» » Сын сәтте соттасу емес, топтасу маңызды

Сын сәтте соттасу емес, топтасу маңызды


Қандай қоғамда болмасын қанағатсыздық деп аталатын пенделік болмыстың өмір қағидаларының заңдылығын бұзып, әдеп нормаларына қарама-қайшы келіп жататынына кешеге дейін куә болып келдік. Ал бүгінгідей тұтас адамзатты аранына жұтуға әзір ауыр сынмен бетпе-бет келгенде ар-ожданымызды пана тұтып қайыспас бірлігімізбен оған қарсы қамал тұрғызуға дайынбыз ба?
Мұны айғақтайтын әуелі отбасы бірлігі. Ең әуелі шаңырағына иелік етіп, намысын жыртуға жарамаған ердің елге тұтқа болып жарытпасы белгілі. Осы орайда неке бұзу жөнінен арызданушылықтың алдын бермеген аудандағы ахуалдың қазіргі жағдайын сараптап көрмекке бел будық. Жаңақорған аудандық сотының төрағасы Әлия Түбекбаева  біздің бұл сауалымызға төмендегіше жауап берді.
– Қазіргі жағдайда азаматтарымыздың жеке бас амандығының бәрінен маңызды болып отырғаны әрбір сана иесіне белгілі жайт. Жоғарғы сот төрағасының елде төтенше жағдай жарияланған, сабыр мен сақтық тәуекелімізді таяныш еткен  жауапты тұста күйкі тіршіліктегі бітпейтін кикілжіңдерді жиып қойып, адамзатқа ортақ қауіп-қатердің жолын кесу қамын ортақ ойласу жөніндегі ақыл-кеңесі  өте орынды. Өкінішке орай, түрлі  дау-дамаймен сот есігін тоздыру  жағдайларыменбүгін де бетпе-бет келіп отырмыз.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығы негізінде еліміздің барлық аумағында қоғамдық тәртіптің сақталуы ерекше бақылауға алынып, мемлекеттік, стратегиялық және басқа да маңызды нысандардың күзетілуі күшейтілді.
Енді жұртшылық болып  бүкіл әлемді дүрбелеңге салған індет салдарынан туындап отырған осындай шектеулерді қабылдап, төтен­ше жағдай кезеңіне белгіленген талап­тарды мүлтіксіз орындауымыз қажет. Бұл біздің өзімізді сақтандыруымызбен қатар қоғамға, жалпы жұртшылыққа деген құр­метіміз болмақ.
– Соттарға түсіп жатқан талап арыз­дар азайды ма?
– Өкінішке орай, жоқ. Төтенше жағдай енгізілген уақыттан бастап жүргізіліп жатқан түсіндірме жұмыстарына қарамастан соттарға түсіп жатқан талап арыздардың, істердің санының азаймауы алаңдатуда. Осы жағдай белгілі болғаннан бастап ел арасындағыдауласушылықтың деңгейін төмендету, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында азаматтарға бір-бірімен татуласып, ортақ шешімге келудің маңыздылығын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Шынында, дәл қазіргі кезең соттасатын уақыт емес, сын кезеңді еңсергеннен кейін де кикілжіңді болады ғой. Қазақ мұндай қисынсыздықты «жау жағадан алғанда бөрі етектен алады» деп сынаған. Коронавирус – діттегенін алып жыққанша көзге көрінбейтін жау, ендеше, біздің ортақ жаумен емес, өз-өзімізбен алысуымызға жол болсын? Сот өндірісіне түсіп жатқан арыздар легінің толастамауы бізді осылай таусылуымызға тіреп отыр.
Осы орайда, біз сотқа жүгінуші азаматтарға татуластыру рәсімдерінің, оның ішінде медиация, адвокаттардың жәрдемдесуімен партисипативтік рәсім тәртібімен татуласу, сондай-ақ екі тараптың өзара татуласуы арқылы бітімгершілікке келуі азаматтық дауларда таптырмайтын шешім болып табылатынын  ескерткіміз келеді.
Мысалы, отбасылық даулар бойынша көп жағдайда ерлі-зайыптылар келісімге келмесе, міндетті түрде сотқа жүгінеді. Сүттей ұйып отырған отбасындағы ерлі-зайыптылар үшін және олардың балалары үшін дау соңында табан тоздыру, әрине, жан жаралайтын жағдай, өскелең жас ұрпақтың санасында бақытты балалық шақтың жағымсыз естелігі болып қалатын қарекет. Бұл сонымен қатар бір емес, екі әулеттің көңілдеріне кірбің түсіріп, қарым-қатынастарының бұзылуына әкеп соғатын сорақылық.  Сотта екі тараптың бір-біріне деген құрметі азайып, олар бұрынғы туысқандардан енді дауласушы тарапқа айналып шыға келері деауыр көрініс.
Біздің айтпағымыз, соттың дау­ласушы екі жақтың екеуіне де пай­далы шешім шығаруы мүмкін емес. Себебі тараптардың бірі ұтылып, шешім бір тараптың мүддесін ғана қана­ғаттандырады.
Осы орайда дауларды жоғарыда біз атаған татуластыру рәсімдері негі­зінде реттелгенде  өзара татуласуға қол жеткізген тұлғалар әрқайсысы өзі үшін тиімді шешімге қол жеткізіп, олар­дың арасындағы туысқандық, достық, сыйластық, қызметтік  қарым-қатынастардың сақталуына кепілдік алады.
Атамыз қазақ «Алдыңа келсе, атаң­ның құнын кеш» деп адам­дарды мейрімділікке, татулыққа, кешірім­шіл­дікке үндеген. «Дәлдеп атып жауды өлтір, дәлдеп айтып дауды өлтір» деп шектен шыққанды ширатып алатынын айтқан. «Мал шөпке тоқтайды, адам сөзге тоқтайды» деп ел ішіндегі ақылы асқан қариялардың уәжіне тоқтауды дәріптеген. Осы аталар жолын ұстансақ, олардың анық сөзіне құлақ қойсақ, шегінбейтін жау жоқ, шешілмейтін дау жоқ. Егер әр қазақтың отбасында татулық болса, онда төрімізге береке дарып, жүзімізде бақыт жанып, ағзамызда саулық сайран салар еді. Ондай қамалы мықты адам тәніне ешқандай вирус кірмейді. Оты шалқыған отбасынан шыққан ұрпақ ұлтын ойлайтын замат болып өседі. Әрбір ата-ананың арманы сол емес пе?
Тәукеханның тұсында «Жетіжарғы» деген атпен белгілі болған құқық нормаларының жинағында екі дауласқан жақ билердің істі қарауына дейін өзара келісіп, дауды шешуге қимыл-әрекет жасайтыны белгіленіп,  оны «бітім», «береке», «салауат» деп атағаны тари­хтан белгілі. Бітім екі жақтың келісімі арқылы, сөз жүзінде даудың аяқталуы болса, береке-айырбас немесе сатып алу туралы сөз жүзінде шарт жасасу, ал салауат немесе кешірім, дауласқан екі жақтың бір біріне талап қоюдан бас тартуы, яғни, кешірім беруі болып табылады.
Міне, біз осындай текті аталардың ұрпағымыз.
Сондықтан, дүниені дүрбелеңге сал­ған індет кезеңінде, еліміздің барлық аумағында төтенше жағдай жарияланған сын сәттерде дауласуды доғарып, ата­ла­рымыздың саражолымен бітімге, бере­кеге, салауатқа келіп, рухани баюға бет түзесек қандай ғанибет.!
– Қазіргідей карантиндік тәртіп жағ­дайында заң бұзушылықтарға қарсы қандай шаралар іске асты?
– Карантин шараларына немқұ­рай­лылықтың өзінің ғана емес, жақын­­дарының денсаулығына қауіп төнді­рерін тәртіп бұзушылар  әлі де түсін­беген сияқты. Төтенше жағдайдың жариялануына байланысты еліміздің жоғарғы, арнайы орта оқу орындарында оқу үрдісі тоқтатылып, білім алушы студенттер өздерінің тұрғылықты жері бойынша елді мекендеріне қайтарылып, онлайн оқуға көшті. Енді сол студенттер кеш болса өзара бас қосып, көше кезуді әдетке айналдырды. Осындай 3 азамат Жаңақорған ауданының Сүттіқұдық ауы­лында көшеде сағат 23.00 де жүргені анықталып, оларға қатысты төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін қамаққа алу түріндегі әкімшілік жазасы қолданылды.  Аталған жайт әрбір ата-анаға балаларының карантин кезіндегі жүріс-тұрысын шектеп, қадағалауды қажет ететінін байқатады.  Елімізде төтенше жағдай жарияланғанына 1 айдан асты. Осы уақыт ішінде төтенше жағдай режимін бұзғандарға қатысты аудандық сотта 28 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралды. Оның ішінде 4 тұлға төтенше жағдай кезінде букмекерлік кеңсенің жұмысын жүргізсе, 2 тұлға ауласына той жасаған, 4 жүргізуші төтенше жағдай кезінде келу мен кетудің талаптарын бұзып, блок посттарды айналып өтсе, 18 тұлға карантин кезінде сағат 21.00 ден кейін көшеде жүріп, төтенше жағдай режимін бұзған. Бас санитарлық дәрігердің ай­туынша карантин шараларының қан­шалықты сақталуы өз-өзімізді қан­шалықты оқшаулауға қауқарлымыз, қан­шалықты қозғалысты азайтамыз бәрі осы мәселеге кеп тіреледі..
Қызылорда облысында корона­ви­рустық инфекцияның нақтыланған жағдайларының көбеюіне байланысты облыста инфекцияны шоғырландыру және таралуына жол бермеу мақсатында облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №10 Қаулысымен Қызылорда облысының барлық аумағында каран­тиндік режимдегі шектеу және тыйым салу шаралары енгізілді.
Аталған қаулыға сәйкес азық түлік тауарлары, дәрілік заттар, медициналық заттарды және басқа да тұрғындардың өмір сүруіне қажетті тауарлар мен қызмет түрлерін, өндірістік және ауылшаруашылығы кәсіпорындарының жұмыс жасауын қамтамасыз етуді қоспағанда, Қызылорда қаласына және аудандарға көліктердің кіруіне және шығуына тыйым салынды. Осыған қарамастан, төтенше жағдай жариялануына байланысты мемлекеттік орган белгілеген режимді бұзушылар саны азаяр емес. Осыған дейін төтенше жағдай кезеңінде белгіленген тәртіпке бағынбай, той жасаған, букмекерлік кеңсенің жұмыс жасауына жол берген азаматтар әкімшілік жауаптылыққа тартылса, енді келу мен кетудің ерек­ше режимін бұзушылар бой көр­сетті. Облыс аумағында енгізілген карантин режимінде Жаңақорған ауданы көлемінде де блок бекеттер орна­ластырылып, блок бекеттердегі маман­дардың жұмысы күшейтілді. Алайда осы блок бекеттерді   айналып өтіп, келу мен кетудің ерекше режимін бұзған 4 азамат анықталып, оларға қатысты полиция қызметкерлерімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылған. Жаңақорған аудандық сотының 2020 жылғы 13 сәуірдегі қаулысымен аталған тұлғалар ӘҚБтК-нің 476 бабымен кінәлі деп танылып, әрқайсысы 3 тәулік әкімшілік қамаққа алынды. Бұл жағдай аймақта қатерлі дертке қарсы жүргізіліп жатқан қатаң шараларға жекелелеген азаматтардың бағынбай, әрбіріміздің жауапкершілігіміз ортақ қауіпсіздік екенін естен шығарып, ел қауіпсіздігіне немқұрайлылық таны­татынын байқатады. Әлемді дүрбелеңге салған індеттің таралу көр­сеткіші бойын­ша облысымыз республика бойынша алғашқы үштікте тұрғанын ескерсек, бұл жайт бізден карантин режиміндегі шектеу шараларын қатаң сақтауды талап етеді.
Сот төрағасы осылай дейді. Біздің пайымымызда әлемнің өзі тырнағының ұшына ілініп тұрған қысылтаяң кезеңде тәртіп талаптарына бағынып, анау-мынау бас араздықты жылы жауып қоя тұрғаннан абзалы жоқ. Бұл бақ та, тақ та таластыратын кез емес, аузымыз тобадан, қолымыз жағадан кетпейтін   сын кезеңінің нақ өзі.

Баян ҮСЕЙІНОВА
25 сәуір 2020 ж. 942 0