№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ет өндірісіне не кедергі?

Ет өндірісіне не кедергі?

Мал шаруашылығы жөнінен облыста алдыңғы қатардан саналатын Жаңақорған ауданында ет өндірісін өркендетуге толық негіз бар. Бірақ Қаратау өңірі тұрмақ Қазақстанда ет өндірісінің шаруасы ширай қойған жоқ. Соның салдарынан елдегі ет бағасы жыл сайын қымбаттай түсуде. Бұл бағыттағы тірлікті жолға қоя алмай отырған Жаңақорған ауданында ет өңдейтін цех, мал соятын алаңдар, тіпті мал базары да жоқ. Біз осы тақырыпқа тереңірек дендеп зерделеу жұмысын жасап көрген едік.
Алдымен мал шаруасының экспорттағы әлеуетінен бастайық. Жақында аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов халық алдындағы есепті кездесуінде төрт түлік экспортында өсім барын айтқан болатын. Тіпті мал басының өсімі жағынан 90-жылдармен салыстырғанда екі есеге арту көрсеткіші бар. Жалпы, Қазақстан бойынша төрт түлік санында әжептеуір өсім бар. Бір қызығы, осынша мал басы бола тұра импорт көлемі экспортқа қарағанда 5 есе көбейген. Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, ет импортының көлемі 2019 жылы 25 823 тоннаны құраған. Бірақ ет одағының төрағасы Асылжан Мамытбеков бір сөзінде біздің елдегі еттің көптігі сонша сырт елдегі экспортқа өткізуге тура келеді деген еді. Бұлай болса неге импорт көлемі тым көп, ет бағасы неге қымбыт, ет өндірісіне не кедергі?
Агроөндіріс кешені еліміздегі Үкімет басым көңіл бөлетін саланың бірі. Осы мақсатта 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Агроөндіріс кешенін дамытуға жыл сайын шамамен 116 млрд теңге бөлінеді, оның ішінде 60 млрд теңге асыл тұқымды мал шаруашылығына, 56 млрд теңге мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге бағытталады екен. Өте көп қаржы, бұл туралы Сенат спикері Дариға Назарбаева:
– Ауыл шаруашылығына субсидиялар бөлініп, жеңілдік жасалғанымен отандық азық-түлік бағасының арзандайтын түрі жоқ.Керісінше, күн сайын қымбаттауда. Қазіргі күнге дейін ешкім еттің не үшін қымбаттап жатқанын түсіндіре алмай келеді. Бүгін біздің қолымызда не бар? Ет бағасы өте тез өседі. Бізде ет бар, бірақ біздің нарықта неге қымбат? Меніңше, делдалдармен күресті күшейтетін уақыт келді, – деген еді.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов ет бағасының тұрақсыздығына бензин құнының шарықтауы әсер етпеуі керек десе, Ұлттық банк басшысы жанар жағар-майдың құны сәл арзандаса, еттің бағасы төмендейді деп айды аспаннан бір-ақ шығарған еді. 
Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров Қазақстанда өткен жылы 1,1 млн тонна ет өндірілгенін жеткізді. «Отандық ет өнімдерінің экспорты айтарлықтай емес. 2019 жылы 372 тонна шұжық және 769 тонна консерві өнімдері экспортталды. Сонымен қатар, Қазақстаннан 156 063 ірі қара және 263 737 ұсақ мал сыртқа жөнелтілді» – деген болатын.
Қайта өңдеу өнеркәсіп орындарының бүгіні бұлыңғыр, қазіргі уақытта ет комбинаттары 40-45 процент қуатында жұмыс істеп тұрғаны белгілі. Ет өндірісіне кедергіні «Кублей» ЖШС бас директоры Талғат Берекешов былай түсіндірді.
– Ауыл шаруашылығы министрлігінің бүгінгі күні қолданыстағы бағдарламасына сәйкес, барлық субсидиялар өндірістік кәсіпорындарда шикізатты қайта өңдеуге емес, бордақылау алаңдарына жіберіледі. Сондықтан фермерлер малды ет комбинатына емес, бордақылау алаңына тапсырса ғана малға субсидия алады. Яғни, олар бізге ет беруге құштар емес. Ал бордақылаушыларға экспорт тиімді, сондықтан субсидиямен алынған мал сатып алушыларға кетеді,– дейді ол.
Содан да болар елімізде ет бағасы шарықтап барады. Қаңтар айының өзінде сиыр және қой етінің келісі 16-17 пайызға қымбаттаған. Жылқы және тауық етінің бағасы 14,5 пайызға өскен. Енді Жаңақорғандағы жағдайға келсек, бізде әзірге Қыркеңсе ауылында ғана 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңы ашылды. Цех иесі Серік Мырзабаевпен сөйлескенде:
– Жалпы жұмыс бір жүйеге түсіп келеді. Күніне 15-ке жуық мал соямыз. Көбіне мекеме мен кәсіпорындардан тапсырыс түседі. Жақын елді мекен тұрғындарына да әрқашан есік ашық. Ірі қара мен жылқысын соямын деген ағайынға біздің көмегіміз әзір, – деді жас кәсіпкер.
Сондай-ақ, облыс әкімі биыл Талсуаттағы ет комбинатының құрылысы аяқталады деген болатын. Шиелі ауданы мен Қызылорда қаласында 1300 басқа арналған тағы 2 мал бордақылауалаңын іске қосатын боламыз деді ол өз сөзінде.
– Кәсіпорынның іске қосылуы ішкі нарықты етпен қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқы нарықта табыс табуға мүмкіндік береді. Бұл өңірдегі экспортқа бағытталған, қуаттылығы жылына 5 мың тонна етті терең өңдейтін ірі кәсіпорындардың бірі болмақ, – деген өңір басшысы осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
Иә, біз түсінгеніміздей, ет өндірісіне айтарлықтай кедергіні көргеніміз жоқ. Мемлекет тарапынан субсидиялар берілуде. Ал біздің аудандағы ет өндірісінің тұралауына себеп – көрші өңірлерге тәуелділік. Мәселен, біздегі мал базарының болмауы, Шиелі мен Түркістан нарығының бізден сәл арзандау болуы ет өнімін көбірек өндіруге үлкен кедергісін келтіруде. Серік Мырзабаев секілді жобаны іске асырушы кәсіпкерлерге әлі де болса көп мүмкіндік туындап тұр. Бәрінен бұрын шаруаларды қаржы мәселесі тығырыққа тірейтіні сөзсіз. Егер ауданда мал базары іске қосылып, ет өңдейтін цехтар мен мал сою бекеттері көбейсе, кім біледі, ет бағасы қайта арзандауы мүмкін. Бұл айтыла-айтыла жауыр болған тақырып. Барлығы уақыт еншісінде.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.


29 ақпан 2020 ж. 702 0