№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Іскер жан

Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Сыр өңіріне белгілі іскер әйелдер мен көп балалы аналарды қабылдап, жылы лебізін білдірді. Бұл қатарда ауданымыздағы «Іскер әйелдер» қауымдастығының басшысы Баян Божбанбаева да бар. Бастамашыл әрі жаңашыл қабілетімен ерекшеленетін іскер жанды әңгімеге тартып, жетістікке жетудің сырын білдік.
– Үнемі біліктілікті арттырып, жаңашыл жобаларды енгізіп отыру маңызды. Бізге ізденіс пен тәуекел жетісе бермейтіні жасырын емес. 1999 жылы Жаңақорған кентінде «Баян сұлу» тіс емханасын ашқалы Алматы қаласындағы білікті дәрігерлермен байланысты үзбей, үнемі тәжірибе алмасып келемін. Одан бөлек, АҚШ, Еуропа елдерінен үйренгенім көп. Жетістіктің сыры – кәсіпке адалдық, қажырлы еңбекте, үнемі ізденісте болу, – деп бастады әңгімесін білікті тіс дәрігері.
Ол С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін бітіргеннен кейін қызмет жолын Қызылорда қаласындағы облыстық ауруханада бастайды. 1987 жылы Жаңақорған аудандық ауруханасында жұмысын жалғастырады. 1992-1999 жылы Келінтөбе ауылында тіс дәрігері ретінде жұмыс атқарады. ХХ ғасырдың басында кәсіпкерлік бағытқа бұрылады.
– Дәрігерлер арасында бірінші болып стоматологтарға қызметін кәсіпкерлікпен ұштауға мүмкіндік берілді. Басында шешім шығару оңай болған жоқ. Ұлттық медицина университетінің профессоры, Қазақстан стоматологтар Ассоциациясы президенті Мақсұт Темірбаев бағыт-бағдар көрсетті. Сосын тәуекел етіп тіс емдейтін кабинет ашып, жылына екі рет Алматы қаласындағы білікті тіс дәрігерлерімен тәжірибе алмасып, үнемі білімімді жітілдіріп отыруға басымдық бердім. Нәтижесінде табысты кәсіпкердің біріне айналдым, – дейді Баян Егізбайқызы.
Иә, оның талпынысы мен талғамынан өзін-өзі дамытуға деген ізденісті байқауға болады. 2012 жылы «Даму» бағдарламасы аясында Назарбаев университетінде білімін шыңдап, сертификат алады. Іскерлік байланыс бағдарламасы бойынша АҚШ-та 21 күн тәжірибе алмасады. Сонда заманауи медицинаның жетістіктерін көріп, робот-хирургтің ота жасауына куә болады. Елге құр алақан келмейді. Мектеп жанынан тіс емдеу кабинетін ашудың жобасын әкеледі. Бүгінде мектептерде тіс кабинеттері ашылуында оның аз да болса үлесі бар.
2015 жылы Қазақстан-Германия Үкіметінің екі жақты келісіміне сай Кристиан Шмидт «Баян сұлу» клиникасында волонтер ретінде жұмыс жасайды. Еуропалық стоматолог тіс емдеудің жаңашыл технологиясы турасында тәжірибесімен бөліседі. Талапшыл басшы Шмидттің тәжірибесін жас стоматологтардың үйренуіне мән береді.
2019 жылы 1-11 шілдесінде Швейцарияның Цюрих қаласынде өткен Жаһандық әйелдер саммитіне қатысады. Жаңа идеялар мен іскерлік байланыстар орнатуға, жаңа білім алуға, бизнес пен көшбасшылықта тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін әлемдік пікір алмасу алаңында ол тың ойлар, жаңашыл бастамалар үйреніп келеді. Оның алдағы уақытта жүзеге асыратынына да сенімді.
Кәсіпкерден жетістікке жетуде отбасының орнын сұрадық:
– Табысты кәсіпкер болу жолында қажырлы еңбек керек. Әкем Егізбай Божбанбаев өмірін еңбекпен мазмұндаған адам-тұғын. Анам Нәуетек Нақыпқызы ортасына сөзі өтімді еді. Еңбекқорлық пен ізденгіштік, шешендік пен іскерлік қасиеті ата-анамның тегімен келді. Иә, өмірде жетістікке жетуімде ата-енемнің үлесі көп. Енем Карима Бердиева балабақшада тәрбиеші болып істеді. Адамның жанын түсінетін. Үнемі қолдап, демеп отыратын. Атам Қалила Мұсаев су шаруашылығы саласында түрлі қызмет атқарды. Ол кісі тіс кабинетін ашып, кәсіп бастауыма атсалысты. Әрине, жарым Сабырхан Мұсаевтың қолдауынсыз ешнәрсе де бітіре алмас едім. Бүгінде ұл-қыздарым Ғалымжан, Фариза, Асылжан, Нұрдәулет қолдау білдіретін тірегім, – деп жауап қатты кәсіпкер.
Ол алған білімін, жинаған тәжірибесін көппен бөлісіп, шәкірт тәрбиелеуден еш жалыққан емес. Ондаған шәкірт тәрбиеледі. Олардың көбі тіс емдеу бөлімдерін ашып, бөлек шықты. – Бұл өте құптарлық мәселе. Өйткені бәсекелестік артқан сайын сапа да жоғарылайды, – дейді ол. Осы ретте, одан тіс саулығы, салауатты өмір салтын ұстану жөнінде сұрадық.
– Тіс – адам келбетінің ең бір көрнекті мүшесі. Тіс – денсаулықтың басты нышаны. Себебі тіс жегісі жүрек-тамыр жүйесін, құлақ-мұрын асқазан, ішек жолдарын зақымдап, жалпы эндокриндык жүйелер патологиясын туындатуы мүмкін. Сондықтан тістің күтіміне сергек қарау керек. Әсіресе, балалардың тісіне мән беру маңызды. Стоматология – үлкен бір сала. Оның өзі терапия, хирургия, ортопедия, имплантация сынды ірі-ірі жүйелері бар. Зақымданған тісті диагностикалық құралмен анықтау мәселесі деген тағы бар. Осының барлығымен кешенді түрде айналысып, тіс стоматологиясының әлеуетін арттыру – білікті мамандардың міндеті, мұны жеке-жарым жүріп, азғантай қаржымен іске асыру мүмкін емес. Бұл бағытта ауданда дәрігерлік орталық ашу талабы өзекті.
– Тіс жегісінің негізгі себебі не?
– Баланы жастайынан ауыз қуысы гигиенасын сақтауға үйретуіміз қажет. Себебі баланың тісі зақымданды дегенше он екі мүшесі сау баланың денсаулығына кінәрат түсті дей беріңіз. Барлық дерттің ошағы осы опырылған ауыз қуысынан басталады. Бұған Кеңес үкіметі кезінде қатты мән берілетін.
Балаға тісті уақытылы тазалауды үйрету маңызды. Тіс тазалығын сақтаудағы есте ұстар нәрсе, үш ай сайын міндетті түрде тіс щеткасын ауыстырып тұру керек. Сонымен қатар міндетті түрде жылына бір рет тіс дәрігеріне көрініп, тісті емдетіп тұру қажет.
– Сіздерде тіс ауруларын емдейтін қандай техникалар бар?
– Бізде арнайы рентген аппараттары мен заманауи стоматологиялық кресло бар. Рентген аппараты арқылы аурулардың алдын алып, асқынған түрін ертерек анықтаймыз. Жалпы, стоматологтардың ірі-ірі мегаполис орталықтарындағы үздік тіс дәрігерлерімен тәжірибе алмасуына жағдай жасаймыз.
Б.Божбанбаева стоматология саласынан бөлек, бала тәрбиесіне мән берде. «Нұрдәулет» жеке балабақшасының құрылтайшысы. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасына қатысып, ауданның дамуына үлес қосуға да ниет танытып отыр. Бүгінде аудандық «Іскер әйелдер» қауымдастығының басшысы ретінде игілікті бастамаларға ұйытқы болып жүр.
Облыс әкімі қабылдауында «Жаңарған Жаңақорған жастары» мен «Іскер әйелдер» қауымдастығының әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға баспана соғып беруге талпынған бастамасын көпшілік үлгі етіп, республикадағы тың бастама екеніне тоқталды.
– «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» деген тәмсіл бар. Орынды айтылған. Бір отбасыға тірек болып, үйін көтеру көпшілікпен бітетін іс. Мұны Жаңақорғандағы іскер әйелдер жақсы түсінеді. Балабақша құрылтайшылары, сән салонның басшылары, сауда орындарының иелерінен құрылған іскер әйелдер өткен жылы іргетасы қаланған үйді биыл бітіруге ниет танытып отыр. Қайырымды бастаманы қолдап отырған іскер әйелдерге шынайы алғысымды білдіремін, – дейді ол.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
07 наурыз 2020 ж. 792 0