№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Медицина қызметкерлері үйіне қайтпай, ауруханада қонып қызмет етуде

Медицина қызметкерлері үйіне қайтпай, ауруханада қонып қызмет етуде

 "Жаңақорған тынысы"  Күн санап коронавирусты жұқтырғандар саны артуда. Әлем бойынша вирусты жұқтырған адам 2 миллионға таяп қалды. Қазақстанда 961-ге жетсе, Сыр өңірінде 119-ды құрады. Сын сағатта дәрігерлер жауапкершілікті сезініп, науқастардың амандығы үшін барын салуда. Тіпті індетпен бетпе-бет келген медицина қызметкерлері үйіне қайтпай, ауруханада қонып қызмет етуде.

– Бала-шағаны көрмегенімізге бір айға жуықтады. Бір ұл, бір қызым бар. Шыны керек сағындық, «анашым» деп қоңырау шалғанда ет бауырың езіліп кетеді. Бірақ әзірге сағынышты ұмыта тұрып, аурудың алдын алу біз үшін өте маңызды. Қазір қатты алаңдайтындай күйде емеспіз, десе де біздің ауданда вирус жұқтырғандар саны 18-ге жетті. Ең қиыны олармен байланыста болғандарды медициналық тексерістен өткізіп, карантин режиміне жатқызу. Он төрт күн бақылауда болатын тұрғындарды жіті қадағалап, ем-домын, ас-суын уақытылы беріп тұру бізге артылған міндет, – деді дәрігер Ақерке.
Қазір Ақерке Ғалымжанқызы «Жаңақорған Шипажай» АҚ бақылауда жатқан науқастарға қарайда. Жұқпалы аурулар бөлімшесіндегі дәрігермен байланысу мүмкіндігі шектеулі. Сон­дықтан вирус жұқтырғандармен өте жақын қарым-қатынаста болғандарды емдеп жатқан дәрігерден жөн сұрадық. Қазір Ақерке дәрігердің қасында бірнеше медбике мен тазалықшылар бар. Оларға артылған жүк ауыр.
– Менің негізгі қызметім ауданаралық аурухананың нейрореабилитация бөлі­мінде. Елде төтенше жағдай жария­ланған сәтте бәріне дайын болу маңызды. Мен өз еркіммен жұмыста қалуды жөн көрдім. Үйден алшақтағанымызға бір айға жуықтады. Мұндай жерде жүруде психологиялық дайындық керек. Қазір жұқпалы аурулар бөлімі, провизорлық және карантиндік станционарда барлығы бес дәрігер үздіксіз жұмыс жасаудамыз. Қазір бақылауда жатқан тұрғындардың жағдайы жақсы, – деді ол.
Бүгінде аудан бойынша 100 тұрғын дәрігерлердің қатаң бақылауында болса, 52 жаңақорғандық үй жағ­дайында оқшаулануда. Карантинге жатқызылғандардың алғашқы 21 тұрғыны 13 сәуірде үйіне қайтты. Бір өкініштісі, олардың орнын тағы күдікті ретінде тіркелгендер толықтыруда. Енді бір сәт жас дәрігер Ақерке Дайрабаеваның қызмет өтіліне назар аударсақ, 2007-2014 жылдар аралығында МКТУ медицина факультетін тәмамдаған ол алдымен екі жыл Кейден-Жайылма ауылында жалпы тәжірибелі дәрігер болып жұмыс жасайды. 2016 жылы аудандық ауруханаға ауысады.
Ал жұқпалы аурулар бөліміндегі мейірбикелер мен тазалықшылардың халі мүлде бөлек. Жақында бір мейірбикеден тест оң нәтиже беріп, қасында болған аға дәрігерден бастап, барлық қызметкерлер бақылауға алынды.
– Жұқпалы аурулар бөлімшесінің аға дәрігері Әсел Есдәулетқызы бастаған 20-дан астам медицина қызметкерлері қонып, күндіз-түні еңбек етуде. Отбасы – ошақ қасын сағынасың. Бірақ ел басына күн туғанда аянып қалмауымыз тиіс. Қолымыздан келгенше індетпен күресуге күш-жігерімізді салудамыз. Аудан тұрғындарына айтарымыз тәртіпке бағынып, сабыр етуін сұраймыз,– деді аға мейірбике Хашия Абсаттарова.
Соғыс жағдайымен есептесек сани­тар-тазалықшы мен ас таратушылар сарбаздың рөлінде. Вирусты жұқтыр­ғандармен тікелей байланыста болады. Яғни науқастар жатқан бөлменің тазалығын сәт сайын тазалап, бақылауға алады. Мұны да ерлік деуге болады.
Бұған дейін инфекционист дәрігер Әсел Сейілова айтқандай, күн ұзақ науқастардың сауығып кетуіне дәрігер Арайлым Бимағанбет, аға мейірбике Хашия Абсаттарова, мейірбикелер Қаракөз Әшім, Нұрсезім Тұрсынбекова, Нұргүл Көгенбаева, Гүлмира Әбдішева, Нағима Маханова, Ақмарал Жалымбетова, Мереуерт Қалдыбаева, Ұлпан Әбдірайым, Жанна Рысбаева, Баян Исмайлова және мейіраға Нұрдос Табынбай ауруханада қонып жұмыс жасауда. Одан бөлек техникалық қызмет көрсетушілер қатарында Жақсыгүл Қожаметова, Злиха Сұлтанбаева, Құттықыз Әуелбекова, Бибігүл Мамыханова, М.Есентаева, Гүлшар Конкаева, Аякөз Нұрманова еңбек сіңіруде.
Жалпы алғанда бұл ерлік, ақ халаттылардың бір күндік өмірі осылай өтуде. Карантиндік режим қашан аяқталары белгісіз. Оның үстіне бір тұрғын індет жұқтырса, байланыста болғандар кем дегенде екі апта оқшауланады. Сала мамандарына тағы бір айдай отбасынан жырақтауға тура келеді. Біз үйде болып, оларға қолдау көрсетіп, дұғада болайық, ағайын!
– Бүгінгі күні инфекциялық ауру­ханалар, провизорлық стационарлар, карантиндік нысандарға білікті дәрі­герлер тартылды. Дәрігерлер, медби­келер, кіші медициналық персонал, санитар-дәрігерлер, туберкулез орта­лық­тарының қызметкерлері аянбай еңбек етуде. Өз еркімен көмек көрсеткісі келетін дәрігерлер саны көбейді. Ал науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, – деді ауданның бас дәрігері Яхия Шорабаев.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
14 сәуір 2020 ж. 801 0