Мамандығы сәйкес келетін маман тапшы
Биік мінберлерде «Бала – біздің болашағымыз» деген қанатты сөз жиі айтылады. Расында солай. Ертеңгі елдің тұтқасын ұстар азаматтар бүгінгі балғындар. Бірақ, солай айта тұра, балақайлардың балабақшадағы тәлім-тәрбиесіне бейқам қарайтынымыз бар.
Жақында таксиде отырып, кісі түңілерлік әңгімеге тап болдым. Мәселе, кісінің әңгімесін тыңдауда емес, ұрпақ тәрбиесіне қатысты болғандықтан ойымнан кетер емес. Қасымда отырған жас келіншек таксиге мінген бойда қолынан телефонын тастамады. Танысына қоңырау шалып, жеке балабақшадан жұмыс тауып беруін сұрады. Ондағы негізгі мақсаты тәрбиеші болу емес екен. Өзінің сөзімен айтқанда: «Жеке балабақшадан жұмыс тауып берші. Алты ай жұмыс істесем болды. Күні бойы банк бөлімшелерінің табалдырығын тоздырдым. Барлығынан бұған дейін несие алып қойғанмын. Ешқайсысы бермеді. Тек бір банк қана «жұмыс орнынан соңғы алты айдың анықтамасын әкел» деді. Балабақшада алты ай істесем, ары қарай банктен несиеге құжат дайындап, жұмыстан шыға саламын», дейді бейтаныс жаңақорғандық келіншек. Бала тәрбиесіне бейжай қарағаны былай тұрсын, тәлімдік тәрбиені дүниелік іспен шатастырып отырған, шала тәрбиеші болуды армандап жүрген жаннан не күтуге болады? Хош.
Жасыратыны жоқ, Жаңақорғанда жеке балабақша өте көп. Көбейгені елге жақсы. Алайда ондағы тәрбиешілердің біліктілігі мен мамандығының сәйкестігіне кім жауапты? «Құдағиым қоймаған соң, мамандығы келсіпесе де келінін жұмысқа ала салдым деп жүрген жандар жетерлік қоғамда. Ақиқатында ауданның білім көрсеткішіне тікелей кері әсерін тигізетін фактор – педагогтардың бейіндік білімі. Бұл индикатор облыс бойынша орташа көрсеткіштен әлі де төмен екен. Әсіресе, жеке балабақшалардағы жағдай мәз емес. Бұл жөнінде ағымдағы жылы аудандық тамыз конференциясында біраз мәліметке қаныққан болатынбыз. Мәселен, 2019 жылы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бойынша жоғары және техникалық-кәсіптік білімі бар мектепке дейінгі ұйымдардың педагог қызметкерлерінің үлесін 50 пайызға жеткізу міндеттелген. Алайда бүгінгі күні ауданда «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бар тәрбиешілер саны небәрі 37,4 процентті құраған. Мамандықтары сәйкес келетін мамандардың пайызы төмен болу себебі балабақшаларға кадр қабылдау барысында ашықтық пен жариялылықтың жоқтығы салдарынан. Балабақшаларға жалпы педагог мамандығы сәйкес келмейтін және педагог мамандығы жоқ кадрларды қабылдау тыйылмай отырғаны белгілі болған еді. Бұл жөнінде тамыз конференциясында аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Мақсұтұлы егер кент және ауылдық округ әкімдері балабақшаларға қабылданатын педагог кадрларды «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бойынша жариялылық принципі негізінде қабылдануын қолға алса жоғарыдағыдай мәселе туындамайтынын айрықша атап өткен болатын.
Тақырыпқа тұздық болсын. Биыл республикалық тамыз кеңесіне қатысқан Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жеті түрлі ілім білетін» ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті» дей келе, ұстаздар қауымының ұлт алдындағы жауапкершілік салмағын сезінуге үндеген болатын. Расында біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Білім беруді тәрбие процесімен ұштастырып, тәлімді тәрбие сіңіруіміз қажет. Адамзаттың екінші ұстазы Әл-Фараби бабамыз айтқан «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген сөзін басшылыққа алуымыз керек. Ұрпақ тәрбиелеуден артық маңызды іс болмаса керек. Олай болса, келешектің талантты да, дарынды иелерін тәрбиелейтін ұлағатты тәрбиешілердің саны арта берсін. Өйткені, бүгінгі тәрбиешінің еңбегі тынымсыз ізденуді, үздіксіз кәсіби дамуды талап етеді. Қоғамның сұранысына лайықты тәрбиеші болып, сіңірген білімін тәрбиесін болашақта қолдана алатын тұлғаны қалыптастыруға қадам жасайық.
Самат ОҢҒАРҰЛЫ