№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Есің болса, есірткіге елірме...

Есің болса, есірткіге елірме...


Бұл мақаланы жазудағы мақсатым – жастарды жат қылықтардан аулақ болуға тәрбиелеу және салауатты өмір салтына ғибраттық үлесімді қоссам деймін.


Салауатты өмір салты дегеніміз не? Ол әлеуметтік тұрмысты жақсарту, бос уақытты тиімді пайдалану, зиянды әрекеттерден аулақ болу деген сөз. Қазіргі кезде етек алған ессіз дерттің бірі – шылым шегу, нашақорлық.
Нашақорлық – бұл адамзат баласының денсаулығы мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатер. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселесі айқын халықаралық сипатқа ие және бұл мәселенің шешілуі біздің мемлекетіміз үшін де маңызды.
Елімізде есірткі заттарын дайындау, сақтау, тасымалдау және сату әрекеттеріне тыйым салынған. Алайда, есірткіге тәуелді тұлғалардың арасында кәмелет жасына толмаған жеткіншектердің аса қауіпті дерт – нашақорлыққа салынуы соңғы жылдары күрт өсіп отыр. Жылдан жылға олармен есірткі қолданудың әсерінен жасалған қылмыстар саны да артып келеді.
Біреулер есірткі таратып, байлыққа кенеліп, белшесінен батып жүр, ал қаншама жан бұдан бақытсыздыққа ұшырап, өлім құшуда. Ел ішінде нашақорлар саны жыл сайын артуда, ал біз болсақ көрмеген, білмеген кейіп танытамыз.
Есірткіге еліктейтіндер негізінен жасөспірімдер мен жастар. Олар өлімнің не екенін терең ұғынбайтын жаста есірткіге ұрынады. Өлімнен үлкендер қорқуы мүмкін, көзсіз жастар сескенбейді.
Бүгінгі күні баланы қызықтыратын орта аз, қала баласы түнгі клуб, би алаңдарына қызықса, ауыл баласы көше тоздырып, арақ-шарап ішуге әуес. Нашақорлар неге көбейіп кетті дейсіз? Оның себебі бала тәрбиесіне көп көңіл бөлінбеуінде. Жасыратыны жоқ, көптеген ата-ана баласымен тек қана дүниелік тақырыпта ғана әнгімелесумен шектеледі, қарның тоқ па, көйлегің көк пе дегендей. Баламен әнгімелесуге, оны не толғандырып жүргенін оның ортасы қандай, достары кім екенін білуге, жасөспірімнің бос уақытын қайда, қалай, кіммен өткізетіндігін білуге, сырласуға уақыт таппаймыз. Көбнесе ауқатты отбасының балалары қарны тоқтықтан, істейтін іс жоқ болғандықтан нашақорлыққа, есірткі сатушыларға қосылғанын байқамай қалады.
Осы орайда «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген ұлы Абайдың орынды тауып айтқан өлең шумағы есіңізге түседі. Жас кезінде адам әуесқой келетіндік­тен қызық көріп, біреулері есірткінің дәмін татып көруден бастап, ал екінші біреулері, біреулердің мәжбүрлеуімен теріс жолға түсіп жатады. Есірткіні таратушылар қызық көріп жүрген жастарды «инемен қабылдамасаң болды нашақор емессің, иіскеп қана қоюмен нашақор болмаймыз» деп алдауы да мүмкін. Ал шындығында, жас организм есірткінің дәмін бір рет татқан соң тәуелді болып шыға келеді. Біз бала тәрбиесін мектепке қарай ысырып қойғанбыз, содан кейін сол мектепті кінәлаймыз. Бұл үлкен қателік, қайта біз мектептің және мұғалімнің беделін, мәртебесін көтеруге ықпал етуіміз керек. Біз бала тәрбиесін уыстан шығарып алдық. Өзара ұғыну психологиясы ескерілуден қалып бара жатқандығын, отбасында ата-ана мен бала бір-біріне суық, рухани адамгершілік тұрғысында дағдарыс қалыптасты. Бірақ бұл дағдарысты көпшілік сезіне бермейді, өйткені әркім өз кемшілігін өзі көре алмайды, түзей алмайды. Отбасындағы дағдарыс қоғамдық денгейге қалықтап шықты, осыдан келіп өз арамызда нашақорлар мен араққұмарлар саны арта түсті. Бізде «бала ертең-ақ өседі, ненің жақсы, ненің жаман екенін өсе келе өзі де біліп алады» деген қате ұғым бар.
Психолог-дәрігерлер отбасын­да бала ішімдік, темекі, есірткі сияқты естен айыратын әзәзіл туралы ерте бастан естігені дұрыс екендігін, бала жаман әдет туралы ерте білсе, соғұрлым тез жиренетіндігін, одан бойын аулақ ұстайтындығын ескертеді.
Сонғы жылдары елімізде есірткінің заңсыз айналымы проблемасы жалпы ұлттық сипатқа ие болуда. Есірткі заттарының аса қымбат еместігі, оларға іс жүзінде еш кедергісіз қол жеткізудің мүмкіндігі нашақорлар қатарының кемімей, қайта керісінше үнемі артып отыруына алып келуде.
Осыған байланысты, қоғамдық қасреттің алдын алу мақсатында жергілікті жерлерде оқушылар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Жастарды спортқа, басқа да мәдени ұйымдарға тарта отырып олардың бос уақыттарын кіммен, қалай өткізетіндігіне аса көңіл бөлінсе дегім келеді.

Еразақ ТІЛЕУБЕРГЕНОВ,
заң ғылымының докторы, профессор


11 ақпан 2020 ж. 1 272 0