№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ел тынысын әлеуеті айқындайды

Ел тынысын әлеуеті айқындайды


Аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов Жаңақорған кентіне жұмыс сапарында әлеуметтік нысандармен танысты. Әуелі облыс әкімі кенттегі Май бекеті аумағында «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобының бастамасымен салынып жатқан тұрғын үй құрылысының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Мұнда екі бірдей баспананың іргетасы қаланды. Біріншісіне ерікті жастар ұйытқы болса, екіншісіне «Іскер әйелдер қауымдастығының» аудандық өкілдігінің төрайымы Баян Божбанбаева бастаған кенттегі 42 жеке балабақшаның құрылтайшылары ұйытқы болуда. Қос тұрғын үй әлеуметтік жағынан аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасына салынуда.


Ерікті жастар өкілі Арман Мажитов өңір басшысына «Жаңарған Жаңақорған жастары» ерікті тобының атқарып жатқан жұмысын таныстырды.
– Жалпы ерікті жастардың негізгі атқаратын 5 бағыты бар. Олар: Білім-инновация, қайырымдылық акциялары, мәдени-рухани іс-шаралар, қоғамдық жұмыстар, спорттық сауықтыру. Аталмыш бес бағыттың ішіндегі ауқымдысы – қайырымдылық жұмысы. Мұның ішіне, әлеуметтік бағыттағы көптеген ізгі істер кіреді. Тұрмысы төмен отбасы мүшелерін жұмыспен қамту, баспана соғу, кәсіпке баулу, тегін киім-кешек үлестіру, азық-түлікпен қамтамасыз ету. Бұл бағытта бүгінгі таңға дейін 2 асыраушысынан айрылған отбасына баспана соғып бердік, – деді ерікті жастар өкілі.
Өз кезегінде аймақ басшысы ел экономикасында айрықша орын алатын, мемлекеттің басты назарда ұстайтын саланың бірі – әлеуметтік сала болып табылатынын тілге тиек етті. Әрі Мемлекет басшысы әрдайым осы әлеуметтік саланы қолдау мен халықтың әлжуаз топтарына көрсетілген мемлекеттік көмекке баса мән беріп келе жатқанын жеткізді.
«Іскер әйелдер қауымдастығының» аудандық өкілдігінің төрайымы Баян Божбанбаева аудан әкімі Ғалым Әміреевтің кәсіпкерлік саласына жасап жатқан қолдауын айта келе, іскер әйелдерде іс басынан табылғанын сөз етті. Яғни, білім саласындағы кәсіпкер нәзікжандылар кенттегі әлжуаз топқа баспана соғып беру бастамасын қолға алғанын жеткізді.
Айта кету керек, бұл мақсатта аудан әкімдігі «Май бекеті» аумағынан 1,8 га жер телімін бөліп, 18 тұрғын үйлік жерге қоғамдағы әлеуметтік осал топтарға жергілікті кәсіпкерлер мен өндіріс орындарын тарта отырып, тұрғын үй салып беруге бастама көтерген болатын.
Осылайша екі бірдей баспананың іргетасын қалаған облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы одан әрі аудан орталығындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген спорттық-сауықтыру кешеніне аялдады.
Танымал меценат Асылхан Шайыхов кент­тегі қос қабатты ғимаратқа қайта жаңғырту жұмыстарын жасап, халық игілігіне жаңа спорт кешенін пайдалануға берген болатын. Бүгінгі таңда кешендегі 5 спорттық үйірмесінде 350-ге жуық шәкірт тәрбиеленуде екен. Олар спорттың таеквондо, қазақ күресі, ауыр атлетика, шахмат түрлерінен үйірмеге қатысып, байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Бұл жөнінде аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Махмут Рахымжанов тілге тиек етті.
Жас спортшылардың дайындық барысымен танысқан облыс әкімі жаңақорғандық өрендерге ел абыройын асқақтата беруге тілек­тестігін жеткізді.
Одан әрі өңір басшысы кенттегі Хорасан ата көшесінің №94 үй тұрғыны, көп балалы ана Жаннат Музаффарованың шаңырағына ат басын тіреді.
Отағасы Жарылқасын Хайдаров денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыз екенін айтса, Жаннат Музаффарова мемлекеттік әлеуметтік қолдауға алғысын білдірді.
– Тұрмысы тұралаған отбасыға тіреу болып жүр­гендеріңіз үшін сіздерге рахмет айтамын. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті үзбей алып отырамын. Одан бөлек бізге үнемі әкімдік пен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы қайырымдылық акцияларына шақырып, қолдау көмегін көрсетіп тұрады. Жаны жомарт жандарға айтар алғысым зор, – деді кент тұрғыны.
Аймақ басшысы Президенттің жаңа әлеуметтік саясатында эконо­микалық тәуекелдерге қара­мастан, халықты әлеу­меттік қолдау шараларын ұлғайтуы елге деген қамқорлықтың нышаны екенін айтты. Әрі мызғымас Тәуелсіз мемлекет барда әлеуметтік салаға жүктелген жауапкершілік ешқашан ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

Әбдісамат ӘБДІШ.
03 тамыз 2019 ж. 1 042 0