» » Құртты сатып алып жейсіз бе?

Құртты сатып алып жейсіз бе?

Қазақ халқы «Ағы бардың, бағы бар» деп сүт тағамын молшылық, береке деп санап, одан алуан түрлі құнарлы тағамдар әзірлеген. Сүттен жасалған ұлттық тағамдардың ішінде ең көне түрі – құрт. Жылдар бойы дәмін бұзбай, сақталатын құрт жесең – тағам, бойға қуат береді. Ел басына күн туған нәубет кезінде бір түйір құрттың өзі талайға талғажау болған. Ғасырлар өтсе де бүгінге дейін өз қасиетін жоғалтпаған құртты тамсанып жемейтін жан жоқ шығар. Әсіресе «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін» мезгілінде оған сұраныстың да артатыны анық.

Қазақ халқы ұлттық тағамдарға өте бай. Иә «мал – жан аман ба?», — деп жаннан бұрын мал саулығын сұрайтын халқымыз үшін оның орны ерекше. Малдың етін айтпағанда оның сүтінен жасалатын тағамдарсыз адамзат өмірін елестету мүмкін емес. Расында малдың өнімінсіз өмір сүру қиын. Ежелде ата-бабаларымыз құртты «аштықтан құтқаратын дәрі» деп те атаған. Оның себебі де жоқ емес. Жаз жайлауда, қыс қыстауда мал қайырып жүргенде қарны ашса, қалтасындағы құртын қорек еткен. Тарихқа көз жүгіртсек. Ертеректе тіс дәрігері болмаған екен. Қатты құртты тістеп жеп өскен баланың тістері өткір, қатты, ауруға шалдықпайтын болғаны да содан. Яғни тістің қалыптасуына құрттың пайдасы өте көп. Өкініштісі бүгінгі дүкен сөрелеріндегі құртқа ұн, күріш талқаны сияқты арзан өнімдер қосып құрамы бұзылды. Қолмен айналдырмайды. Қалыпқа салып жасалады. Содан болар ел арасында «таза қолдың құрты» деген термин қалыптасқан. Өзім деген жақындарға ғана сатылатын құртты сатушылар «таза қолдың құрты» деп атау беріп қойған. Мұны ауылда күбі пісіп, айран қайтатып өскендер оңай ажыратады.
Дәл қазіргі інден үйге қамалған сәтте «таза қолдың құртын» базардан таппайсың. Бұрынғыдай таңдап алу жоқ. Тіпті сатушылардың өзіне де жетпейді. Құрт-майынан бастап талқан, сөк сияқты дәнді дақылдар сататын Жанат апаны жағалай барғанда соған көз жеткіздік.
– Жылда ораза кезінде құртқа сұраныс жоғары болады. Бұл жылы ертерек басталып кетті. Жаман індет жайлай бастағанда иммунитет көтеретін тағамдарды қалдырмай алып жатыр. Тіпті қолдың құрты өзімізге де жетпейді. Айтуынша құрт кебер-кеппесте үйден сатып алып кетіп жатыр, – деді сатушы апа.
Міне бұл қандай заман болмасын құрт өз құндылығын жоғалтпайтынын көрсетеді. Ұлттық тағамдарымызды біз ұлықтамасақ өзгеге керегі болмас.
Ауданымызда сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын жоқ. Жыл басында аудан басшысы Сұлтан Ысқақұлының халыққа есебінде шағын сүт фирмаларын ашуды қолға алу керектігін айтқан болатын. Әлі іс жүзінде жүзеге аспады. Оған себеп бар. Коронавирус талай тірліктің бүйірін қысып тұр. Алайда қорасындағы 3-4 сиырынан айран ұйытып, құрт айналдырып, ірімшік қайнатып ұлттық тағамдарымызды ұлықтап жүрген жандар бар. Сүттіқұдықтық Гүлжан Өтебек. Қолда барды ұқсатып кәсіпке айналдырған жан ақтың қасиетін жоғары бағалайды.
– «Ақты төкпе, малды теппе» деген бір ауыз сөзден-ақ төрт түліктің халқымыз үшін аса қадірлі екенін ұғуға болады. Қазақты төрт түліктен бөле жару мүмкін емес. Өзім өскен отбасы мал шаруашылығымен айналысады. Кисең – киім, ісшең – тамақ, шөлдесең шөлің қанар сусын. Табиғи таза өнім. Әсіресе қыста құртты езіп ішсе таптырмас қорек. Дәруменге бай сусын ас қорытуды жақсартады. «Құрт – қыстың қымызы» дейтіні де сондықтан. Айта берсең құрттың пайдасы өте көп. Оны ата-бабамыздың дәрі-дәрмексіз, дені сау қуатты болғанынан білу қиын емес, – деп құрттың қасиетіне тоқтала келе өз кәсібінің сырын ашты.
– Қара қазанда қайнатып, құрт айналдырып кәсіп еткеніме 3-4 жыл болды. Ауылдағы ағайындардан артылмайды. Әрине ақысына алады. Қалада тұратын балалары мен студенттеріне көп сұратады. Әркімнің талғамы да әртүрлі, бірі тұздылығы жоғарысын қаласа, бірі кішкентай балаларға арнайы тұздылығы орташа етіп жасауды өтінеді. Соңғы кездері көріп жүрміз, сәбилер түрлі науқастармен туылып жатыр. Мұның бәрі табиғи дәрумендердің жетіспеушілігінен деп ойлаймын. Сүт өнімдерінің ішінде ең көп сақталатыны да құрт болғандықтан барлық жағынан тиімді. Сәйкесінше құрттың келісі 2500 теңгеге дейін барады. Жасалу тәсіліне қарай сықпа құрт, ақ құрт, майлы құрт деген түрлерге бөлінеді. Еңбегі де оңай емес. Таңмен таласа іске кіріспесең, тірлігің өнімсіз болады, – дейді ол.
Құрттың пайдасы медицинада да дәлелденген. Оны дәрігердің өзі ұсынады. Әсіресе балада кальций жетіспеушілік болғанда. Майлылығы төмен құртты көп пайдалану керектігін жиі естиміз. Сонымен қатар құрттың құрамында А, В, С дәрумендері мен мыс, мырыш, темір, кремний, магний, алюминий микроэлементтері бар.
Тағы бір пайдасы алыс жолға шыққанда жүрек айнымауына ықпалы зор. Оны өз басымнан талай өткергенмін. Бала күнімде көлікке отырсам, қозғалған бетте жүрегім айныйтын. Анам үнемі қол сөмкесіне бір уыс құртын салып жүреді. Бір-бірлеп алып, көліктен түскенше сорып отырамын.
Иә ұлттық тағамдарымыз жайлы қанша жазсақ та оның ашылмаған қырлары көп. Керісінше бүгінгінің баласы құрттың пайдалы екенін біле бермейді. Таңсығы дүкен сөрелерінде самсап тұрған чупа-чупс пен кириешки. Осы пайдасынан зияны басым өнімдерден алыстату үшін құртқа табиғи дәндер араластарып қызықтыра жегізудің тәсілдерін ойлап табу керек. Құрттың технологиясын жетілдіріп, түр-түрін жасап оны ұлттық брендке айналдыру маңызды. Осы өндірісті жолға қойып, құртты әр қазақ отбасының күндік рационына қоссақ ой-өрісі кең, дені сау ұрпақ қалыптастырамыз. Бұл ел болашағын бекемдеудің жолы.


Майра ҒАНИЕВА

20 мамыр 2020 ж. 1 233 0