№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мерейлі маман

Мерейлі маман

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде». Бұл халық даналығы заман жаңарып, уақыт өтсе де өзектілігін жоймақ емес. Десе де, денсаулықтың қадірін ауырғанда ғана білетініміз ақиқат. Осы тұста, елімізде бастапқы медициналық-санитарлық алғашқы көмекті ұйымдастыру жүйесі ұтымды жүзеге асуда. Әрі профилактикалық шараға баса маңыз беру арқылы халық саулығын жақсартудың жолын жетілдіруде. Осындай маңызды саланың аудандағы ахуалын білмекке аудандық емхананың есігін қақтық. Мұнда фильтр бөлмесінің мейірбикесі Жадыра Наурызовамен тілдестік.


Таңдаудың Жадыраға түскені де бекер емес. Ол жақында ғана Сыр өңірінің ең үздік мейірбикесі номинациясына лайықты деп танылды. Бәрін басынан бастасақ. Таяуда Қызылорда қаласында облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйытқы болуымен «Үздік мейірбике-2019» конкурсы өтті. Кәсіби конкурсқа 10 жылдан кем емес еңбек өтілі бар, бірінші және жоғары біліктілік санаты бар 18 мейірбике қатысады. Бірінші кезеңнің шарты бойынша тест тапсырады. Осылайша, сынақтан сүрінбей өткен 8 мейірбике екінші кезеңге жолдама алады. Екінші кезең бойынша конкурсанттар практикалық дағдылар бойынша арнайы жасақталған 4 кабинетте кезек-кезек кәсібилігін дәлелдейді. Мұнда науқасқа ине шаншу, иньекция, анафилактикалық шок, жүрек, өкпе реанимациясы сынды тапсырмаларды орындайды. Міне, екі кезеңнен де сүрінбей өтіп, өзінің кәсібилігін дәлелдеген Жадыра Наурызова байқаудың жеңімпазы атанып, «Үздік мейірбике-2019» номинациясына қол жеткізеді.
Әрине, бұл жеңіс 10 жылдық еңбек өтілінің жемісі. Ең алғаш еңбек жолын аудандық реанимация бөлімінде, кейіннен терапия бөлімінде шыңдаған Жадыра Әбдуалиқызы бүгінде Филтьр бөлмесінің І-санатты мейірбикесі. Қашанда алдына келген науқасқа мейірім төгуден жалықпайтын денсаулық сақшысы өз мамандығын мақтан тұтады.
– Негізі мейірбике қызметі – жауапкершілігі мол қызмет. Бізге кезек күттірмейтін науқастар келіп, алғашқы медициналық көмек алады. Фильтр кабинетте өміріне қауіп төнген пациенттерге төтенше, жедел медициналық көмек көрсетіледі. Яғни, жүкті әйелдерге, денесіне бөртпе шыққан балаға, температурасы көтерілген, іші өтіп мазасызданған балаларға бастапқы медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдастырамыз. Кабинет оттегі концентраторы, науқасқа оттегі беруге арналған құрылғы, ЭКГ аппараты секілді заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Көрсетілген медициналық көмектің әсері болмаған не науқастың халі нашарлаған жағдайда жедел медициналық жәрдем бригадасын шақырамыз, – дейді Жадыра Наурызова.
Иә, Тұңғыш Президент Жолдауында: «Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады. Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек» деген болатын. Бұл бағытта аудандық емханада нәтижелі жұмыс бар екенін байқадық. Оған кәсіби мейірбике Жадыра Әбдуалиқызының өңірде үздік атануы дәлел.
Түркістан медицина колледжін тәмамдаған Жадыра 5 жасқа дейінгі балалар ауруларын ықпалдастыра емдеу бағытында кент, ауылдық округ мейірбикелеріне тренинг жүргізіп отырады. Білгенімен бөлісіп, тың тәжірибесін ортаға салады.
Иә, ақ халатты абзал жанның мақсаты – науқас жандардың сауығып кетуіне бар білімін сарп ету. Бұл мейірімді мейірбике бойына шуақ, өміріне қуат береді. Қорыта айтқанда, осындай жауапкершілігі мол жүкті арқалаған Жадыра Әбдуалиқызы қашанда қызметіне қырағы қарап, алдына келген әрбір пациенттің пікірін тыңдауға даяр. Оған қоса, отбасындағы отағасы, дәрігер Ержан Ахметов те қолдау көрсетіп отырады.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ.
18 мамыр 2019 ж. 1 125 0