№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ойын баласы от баспасын десеңіз

Ойын баласы от баспасын десеңіз


Жаңа жыл жақындаған сайын мерекелік отшашудың саудасы қыза түсті. Жасыратыны жоқ, бұл мерекені жарқылдаған отшашусыз елестету мүмкін емес. Қысқасы, қолжетімді өнім. Көңілге қуаныш сыйлайтын мейрамның басты сәніне айналған бұл пиротехникаларды пайдалану кезінде қаншама адам жарақат алып, енді бірі күйіп, түрлі оқыс жағдайлар орын алып жатады. Осы орайда аудан әкімдігі жанынан құрылған арнайы топ рейдке шығып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.


Облыс көлемінде «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы бас­талғаны белгілі. Мақсат – заңды және жеке тұлғалардың пиротехникалық өнім­дерді сақтау, есепке алу, сатып алу, қолдану, тасымалдау тәртібінің сақталуын тексеру. Сонымен қатар тауар сертификаты бар-жоғын анықтау, тұрғын үйлерде пиротехника салдарынан болатын төтенше жағдайлардың алдын алу болып табылады.
Сонымен рейдті «Нұрасыл» база­рынан бастадық. Алдымен алып са­тар­ларға түсіндірме жұмыстарын жүр­гізген төтенше жағдайлар мен полиция қызметкерлері келесі жолы айыппұл төлейтінін жеткізді. Одан кейін Қайыржан Үсенов бастаған топпен «Нұр» базарына бет алдық. Рейд барысында сатушыларға заңсыз әрекеттері үшін салынатын айыппұл мөлшері түсіндірілді.
– Егер отшашу пайдалануға берілмеген жерде осы өнімді қол­дансаңыз, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайсыз. Сондай-ақ сатуға құқығы бар тұлғалардың оларды тасымалдау, есепке алу, пай­далану, әкелу, әкету тәртібін бұзса, ҚР-ның ӘҚБтК-нің 483-ші бабы 1-бөлігі бойынша пиротехникалық заты тәр­кіленеді. Сонымен қатар жеке тұлғаларға – 5, шағын кәсіпкерлерге – 10, орта кәсіпкерлерге – 15, ірі кәсіпкерлерге 45 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл «Пиротехника» жедел профилактикалық іс-шарасы 2020 жылдың 3 қаңтарына дейін жалғасады. Сондықтан заңсыз әрекет етуге саудагерлер мейлінше жол бермегені абзал, – деді Қ.Үсенов.
Рейдтің жалпы мақсаты – заңсыз сатуға тыйым салу ғана емес, отшашудың бала өміріне қаупін түсіндіру. Бұл жөнінде кент орталығындағы «LED» экраннан пиротехникалық бұйымның зияны және жаңа жыл мерекесі қарсаңындағы қауіпсіздік шаралары бейнеленген арнайы бейнероликтер көрсетілуде.
– Бүгінде Жаңақорған ауданының Азаматтық қорғау гарнизонының және аудандық полиция бөлімінің қыз­меткерлерімен бірлесіп, кент орта­лығында орналасқан сауда орындарында «Пиротехника» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізудеміз. Ондағы басты түйткілді мәселе – пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату фактісіне жол бермеу. Яғни, көлеңкелі эконо­микаға заң түрінде тыйым салу. Шара барысында бүгінгі таңға дейін 70-кәсіпкерге пиротехникалық бұйым­дарды сатпау жөнінде түсіндіру жұмысы жүргізіліп, арнайы дайындалған нұс­қаулық парақтары таратылды. Осы уақытқа дейін жүргізілген 12 рейд барысында 9 құқық бұзушылық дерегі анықталды. Әсіресе білім ордаларының инспекторларымен тығыз жұмыс жасаудамыз. Оған қоса, мерекелік шараларды өткізу барысында өрт қауіпсіздігін сақтауға қатысты жазылған арнайы хаттар да мектеп басшыларына жолданды, – деді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Елжан Шегебаев.

ҚАУІПТІ БОЛСА, ҚАЙТПЕК КЕРЕК?

Негізі отшашу адамдар санасында мереке, қуаныш және бақыт деген ұғымға тең екен. Бір сөзбен айтқанда, адамдар отшашуды жақсы көреді, яғни отшашу кезіндегі жалындар мен жарқылдар адам ағзасында адреналин мен дофамин гормондарының бөлінуіне сеп болады. Бұлар адамда рахаттану және бақыт сезімін туындатады, жүйке жүйесін тыныштандырады, шаршауды басады. Сондықтан отшашу жаңа жылда көңіл күйді көтеретін бірден бір жолы. Осы орайда «Отшашу қауіпті болса, қолдаудың қажеттілігі қанша?» деген сұрақ туындайды. Сала мамандарының сөзіне сенсек, егер көрсетілген нұсқаулықпен мұқият танысып, барлық ережені ұстансаңыз ешбір қауіп жоқ. Алайда отшашудың жарылу қасиеті төменгі деңгейден басталады. Өйткені онда жарылысқа қуаты жетпейтін арнайы оқ-дәрі қолданылады. Жыл сайын елімізде адамдар отшашуды оғаш қолдану барысында жарақат алатын жайттар жиі кезігеді. Түптеп келгенде, мұның бәрі жауапсыздықтың салдары. Оған қоса, сапасыз отшашулар болуы әбден мүмкін. Олардың дайындалу тех­нологиялары дұрыс емес және сертификаттаудан өтпеген. Бірақ, бағасы қолжетімді.
Пиротехникалар қаншадан саты­луда және ең бастысы лицензиясы бар жоғын саудагерлерден сұрап білдік.
– Базарда сауда жасап келе жат­­қаныма 15 жылдан асты. Бұл отша­шулар Жаңа жыл қарсаңында сұра­нысқа ие болғандықтан амал жоқ сатуға тура келеді. Сертикатталған өнім болғанымен қолымда сатуға рұқсат беруі жөнінде лицензия жоқ. Осы тауар үшін біраз шығынды жұмсаймыз. Өз-өзін ақтайды. Мысалы биылдыққа отшашу алуға жобамен 200 000 теңгенің үстінде қаржы жұмсадым, – дейді атын атамауды өтін­ген жеке кәсіпкер.
Мәселе, атының аталғанында неме­се аталмағанында емес. Абайсызда атылып кететін тауардың сапасы сын көтереді ма, әлде Қытайдың арзанқол дүниесі ме? Міне тұрғындарға қажеті осы. Өкінішке қарай, базар жағалап жүріп, бұл сұраққа нақты жауап тап­падық. Қорыта айтқанда, отшашу опық жегізбесін десек, қауіпсіздік шараларына барынша қырағы болған абзал.
Айта кететіні, аудан көлемінде 11 айда 47 өрт оқиғасы тіркелсе, 1-уі нысанда, 28 өрт тұрғын үйде орын алып, қалған 18 факт басқада өрт бойынша тіркелген. Ең қорқыныштысы осы тілсіз жау екі адамның өмірін жалмаған.
Міне, біз бір күндік рейд барысында сала мамандарымен бірге отшашудың зиянын түсіндірумен қатар, олардың заңсыз сатылуының соңы қандай зардапқа алып келетінін білдік.

Лаура БИБАСАРОВА
24 желтоқсан 2019 ж. 741 0