Қыз-келіншектерге бизнесін жүргізуге 5 %-дан бастап несие беріледі
2018 жылғы маусым айында «Атамекен» ҰКП-ның Астана қаласында өткен V Съезі аясында республикалық Іскер әйелдер кеңесі әйелдер кәсіпкерлігін қаржылай қолдау үшін Еуразиялық Топпен (ERG) және Қазақстан халық банкімен меморандум жасады. Нәтижесінде Халық банк осы жылы қыз-келіншектер кәсіпкерлігін қаржыландыруға 1 млрд.теңге бөлді. Қазір таңда республика бойынша құжат қабылдау жүріп жатыр. Қыз-келіншектерге арналған жеңілдетілген несиені алу жолдарын облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Аманова: «Кәсіппен айналысқысы келетін қыз-келіншектердің жобаларын қаржыландыруға республика көлемінде 1 млрд.теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл шараға біздің облыстың да азаматтары қатыса алады. Қазіргі таңда Халық банк құжаттарды қабылдауда. Жеңілдетілген несие нақты кәсібі бар жандарға да, сондай-ақ стартап жобаларға да беріледі. Берілетін қаржы көлемі 10 млн.теңгеге дейін. Несие 5 пайыздан бастап 84 айға дейін беріледі. Құжаттарды қабылдау мерзіміне шектеу қойылмаған. Дегенмен, мынай жайтқа мән берулеріңізді сұраймын: бөлінген қаржы тек осы жылға арналған», - деді. Несие алғысы келген азаматтар ең алдымен Кәсіпкерлер палатасына келіп, өтінім беруі қажет. Өтінімге сәйкес Палата арнайы хат дайындап береді. Аталмыш хатты кәсіпкер Халық банкіне тапсырады. Қажетті құжаттар тізілімін Банк қызметкерлері ұсынады. Жеңілдетілген несиеге қол жеткізгісі келген қыз-келіншектер қосымша ақпараттарды Кәсіпкерлер палатасынан немесе Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Амановадан (тел. 87059019010) ала алады. Палатаның мекен-жайы Қызылорда қаласы, Әйтеке би көшесі 28. Байланыс телефоны 40-09-81. Кәсіпкерлер палатасынан жауапты маман Сәуле Биманова.
Пікір 2