген аудан тұрғындары жоқ есебі. Өйткені ол кісі өз бөлімінің арнаулы дәрігері ғана емес, балалар бөлімі, емдеу, тіпті жансақтау палаталарына арнайы кеңес алмасуға шақырылып, талай күрмеулі сұрақтың кілтін тапқан сәттері аз емес. Бұл жерде білімпаз дәрігердің кітаптан кітап қоймай оқитын ізденімпаздығы, Ташкентке, Ереванға, Алматыға сан мәрте оқуларға барып, іс-тәжірибесін жетілдіруден танбаған өз кәсібіне деген шексіз құштарлығы жатыр.
– Кезінде «Совет медицинасы» журналын, педиатрия, клиникалық медицинаға байланысты оқулықтарды арнайы тапсырыспен поштадан алып отырдым. Бізді аға буын осылай тәрбиеледі. Мен де ізімді басқан талапкерлерден осыны талап еттім. Тәжірибемді алып қалуға талпынған інілерім өздері емдеп жатқан науқастарына менен кеңес алып отыруға арланған емес. Осы ретте Жапаров Тимур, Әмитов Тәңірберген, Баешов Рүстемнің ықыласты ізденістеріне тәнтімін, кісі одан кем болмайды, ізденіс – келешек өсудің, жоғары сатыға көтерілудің кілті.
«Ести-ести шешен боласың , көре-көре көсем боласың» деген бар. Осы менингит дегенге бұрын ауданда ем жасауға рұқсат етпейтін. Талай науқас сәби облысқа жетпей жолда шетінеді. Алғаш қолға алып, өзім ем жасап көрдім. Ем-домым нәтиже беріп, науқастың беті бері қарады. Содан бастап жиырма жыл өзіміз жүйелі түрде сырқаттарды сауықтырып келеміз.
Қазірде кадр көп, сапа жоқ. Портал деген мәселе күрделілігі сондай ауруханаға жетпей жантәсілім ететін жағдайлар көп. Ауруханаға орналасқаннан кейін де емді толық алмаған жағдайда ол толық жазылмай күрделі ауруға ұласып кететіні бар. Дәрігер біліксіздігі – бәрінен қауіпті. Мені осы мәселелер ойландырады, – дейді ол.
Әкесі Сейтмұрат бала кезінен құлағына: Дүниені қума ілімге, білімге ұмтыл деп насихат етті. Бұл бұлжытпай осыны орындады. Әкеден бір ұл, 6 қыз еді. Өз кіндігінен де 1 ұл, 6 қыз өркен жайды. Барлығы да жоғары білімді мамандар. Ұлы Қожабек – аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет атқарса, келіні Ләззат орталықтағы №125 мектебінде мұғалім. Қыздарының барлығы мұғалімдік жолды таңдапты.
Білікті дәрігер тәжірибеге сүйенумен қатар жаңа препараттарды қалт жібермей қадағалап отырады. Дәріханаларға соңғы түсіп жатқан дәрілер атауын жіті зерделеп, көрсетілімдерін іс жүзінде қадағалап, жүйелі ізденуден танбайды. Ал жекелеген фирмаларға онша ықыластық таныта қоймайды екен.
Бүгінде Сейтмұратов Жұмабек ағаның есімі жалпақ жұртқа мәлім. Кеселіне ем таппай үміті кесілген бір кісілерді емдеп, жазыпты дегенді де естіп қаламыз. Сондықтан ба, сексенге жақындаған аға есігіне әлі тыным жоқ.
Жер бетіндегі қасірет атаулының барлығы табиғи болмыстың қайшылығынан туатынын түйсінген шипагер сырқаттың сырын аңдап, тылсыммен тіл табуда бүкіл ғұмырын сарп етуден жалыққан емес. Шипагерлік баян, ғұмырлық ізденіс, денсаулық күзетшісінің санасында мәңгі толастамайтын майдан сынды. Ал есігінің алдын гүлге жайнатып, жүзім, бау-бақшаға көмкерген бағбандығы еңбексүйгіш, ақпейіл ағаның екінші бір қыры.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
03 қараша 2018 ж. 969 2

Гость Jeahulalf от 12 ақпан 2019 01:06
Propecia Eficacia How Much Is Zithromax Dapoxetina Serotonina cialis Detrol

Гость Jeahulalf от 4 наурыз 2019 05:25
Canadian Cialis 5 Mg comment acheter cialis internet Viagra Vendita In Italia Orlistat Generique Xenical Buying Celebrex In Mexico