№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Шөптің бағасы шарықтап тұр

Шөптің бағасы шарықтап тұр

  Күннің қызуы жер бетіндегі өсімдік атаулыны күйдіріп барады. Таудағы төрт түліктің жайы белгілі ғой! Ал Сырдағы мал ше? Өзен жағалап, тоғайды тасалап жүр. Мейлі ғой, ыстық күндер де өтер. Жазғы ыстық қыста суық болып келеді. Мұны көнекөз қариялар айтады. Ал ондай кезде шөптің қоры болмаса көз алдындағы малынан айырылып қаласын.
Қысқасы, қысқа шөп қорын жинау маңызды. Біз осы жөнінде зерттеп көрдік. Ол үшін шөптің бағасын біліп, нарықты бағамдадық.


Жаз да бітер, қоңырқай күз де келер. Қылышын сүйретіп, қаһарына мініп қыс келеді артынан. Оңтүстіктің қысы қатты болмаса да, қыстың аты қыс. Осы мезгілге қаншалықты дайынбыз? Қорадағы тұяғыңыздың жем-шөбін қалай? Алғашқы орымнан алып қалдыңыз ба? Жоқ, әлі де болса күздік орымнан үміттеніп отырсыз ба? Базар бағамы қандай? Қыстан қиналмай шығуға шама шарқыңыз жете ме? Осы тақырыпта ой өрбітсек...
Ауыл тұрғындарының да негізгі тақырыбы осы жайында. Өйткені, көктемгі еңбегі, қыстық азығы. Сырдың жағасына қоныстанған ауыл тұрғындарының дені егіншілікті кәсіп еткен. Ерте көктемнен кірісіп, ала жаздай егістіктің басы-қасында болып, күзде бір-ақ тыншиды. Күріш пен жоңышқа, жүгері мен бидай егуді әдетке айналдырған диқаншылар бұл жылы да жылдағы межеден айнымапты. Десе де, жоғарыдан судың аз болатыны жайлы шаруашылықтарға ескертілген екен. Біз Жаңарық ауылдық округіне қарасты «Атымтай» шаруа қожалығының төрағасы Әуезхан Құрбанбековпен хабарласып мән-жайға қанықтық.
– Биылғы жоңышқаның бірінші орымы орылып болды. Бағаның жылдағыдан қымбат болуының бірден-бір себебі, ауылшаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектері сырттан тасымалданатындығында. Содан кейін орамды байлайтын пресс жібі де жылдағыдан қымбат. Оған аяқсудың көтерілгенін қосыңыз. Егістік басында жұмыс жасайтын техникалардың бағасы да біршама өскен. Осының барлығы бағаның көтерілуіне себеп болды, – деді төраға бізге бәрін егжей тегжейлі түсіндіре.
Жылдың үш мезгілі диқаншылар үшін нағыз қарбалас шақ. Егіні жиналмай, қорасы қамбаға толмай тыншымайтын ауыл еңбеккерлері үшін қыстық мал азығының өздерінен шығатыны көңілге қуаныш ұялатады. Бір тұяқтың айына 25-30 пресс шөп жейтінін, қысымен малдың жайылымының аз болатынын ескерсек шынында да қапы қалмай қамдануымыз керек-ақ.
Айта кетейік, топырақтың құнарын сақтау және арттыру, тұрақты мол өнім алу мақсатында дақылдарды алмастырып отырудың маңызы зор. Дақылдарды алмастырып еккенде жердің құнарлылық деңгейі артатыны белгілі. Егіншілер ауыспалы егіс бойынша үш жыл жоңышқа егетін болса, екі жыл күріш егумен айналысады.
Бірінші орылған жоңышқада барлық табиғи шөп болғандықтан да кейінгі орымдарға қарағанда арзандау. Сондықтан мал ұстайтындардың көбі бірінші орымнан қыстық шөбін алуға тырысады.
Ал біз кенттегі шөп сатып тұратын тұраққа келдік. Бір көлік келіп, бірі кетіп жатыр. Біз де шеткері тұрған көлікке жақындап:
– Саламатсыз ба? Жоңышқа қаншадан болып жатыр?– деп сұрадық.
– Пресі 420 теңгеден. Көп алсаңыз 410-нан беруге болады.
– Былтырғыдан қымбат сияқты. Себебі неде?
– Иә, былтырлары 300-350 теңгеден тасығанбыз. Шөпті артуына да біраз ақша төлейміз, оны әкелуі бар. Бізге қалатыны шамалы-ақ.
Шынымен алып-сатарға кінә таға алмайсың. Ол да бала-шағасының қамымен жүр.
Жастайынан жетімдікті көп көрген Жарқын Достайұлы болса, жылдағы сиыр бағудан қолын босатып, биыл жүгері егуді қолға алыпты. Жүгерінің дәнін жем, паясын шөп етпекші. Алда малмен айналысуды да жоспарлапты.
– Ес білгелі, басқаның малын бағып келемін. Ешкімі жоқ дей ме, ақысын да дұрыс бермейді. Кейбір обал-сауапты білетіндері ғана там-тұмдап өлместің қамын жасайды. Былтыр бір табын сиырды егесіне өткізіп жатқанымда, пай үлесіме бір қара, бір жылқы тиді. Сосын шамалы ақша берген. Сол қаражатыма жүгері егіп, кәсіп бастамақпын, – дейді бізбен әңгімесінде.
Жүгері егістігінің аяқ жағына қауын да еккен екен. Онысы пісіп елге сатса ақша, ал өтпей тым арзан сұраса, кептіріп қыстық мал азығы етпекші. Қауынның малдың семіруіне күшті әсері барын да айтпаса да түсінікті. «Өзімнен артылып жатса қауынды да сатпақпын. Іріген, шірігендері болса да мал бордақылайтындар қоймай алып кетеді» дейді.
«Малдыбай» шаруа қожалығының төрағасы Бағдат Қыдырбаев: – Қожалықтың негізгі кәсібі мал шаруашылығы. Биыл бидай мен жоңышқа егуді қолға алдық. Қыстық азығымызға қазірден кірісіп кеттік. Егінің бітік шықса жақсы, қысты уайымдамауға да болады. Мал асырасаң азығы өзіңнен шықса Ал сырттан сатып алсаң шығының да көп болады, – деді ол өз сөзінде.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің агрономы Дәурен Абибуллаев биыл жалпы көлемі 13800 гектар жоңышқа егіліп, оның жартысы орылған болса, келесі айда 2972 гектар күздік бидай орылатынын жеткізді.
Сайып келгенде, қыстың қамын жаз ойлап, шөбіңді сайлап, малыңды байлап, кәрі құтаң қысқа дайын отыруың керек. Олай болса, қамданудан қапы қалмайық, ағайын!


Әйгерім Мырзахметва
20 маусым 2020 ж. 1 136 0