» » Алпамыстан ажырап, «Бэби-бумерге» айналғанымыз ба?

Алпамыстан ажырап, «Бэби-бумерге» айналғанымыз ба?


“Бэби-бумер” бала дегенді бұрын-соңды естіп көрдіңіз бе? Әлем назарын өзіне аударған дертпен күресу жолы қандай? Смартфонның бала өміріне орасан зияны туралы ойланып көрдіңіз бе? Бұл жөнінде психологтар мен дәрігерлер не дейді?


Смартфон қолданысқа еніп, байланыс қызметін жақсартқанымен, адам өміріне сансыз дертті ала келді. Турасын айту керек, бесіктен белі шықпаған, бұғанасы қатпаған баланың өзі ұялы телефонға жармасады. Қазір қазақтың қай үйіне бара қалсаңыз, бір-бір смартфонға байланған балақайды байқайсыз. Тіпті, кейбір сәбидің сүйікті ойыншығы смартфон секілді. Сұрағанда бермесең қиғылықтың көкесін көрсетеді. Бәлкім осы көрініс сізге де таныс шығар. Баланы смартфонға тәуелділіктен қалай құтқарамыз? Миссури университетінің зерттеуші мамандары өткізген тәжірибе смартфонсыз өмір сүре алмайтын балаларға арналды. Гаджетті аптасына 40 сағаттан артық ұстайтын бала ғалымдардың қарапайым сұрақтарына жауап бере алмаған. Өзінің жасын, жынысын және тегін ұмытып қалған. Ғалымдардың пайымдауынша, смартфонға байланған балада өзіне сенімсіздік, ой өрісінің төмендігі, физиологиялық дамуының тежелуі, көз және ми қызметінің бұзылысы, негативтің басым болуы мен агрессияның басымдылығы айқындалған. Өзін смартфоннан алшақ ұстай алмайтын балалар дертіне ғалымдар "Бэби-бумер" атауын берген.
Содан бастап, әлемнің түрлі аймақтарында осы ауруға қарсы ауқымды шаралар бой көтере бастады. Алпауыт компаниялар бала болашағы үшін ірі акциялар өткізді. Өткен жылдың басында vitaminwater және Coca-cola компаниясы жыл бойы смартфон тұтынбайтын отбасыға 90 000 еуро ұсынды. Дамыған елдерде көптеген интернетті бұғаттап, балалардың телефон тұтынуын тежейтін бағдарламалар әзірленді. Бұл көптеген шаңыраққа шаттық сыйлағанымен, барлық елдегі балалардың тұңғиықтан шығуына сеп болмай тұр.

"Бэби-бумер" елесі есік қағып тұр

Балалық шақтың бал кезеңін смартфонмен өткізіп отырған бүлдіршін өзінің денсаулығының қиындап бара жатқанын аңғармайды. Оның үстіне, ата-аналар да жылаған баланың назарын телефондағы "қызыл да жасыл" дүниеге арбап әлек. Бүгінде тілі шықпаған баланың өзі ұялы телефонды қалай қосу қажеттігін, сенсорлық пернелерді жылжытуды біледі. Телефоннан онлайн ойынды бір рет қана ойнаған бала дәстүрлі ойындарға қызықпай қалады. Мұны дәрігерлер бэби-бумердің қақпасының ашылғанына теңейді.
Шамадан тыс телефон телміретін балақайлар көз дәрігеріне, невропалогқа және психологқа қаншалықты жүгінеді? Осыны білмекке аудандық емхананың көз дәрігерінің есігін қақтық.
Аудандық емхананың офтальмолог дәрігері Бақытжан Әжібековтен аудандағы ақуалды білдік. Көз дәрігерінің пікірінше, бүгінде егде тартқан үлкен кісілерге қарағанда көз ауруынан жас буын жиі шағымдануда. Дәрігердің қаралуында болған бүлдіршіндерде көру қабілетінің төмендігі және миопатияның үш деңгейі анықталған.
– Жылына шамамен, 930 оқушы түрлі шағыммен келіп тексеріледі. Оның 50 пайызында миопатия кездесті. Біздің емханада миопатияны анықтауға құрылғылар да, мамандар да жеткілікті. Біздің кеңесімізді тыңдап, тиянақты жұмыс жасаған науқастан айығады, – дейді дәрігер.
Миопатия алысты не жақынды көрмейтін жандарға қойылатын диогноз. Бұл дертке шалдыққан жан көзді ерекше күтімге алуы қажет. Дәрігердің кеңесін тыңдап, уақыттылы көздің арнайы жаттығуларын жасап, салауатты тамақтанған жөн. Көкөністердің ішінде қырыққабат көздің көруін жақсартатын қасиетке ие. Алайда, көп жағдайда науқастар өз денсаулықтарына немқұрайлылық танытып, уақыт өткен сайын көру қабілетін төмендетіп алып жатады екен. Осындай өкінішті жағдайлардың кездесетінін жасырмаған дәрігер ата-аналарға "смартфонсыз отбасы" қағидатын ұстанса екен деген уәжін жеткізді.
Смартфонның салдарынан көз бұлшық етінің қызметі бұзылып, қылилық симптомын тудырады екен. Профилактикалық тексеріс кезінде оқушылардың басым бөлігінде осы ауру түрі тіркелген. "Көз бұлшық етінің бұзылысынан пайда болған қылилықты күрделі емдеумен қалыпқа келтіруге болады. Ал, нервтен болған жағдайда невропатолог маманымен бірігіп ем шара жасалады. Десе де оны түбегейлі жою қиындық тудырады" деді.
Осындай күрделі науқасты жеңіп, емді тиянақты қабылдаған жас өркеннің бірі Игілік Төреханның жайын білдік. Баласының денсаулығына бей-жай қарамай, тез арада сауығуына бар күшін жұмсаған ата-анасының қуанышын сезіндік. Ұлының көз жанары қалыпқа келгеніне тәубе еткен әкесі Набат:

– Жаратушы Иеміз бір сынақ берген шығар деп ойлаймын. Сол қиындықты еңсеріп, дертпен күрестік. Ота сәтті шығып, баламыздың жадыраған жүзін көріп, көңіліміз толқыды, – деп еске алды.

Ал, аудандық емхананың невро­потологы Жанна Искендирова офталь­матологтің айтқан деректеріне өзінің жұмыс практикасында кездескен мәселелерді қосты. Невропатологқа түрлі шағыммен келген балалардың бойында агрессия байқалады екен. Неврологиялық балалар тізім жыл сайын өсіп отырғанын, оған сымсыз байланыс құралының ықпалы зор екенін алға тартты. Телефонға 20 минуттан артық қараған жанның жанарында жүйке талшықтары әлсірейді. Соның салдарынан көз ұяшығы қызарып, ісінулер байқалады. Ал, 2 сағаттан артық пайданушыларда мидың жүйке жүйесінде жарылыстар болуы мүмкін. Осының салдарынан ми қызметі баяулап, ақпарат қабылдау нашарлап, жадына сақтау баяулайды екен.

Түйін. Ғасырдың індетіне айналып бара жатқан смартфонға тәуелділік баламыздың бақытына балта шаппасын десек әр ата-ана ұялы телефонға абай болған абзал. Әйтпесе, "Бэби-бумер" баланы қалай тәрбиелеп жатқаныңызды білмей қалуыңыз әбден мүмкін...

Мақпал МАРҚАБАЙ
04 наурыз 2020 ж. 511 0