Білім: 2020-2025 жылға арналған бес жылдық жоспар
Білім беру саласына жаңаша бағдарламалар енгізу бүгінгі күннің басты талабы. Осыны мықтап ұстанған облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова кешегі апта соңында өңірдегі барлық мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері алдында «Стратегиялық жоспарлар және оның бағыттары» атты тақырыпта семинар-тренинг өткізді.



Семинар-тренинг барысында жоспарлаудың жүйелік принцптері талқыланып, білім беру саласындағы мектептер мен балабақша басшылары 4 топқа бөлініп, өздеріне тиесілі стратегиялық жоспардың мақсаты мен міндетіне тоқталып өтті. Аталған төрт топтың алғашқысын аймақтан жиналған білім бөлімдерінің басшыларынан құралды. Олар «Білім бөлімдерінің 2020-2025 жылдарға арналған жоспары қандай болуы керек?» деген тақырыпта, екінші топта гимназия-дицей директорлары «Тереңдетілген гимназия-лицейдің жоспары» жайында ойларын айтса, үшінші топта орта мектеп директорлары «Жалпы орта мектепте білім беру жоспары» жөнінде жұмыстарын таныстырса, соңғы төртінші топта «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмыс жоспары» жөнінде нақты пікірлер ортаға салынды.
Осы шараға қатысып, өз біліктілілгін арттырып келген № 54 орта мектеп директоры Нұралхан Түктібаев семинар барысындағы өз ойымен бөлісті.
– «Жалпы орта мектепте білім беру жоспары»бағытындағы мектептің басты мақсаты бәсекеге қабілетті, зияткер, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиеленген тұлға қалыптастыру. Ал міндеті білім сапасын көтеру,материалдақ-техникалық базаны нығайту, кадрлар әлеуетін жетілдіру, соның ішінде оларды іс-тәжірибеден өткізіп, түрлі бағыттағы семинар-курстарға қатыстыру және кәсіби бағытта білім беру нәтижелерін арттыру. Бұлардың барлығы дерлік білім беру мекемелерін оңтайландыру бағытында қарастырылатын түйтілді мәселелердің бірі, –деді.
Ал мектепке дейінгі білім беру бағыты бойынша бес жылға арналған жобаны қорғап талқылауда пікірін білдірген аудандық мектепке дейінгі тәрбие әдіскері Пәтима Тұртанова: «Жоба аясында жасаған міндеттер қатарына білім сапасын көтеру, материалдық-техникалық база, кадрлар әлеуетін арттыру, кәсіби бағдар беру, тәрбие жұмысын жандандыру, ата-анамен жұмысты күшейту, қамқоршылық кеңес жұмыстарын жүргізу, сонымен қатар инклюзияны дамыту, бақылау мен басшылықты күшейту секілді маңызы бар тақырыптарды козғадық. Қосымша ұсыныс ретінде нысаналы индикатор бойынша сандық корсеткіштерге қол жеткізсек деген ойымызды қоса айттық. Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсетін осындай бағыттағы жұмыстар керек-ақ», – деді.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050»атты стратегиясында білім беру мәселесіне аса мән берілген. Өйткені дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену үшін жаңа технологияны меңгерген, заманауи шәкіртті тәрбиелеу ұстаздар алдына қойылған басты талаптардың бірі. Демек алдағы жылдарға жоспарланған 5 жылдық стратегияда айтылған бағыттар жүйелі түрде дамитын болса, білім беру саласы да алға жылжитыны сөзсіз.
Лаура БИБАСАРОВА