№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Адам мамандығын шынайы сүйгенде ғана білікті ұстаз, қабілетті оқытушы болады

Адам мамандығын шынайы сүйгенде ғана білікті ұстаз, қабілетті оқытушы болады

  Жаңарық ауылдық округіндегі №167 мектепті қалай дәріптесек те жарасады. Бұл білім ордасында мемлекет және қоғам қайраткерлері білім алып, қанат қақты. Мұның бәрі білікті, білімді ұстаздардың еңбегінің арқасы. Бүгінде осы дәстүрді жалғаған тәжірибелі ұстаздар бар. Сол қатарға химия-биология пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы Ақмарал Мұхамедханқызын жатқызуға болады.
  Күлжан Айменова басқаратын білім ошағында жоғары санатты мұғалімдер аз емес, солардың ішінде жиырма жылға жуық еңбегі сіңген тәжірибелі оқытушы Ақмарал Қаржаубаева да бар. Алдымен ұстаздың еңбек жолынан бастайық.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін кейіпкеріміз еңбек жолын облыс орталығындағы №235 мектепте бастайды. Одан кейін Жаңарыққа келін болып, ұстаздық жолын осында жалғастырады. Екі жыл Қыркеңседегі №213 мектепте де ұстаздық етті.
– Адам мамандығын шынайы сүйгенде ғана білікті ұстаз, қабілетті оқытушы болады. Мен жастайымнан ұстаз болуды мұрат еттім. Өзімнің атам мен әпкем осы салада еңбек сіңірген адамдар. Маған ұстаздық қызмет текпен келді, – деп әңгімесін бастады.
Ақмарал ұстаздың жеткен жетістігі бір төбе. 2010 жылы аудандағы үздік сынып жетекші атанды. Одан бөлек, облыс әкімі және салалық кәсіподақтан алған марапаттары жетерлік. Оның басты ерекшелігі үш тілді еркін меңгерген маман. Қазір ол биология пәнін ағылшын тілінде береді. Алайда қашықтықтан оқытудың қиындықтары аз емес. Мұның ұтымды тұсын икемдеген мұғалім: «Сабаққа ынтасы жоқ, үлгерімі нашар оқушылардың білімге деген құлшынысы ояна түсті. WhatsApp арқылы өтетін сабаққа үлгерімі төмен оқушылар белсенді қатысуда. Бұл – ата-ананың ықпалынан», – деді.
Жалпы Жаңарықта интернет жылдамдығы мәселе туғыза қоймайды. Ал үйінде компьютерлері жоқ, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға мектеп директоры білім ордасындағы компьютерлерді уақытша үлестіріп берген. Мұндай қамқорлықтан әрине бала құлшынысы арта түседі.
Орыстың белгілі педагогы Антон Макаренко: «Адамды тәрбиелеу – демек оның ертеңгі қуанышқа ие болатын келешек жолын тәрбиелеу» дейді. Біздің кейіпкеріміз де қаншама шәкірттің ертеңіне жол салды, әсіресе оның оқушыларының көбі медицина саласында тер төгіп келеді. Олардың қатарында Мерей Жұмаш, Жансая және Самал Ашимованы бөліп-жарып атау керек. Қазір коронавирусты жұқтырған науқастардың сауығуы үшін еңбек етіп жатқан Мерейді ерекше атау керек. Түркістан шаһарында дәрігер-терапевт қызметіндегі Тәттігүл Тұрманова да айтуға болады.
– Ізімді жалғап, ұстаз боламын деген шәкірттерім аз емес. Қалдыбай Жүсіпбекті айта аламын. Ол Қазақ ұлттық аграрлық университетінде білім алуда. Химия пәнінен де оқушыларым ҰБТ-дан жоғары балл жинап, жоғары мектепке түсіп, қазір әр салада қызмет атқаруда. Ветеринария саласында Әуелбек Бағдат, Жалғас Арынғазиев, Жұмаш Шапағат және т.б білім алуда. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақтөбеде медицианалық университетте болашақ дәрігер шәкірттерім оқуда, – деп бір марқайып қалды.
«Шеше көрген тон пішер» демекші, өзінің қызы да осы саланың тізгінін ұстауға бет бұрыпты. Ол тек білім саласында ғана емес, өзін қоғамның белсендісі ретінде де көрсете білді. 2011-2015 жылдары әлеуметтік педагог қызметкер жұмысын абыройлы атқарды. Яғни қайырымдылық акцияларын жиі ұйымдастырып, оқушылардың алаңсыз білім алуына қол үшін беретін азаматтардың басын біріктірді.
Қорыта айтқанда, заманауи ұстаздың кескін-келбеті мен қабілет-қарымын Ақмарал Қаржаубаеваның бойынан көрдік.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

19 сәуір 2020 ж. 592 0