№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » "Жазым ғой" деген жалаң пікірден қашан құтыламыз?

"Жазым ғой" деген жалаң пікірден қашан құтыламыз?


Жасыратыны жоқ, оқыс оқиға жиілеп кетті. Анау күні Қызылорда қаласында аялдамада тұрған бір шаңырақтың екі өспірімі оқиға орнында қыршын кетіп, жүрекке салмақ түсірді. Төменарықтағы жол оқиғасы жадымыздан әлі өшкен жоқ. Қандай ауыр жағдай десеңші! Жаңақорған кентіндегі «Ғани» дүкені жанында тағы бір оқиға орын алып, жап-жас жігіттер оқиға орнында жан тәсілім етті. Жол апатының жиілеп кеткені соншалықты әрқайсысын санап, жазар болсақ, көлемді зерттеуге арқау болады. Бір білетініміз, жыл басынан 35 жол көлік оқиғасы орын алып, одан 17 адам қаза тапты. Оның екеуі жасөспірім. Статистикаға арқа сүйесек, жол көлік оқиғасынан адам өлімі екі есеге өскенін көреміз. Қазір жол көлік оқиғасы салдарынан жас та, ел ағасы да, әйел де, ер де ажалын табуда. Көпшілік «тағдырдың ісі», «жазым ғой» дегенді жалау етеді. Түсінем, жұбатудың амалы ғой! Бірақ артында ауыр зіл бар. Қандай дейсіз бе? Жол ережесін сақтамаған немесе ішімдікпен көлік басқарған жүргізушінің жауапсыздығын көруге болады.


Орталық көшелерге бейнебақылау камералары қойылды. Мақсат – жолда жүру ережесін бақылау. Бірақ жүргізуші ережені сақтауға мән берер емес. Елді мекеннің ішінде сағатына 100 шақырым жылдамдықпен жүру сәнге айналды. Полиция қызметіне бағынбайтын, бағынғысы келмейтіндер көп. Қысқасы, жолдағы жүріске ортақ ереже болмай тұр. Соның салдарынан жол-көлік оқиғасы жиілеп кетті. Біреуді көлік соқса немесе т.б оқиға орын алса жазмышқа жатқыза салатын әдетіміз бар. Оның себебін, салдарын анықтау жағы ше? Ол жөнінде ешнәрсе айтпай-ақ қояйын...
Болған оқиғаларды баяндайын. Аяғы ауыр жеңгесімен ойнаймын деген ниетпен қайнысы қою қараңғылықтан атып шығып, үрейлі дауысқа салды. Жеңгесі селк етті. Қайнысы қорқытқанына мәз. Қарқ-қарқ күледі. Ал жеңгесі бұл кезде баладан айырылды. Қандай өкінішті жағдай. Арға енесі түсіп, жазым ғой десті.
Өткен жылы электрик өндірістік жұмыс кезінде көз жұмды. Мұны да «жазым» деп жаба салдық. Түйе салымды көтеріп жатқан шабондоздың басын ауылдасы ердің үзеңгісімен тебеді. Араға қызғаныш араласты ма, әлде жеке есептері бар ма? Ол жағы бізге белгісіз. Бір анағы, басы жарылып, ес-түссіз құлаған көкпаршы бес сағаттан кейін ауруханада көзін ашады. Қазір еңгезердей жігіт үйіне кіріп шығуға ғана жарайды. Ағайын-туысы көкпаршының әрекетін батырлыққа балап, жазмыстан озмыс жоқ десті.
Қазір баланы табу да оңай, алу да оңай. Гинекологтар қанша келіспегенмен араға адам салып, жасырын түрде жасанды түсік жасату көбейді. Тіпті адам болып қалған шарана да пышаққа түсіп жатады. Осыны да жазымға жатқызып жүрміз.
Осылай мысал келтіре беруге болады. Тым көп. Әсіресе жол-көлік оқиғасына байланысты жазар, айтар жетеді. Бірақ, оны жаза бергеннен ешнәрсе өзгере қоймас. Бізге сана мәдениетін көтеру жағы жетіспей тұрғаны анық. Өзгенің өміріне жауапкершілікпен, жанашырлықпен қарау жағы жетіспеу тұрғандай. Әр тағдырдың обал-сауабына дұрыстап дендемейміз. Мәселе осында…
Қазақтың тыйымдарын тыңдап өстік ғой. Нағыз дана пікір сонда дер едім. Айналайын ақылман ата-баба, бәрін де болжап, түйсікке түсіндіріп, болашаққа білдіріп кеткеніне таңмын. Алайда оны біз кеш ұғып келеміз. Адам тағдырына жеңіл қарайтын жағдай сананы жеңіп тұр. Әттең, әттең-ай!..

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
26 қараша 2019 ж. 584 0