Тәжірибелі дәрігерден дәру көргендер көп
Коронавирус Сыр елінде сейіле бастады. Мәселен, Жаңақорғанда анықталған 30 науқастың 25-і жазылып шықты. Дегенмен ауа райы құбылып, тұмау тыйылар емес. Күн ысыған сайын жүрек-қан тамыр ауруы, іш өту, аллергия өрши түсетіні белгілі. Бұл – аймақтық дәргерлердің қызметіне күш түседі деген сөз. Ақерке Мәдилханқызының жұмыс барысымен танысқанда осыны түсіндік.
№6 аймақ дәрігері Ақерке Әлиева Сейітпенбетов, Асанов, Уалиханов көшесі тұрғындарының денсаулығына жауапты. Ол әрбір шақыруға жауапкершілікпен қарап, науқасқа сапалы қызмет көрсетуді басшылыққа алады.
– Бір қуанарлығы, ауданда эпидемиологиялық ахуалға жақсарып келеді. Бірақ босаңсуға болмайды. Жаз мезгілінде ауру түрлері қозатыны анық. Сондықтан тұрғындар скринигтік тексерулерден үнемі өтіп тұруы керек. Бұл өз денсаулығы үшін керек. Біз көше-көшені аралап, осыны түсіндіреміз, – деді жалпы тәжірибелік дәрігер.
Отбасында медицина мамандары болмағанымен Ақерке бала кезінен дәрігер болуды армандайды. №125 С.Сапарбеков және №51 М.Қаратаев атындағы мектепте білім алған болашақ дәрігер 2007 жылы С.Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетіне оқуға түседі. 2014 жылы еңбек жолын Кейден ауылдық округінде бастайды. Бір жыл тәжірибе жинақтаған соң аудандық емханаға ауысады. Қазір аудан бойынша 45 аймақ бар. Әр аймаққа бір дәрігер мен 4-5 мейірбике жауапты.
Қазір көп ауру түрі жасарып келеді. Оны кейіпкеріміз де растайды.
– Маусымдық аурулардан гөрі бүйрек, тіс және басқа да ауру түрлері жас талғамайтын болды. Балалардың да денсаулығына біз жауаптымыз. Күніне бір мезгіл, 3 сағат көше аралап келсек, қалғаны уақытта кабинетте боламыз, – деді ол.
Бірақ жыл сайын электронды қабылдау, цифрлық жүйеге медицина саласы да көшті. «Электрондық денсаулық паспортын енгізу», «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу сынды жеделдетілген технологияның емханадағы жай-күйін де білдік.
– Медицина саласына заманауи құрал-жабдықтар келуде. Электрондық қызмет түрі енді. Яғни кешенді медициналық ақпараттық жүйе (КМС) бойынша жұмыс жасауды тездетті. Электрондық денсаулық паспорты бойынша аудан тұрғындарының басым бөлігін базаға енгізілді. Қазір науқастар карточкасын арқалап, кабинет жағаламайды. Амбулаторлық картаның номерін айтып, тексерілуге мүмкіндік алды. Оған қоса, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде кешенді медициналық ақпараттық жүйесі іске қосылды. Әрі «Дамумед» мобильді қосымшасы енгізіліп, аудан тұрғындары үйде отырып дәрігер қабылдауына жазылуды үйрене бастады, – дейді дәрігер.
Мобильді қосымша арқылы дәрігер қабылдауына жазылу немесе жедел жәрдем шақыртуға, жалпы тәжірибелік мамандар мен бейінді мамандарға электрондық кезек алуға мүмкіндік көп. Бұл – пациенттің әрі дәрігердің уақытын үнемдеудің тиімді жолы. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша да атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Бағдарламада көрсетілгендей он тармағы бойынша тегін қызметтер көрсетілуде екен. Әсіресе егде адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар көбірек осы көмекке жүгінеді.
Міне, біз бүгін тәжірибелі дәрігердің дәреметін кімдер көретінін білдік. Ел үшін еңбек етіп жүрген ақ халаттылардың қызметі қашанда құрметке лайық.
Әли ТЕМІРБЕК