№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚЫС ҚЫР АСТЫНДА, оған қамсыз болмайық, ағайын!

ҚЫС ҚЫР АСТЫНДА, оған қамсыз болмайық, ағайын!

Көшпенді салтпен өмірін өрнектеген ата-бабамыз отар-отар қойдың, үйір-үйір жылқы мен келе-келе түйенің қоңдылығын арттыру мақсатында қыстау мен жайлаудың ортасында көшіп-қонып жүргені белгілі. Кеңестік дәуірде отырықщылық мәдениетіне басымдық бергенімен, мал шаруашылығын дамытуға да мән берілді. Ал, Тәуелсіздік алғалы ата кәсіпке бет бұрғандар саны артты. Соның арқасында облыстағы мал санының үштен бір бөлігі біздің ауданда шоғырланды. Бүгінде аудан халқының 50-55 пайызы төрт түліктен несібе-ризығын теріп келеді. Аудандағы 339 000 малдың негізгі жайлауы – Қаратаудың етегі болса, қыстауы – Сырдария мен Қызылқұмның арасы... Баршаға белгілі «сиырдың сүті жемінде». Яғни сиырдың жем-шөбі жеткілікті болса, сүтке қарқ боласыз. Мал қоңды болу үшін шөбі шүйгін өріс керек. Ал, өрістің шүйгін болуы ауа райымен байланысты. Бұл заңдылық. Биылғы ауа райы шаруаға жайсыз болып тұр.
Неге десеңіз, көктем кеш шықты. Күндіз жылы болғанымен түннің салқын болуы салдарынан шөп көтерілмей қалды. Қыстан жадау болып шыққан малдың қоңын көтерер раң мен қызғалдақтар бой көрсетпеді. Сырдариядан 1,0-1,5 шақырымнан басталып Қаратаудың қойнауын бойлай өсетін жусан да мамыр айының басында-ақ 40-45 градус ыстықтан қурап кетті. Содан сәуір айының ағына дейін төрт түлік тойынбады. Мұның үстіне «жығылғанға жұдырық» демекші биылғы ерекше қуаңшылыққа байланысты таудағы бұлақтардың 65-70 пайызының суы тартылып кетті.
Мамыр айының салқын болғанына қарамастан маусым айының үшінші онкүндігінен бастап, шілде айының 25-ші жұлдызына дейін ауа температурасы 40-50 градустан түспеуі мен «керімсал» аталатын ыстық желдің де үздіксіз соғуы жердегі қалған азын-аулақ шөпті қуратып жіберді. Бұған шілде айында бірнеше рет жауған жаңбырдан кейін, күннің күрт ысуы да қоршаған ортаға әсерін тигізбей қалған жоқ. Әңгіменің ашығы, таудағы да, құмдағы шөптің жағдайы мәз емес. Мұның салдары әсіресе төрт түлікке әсерін тигізуде, малдың бәрі арық, раң етін алмаған деп шаруалар осы күннен уайым жеуде. Тіпті, мал жылдағы өрісін тастап от іздеп басқа жаққа ауды. Оған Түркістан облысының Сарығаш және Мақтаарал ауданында шөптің ерте қурап тетуіне байланысты біздің жем-шөпке сұраныс артып, жоңышқаның басым бөлігі сыртқа сатылды. Сұраныстың артуы шөптің қымбаттауына алып келді. Сондықтан, қойшылардың бәрі шөп қорын жасақтай алды дей алмаймыз.
Осы орайда, көнекөз қариялар айтып отыратын жылан мен «ақсүйек қоян» деген жылдардың болғанын, тігерге – тұяқ, тістерге – шөп таппай қалған кездер болып, бірінің жүнін бірі жеген, бірінің құйрығы мен жалына жармасқан, малға жұт келіп, малшылар таяғын ұстап қалған жылдар болған екен. Ылайым ондай жылдардың бетін аулақ қылсын деп тілейік.
Әкемнің: «Соңғы бір жұт аудан көлемінде 1949 жылы көктем шыққанда 10 күн боран соғып, жерді қалыңдығы 70 сантиметрден астам қар басып қалды. Адамдар қоғам малын аман сақтап қалу үшін, отбасын-балаларын далаға қалдырды, Өздері отырған үйлерінің төбесін ашып сары қамысты малға берген», – дегені есте қалыпты.
Мұнан кейін 1963 жылдан 1964 жылға қараған жылғы боранды қыс пен қалың қарды өзіміз көрді. Малшыларға жаяу мен атты адам жете алмады. Қыстау басындағы шөп қыс басталмай таусылып мал ашығып, бірінің жүнін бірі жей бастады. Аш арық малдар күннің суығына шыдамай қырыла бастады. Сол облыстағы бар шынжыр табанды техникаларға мобилизация жасалып шопан қыстауларына жол салынды. Әскери алды-арты тартатын автомашиналар көмекке келіп 50-60 шақырымдағы малшыларға Қызылордадағы қағаз-картон зауытына жіберілетін нарқамысты тасып берді. Қазір ондай боран мен қар жоқ. Бірақ ауа райының қолайсыздығы сол боранды жылдардан қатерлі екені белгілі.
Әрине, кім алдын болжап білген, табиғаттың құдіретіне шек бар ма, қыр мен Сырды қар басып айлап боран соқпасына кім кепіл? Мұндай қауіп Сырдарияның батыс бетіндегі күріш, бидай мен жоңышқа егіп отырған шаруашылықтарға келе қоймасы да анық. 
Сондықтан қыр беткейдегі шаруалары қолдағы малын алдағы қыстан аман алып қалудың шарасына кіруі тиіс-ақ. Биылғы жылы жердегі шөптің бұрынғы жылдармен салыстырғанда нашарлығы, жылдағы шабындықтардың биыл ораққа ілінбей қурап кетуі шем-шөп қорына өзіндік әсерін тигізді. Екінші жағынан жоңышқаның бірінші орымының өзі жылдағыдан бір ай кеш ораққа түсіп, соның нәтижесінде жоңышқаның бір орымы орылмай қалғалы тұр. Тау беткейдегі шаруалар жем-шөп қорын дайындауда. Табиғи шөбінің бір пресі 250-300 теңгеден, жоңышқа 400-480 теңге, ал құрама жем бағасы 60-65 теңге аралығында сатылуда.
Енді ауа райына болжам жасайтын көнекөз қариялардың сөзіне тоқталсақ, шілдедегі қырық күн бойы соққан аптап ыстық суық болып алты ай алты күннен соң оралады екен. Яғни, желтоқсан айының аяғы мен қаңтар, ақпан айында қыс қаһарына мінеді. Осы ретте, тау беткейдегі шаруалар жем-жөп қорын жасақтап, қыстан малын аман алып қалса дейсіз.
Өкінішке орай, соңғы кезде малдың азығы мен жем-шөбін мемлекет тарапынан субсидиялау жұмысы тоқтап қалды. Сондықтан биылғы жылдың ерекшеліктерін ескере отырып, ең болмаса бір жылға шаруаларға жем-шөп алудың бағасын субсидиялауды қайта енгізуге жұмыс жасалса. Бұл жөнінде аудан басшысы жоғары тарапқа жеткізіп, жағдайдың алдын алса дейміз. Өйткені, қыс қыр астында, қамсыз қалған опық жейді.
Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
25 тамыз 2018 ж. 963 0