» » Жалпы тәжірибелік дәрігердің бір күні

Жалпы тәжірибелік дәрігердің бір күні


Тәжвирусы қазақстандықтарды құрығына іліп, күн сайын ауқымын кеңейтіп келеді. Бұл – дәрігерлердің жауапкершілігін арттырып, қызметі қауырт бола түсті. Қазір сағат сайын екі-үш қоңырау түсіп, алғашқы көмек көрсетуге асыққан аймақтық дәрігерлерде уақыт тапшы. Солай бола тұра, Жаңақорған кентіндегі Хорасан ата мен Абай көшесіне жауапты жалпы тәжірибелік дәрігер Ақсауле Алтынбекқызының есігін қақтық.
«Ақсауле, сенің көшеңнен қоңырау түсті, тездет». Бұл – №10 аймақтың жалпы тәжірибелі дәрігер Ақсауле Алтынбекқызының қызметтегі жиі еститін сөзі. Әрине мұндай шақыруларды ол жауапкершілікпен қабылдап, науқасқа сапалы қызмет көрсетуге барын салады.
Коронавирустың алғашқы белгілері тұмауға ұқсас. Сондықтан COVID-19-тан үрейленген тұрғындар басы ауырып, дене температурасы көтеріліп, жөтел қысса да жедел жәрдем шақыртады. Ондағысы – вирустан аман-саулығын тексеру. Әрине тұрғындардың алаңдауын түсінуге болады.
– Ұлт саулығы – мемлекеттің басты байлығы. Сондықтан әрбір жаңақорғандық өз денсаулығына бей-жай қарамауы керек. Аурудың алдын алу өте өзекті. Дегенмен денсаулығына салғырттық танытатын тұрғындар да жоқ емес. Тұрғындар арасында скринигтік тексерулерге бірнеше шақырғаннан кейін әрен келетіндері бар. Осыны ескеріп көше-көшені аралап, түсіндірме ісін қолға алдық, – дейді ол.
Бала кезінен дәрігер болуды армандаған Ақсауле Төменарық ауылдық округіндегі №53 Романов атындағы мектепте білім алады. 2007 жылы С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетіне түседі. 2014 жылы еңбек жолын аудандық емханада бастайды.
Қазір аудан бойынша 45 аймақ бар. Онда бір дәрігер мен 4-5 мейірбике жауапты. «Электрондық денсаулық паспортын енгізу», «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу сынды жеделдетілген технологияның емханадағы жай-күйін білдік.
– Медицина саласына заманауи құрал-жабдықтар келуде. Электрондық қызмет түрі енді. Яғни кешенді медициналық ақпараттық жүйе (КМС) бойынша жұмыс жасауды тездетті. Электрондық денсаулық паспорты бойынша аудан тұрғындарының басым бөлігін базаға енгізілді. Қазір науқастар карточкасын арқалап, кабинет жағаламайды. Амбулаторлық картаның номерін айтып, тексерілуге мүмкіндік алды. Оған қоса, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде кешенді медициналық ақпараттық жүйесі іске қосылды. Әрі «Дамумед» мобильді қосымшасы енгізіліп, аудан тұрғындары үйде отырып дәрігер қабылдауына жазылуды жақсы меңгеріп келе жатыр, – дейді дәрігер.
Мобильді қосымша арқылы дәрігер қабылдауына жазылу немесе жедел жәрдем шақыртуға, жалпы тәжірибелік мамандар мен бейінді мамандарға электрондық кезек алуға мүмкіндік көп. Бұл – пациенттің әрі дәрігердің уақытын үнемдеудің тиімді жолы. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша да атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Бағдарламада көрсетілгендей он тармағы бойынша тегін қызметтер көрсетілуде екен. Әсіресе егде адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар көбірек осы көмекке жүгінеді.
БҮЙРЕГІ АУЫРҒАНдА
 КЕҢЕС
Айта кететіні, Ақсауле аудандағы бірден-бір нефролог маман. Жалпы республика көлемінде нефролог дәрігерлер өте тапшы. Бұл – бүйрек, несеп шығару жүйесі ауруларын диагностикалаумен, емдеу мен алдын алумен айналысатын дәрігер.
Мұны айтып отырған себебіміз, аймақтық дәрігер сұхбат барысында жылдан жылға бүйрек ауруларының жасарып бара жатқанын жеткізді. Бұрын егде адамдарда кездесетін аурудың бұл түрі жастар арасында жиі кездеседі.
– Негізінен нефрологиялық аурулар ашық көрінген белгілерсіз ақырын дамиды. Нефрологқа уақытында бару – ауруды бастапқы кезеңінде анықтауға және оның дамуына жол бермеуге мүмкіндік береді. Өкінішке орай, бізде салғырттыққа салынып, ауруды созып барып, дәрігердің алдына келеді. Сондықтанда жергілікті тұрғындардан бөлек, аудан көлеміндегі өндіріс орындарында, вахталық жүйеде қызмет жасайтын қызметкерлер де ерікті түрде скринигтік тексерулерден өтіп тұрса, құба-құп болар еді, – дейді ол.
Жас дәрігер әлемге коронавирус тарап жатқанда сақтандыру шараларын қатаң сақтау маңызды екенін ескертті.

Әли ТЕМІРБЕК
01 сәуір 2020 ж. 739 0