Жаңақорған аудандық сотына тағайындалған сот төрағасы таныстырылды
Жаңақорған аудандық сотында өткен жиында Қызылорда облыстық сотының судьясы Шолпан Маликова Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 17 шілдедегі №64 Жарлығымен аудандық соттың төрағасы қызметіне тағайындалған Әлия Бердібекқызы Түбекбаеваны таныстырды.
Таныстыру рәсіміне аудан әкімінің міндетін атқарушы, аудан прокурорының орынбасары, аудандық мәслихат хатшысы, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының бірінші орынбасары, аудандық әйелдер кеңісінің төрайымы, жекеше нотариустар, аудандық заң кеңес бөлімінің адвокаттары, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, БАҚ өкілдері қатысты.
Жаңадан тағайындалған сот төрайымының қызметі мен жеке қасиетіне тоқталған Шолпан Маликова: «Әлия Бердібекқызы өз ісінің кәсіби маманы, білікті басшы, әділдіктің ақ жолындағы еңбегімен алдағы уақытта да еліміздің сот жүйесінің беделін арттыруға зор үлесін қосады деп сенім білдіремін», - деді.
Өз кезегінде құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің міндетін атқарушы А.Салыбеков Президент артқан сенімді ақтай беруіне тілектестігін білдірді.
Сонымен қатар Әлия Түбекбаева жауапты қызмет жолында тәжірибиесі мен күш жігерін салып, Президент артқан сенімді ақтайтынын жеткізді.Осыған дейін Шиелі аудандық сотының судьясы, Жаңақорған аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы лауазымдарын атқарған Әлия Түбекбаева 2000 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Университетін заңгер мамандығы бойынша оқып, аяқтаған.
Сот жүйесіндегі еңбек жолын 1998-2001 жылдар аралығында Сырдария аудандық сотында сот отырысының хатшысы болып бастаған.
2001-2006 жылдары аралығында Қызылорда қалалық сотында жетекші маман, 2006-2014 жылдары. Қызылорда облыстық сотында ұйымдастыру-талдау тобының бас маманы болып жұмыс жасаған.
2014 жылдың 23 маусымынан бастап 2019 жылдың 17 шілдесі аралығында Шиелі аудандық сотының судьясы, 2018 жылдың 15 қазанынан бастап 2019 жылдың 17 шілдесіне дейін Жаңақорған аудандық сотының төрағасының міндетін атқарушы болып қызмет атқарған.
Ақпарат: Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі.