№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Түркістанда тағы да тәуіп Хо Жун шығыпты

Түркістанда тағы да тәуіп Хо Жун шығыпты

«Жақында Шиелі кентіндегі «Карина» ультрадыбыстық зерттеу орталығына бүйрегімді түсіріп, сосын Түркістан қаласындағы «Ақмарал» жеке клиникасына барып, 10 күн ем қабылдап қайттым». Бұл айтылғандар жаңақорғандықтарға таңсық емес. Бүгінде басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындардың бірқатары мейлінше жекеменшік клиникаға қаралуға құмар. Жергілікті дәрігерлерге сенбегендіктен емес, портал кезегін күтіп, уақыт оздырмаудың амалы. Осы тұста, орынды сауал туындайды. Неге, жаңақорғандықтар Шиелідегі «Карина» мен Түркістандағы «Садықова» УЗИ орталығына қаралып, «Ақмарал», «Талғат» клиникасынан ем алуға мүдделі? Себебі, олар медициналық қызметінің сапасы жағынан сенімнен шыққан.
Иә қашанғы көрші ауданның клиникасына телміреміз? Жаңақорғанда жоқ емес. Бар. Тек стоматология саласы мен ультрадыбыстық зерттеу орталығы ғана халыққа қызмет көрсетуде. Алайда жата қонып, ем қабылдайтын клиникалар жоқтың қасы. Десе де, нарықта мұндай медициналық ұйымдарға сұраныс жоғары. Жай ғана, «Түркістаннан Тәуіп Хо Жун шығыпты» десе, ел солай қарай сабылады. Шынында, ақылы қызмет несімен тартымды? Жауабы да дайын. Жеке клиникаларда дәрігердің есігін күзеткен кезек болмайды. Әрбір пациентке дербес көңіл бөлініп, күтімі ерекше бақылауда болады. Тағысын тағы. Айтпақшы, екі жеті, болды ауданнан жеке клиника ашылды. Өзімізден емес, сырттан келіп ғимаратты жалға алғаны болмаса түбі түркістандық. «Батыс-Еуропа-Батыс Қытай» автотабанының Жаңақорғанға бұрылар тұсындағы айналмалы жолдың маңында орналасқан. Қос қабатты ғимаратты жалға алған кәсіпкердің есім-сойы Қаланбек Халмұратұлы. Түркістаннан келген жоғары білікті дәрігердің еңбек өтілі 25 жыл. Жатақ жайы бар медициналық орталық болған соң, арнайы барып таныстық.
Бас дәрігер Қаланбек Халмұратұлының жеке клиника ашып, елге қызмет көрсете бастағанына 4 жылға жуықтап қалыпты. Өзінің айтуынша, бұған дейін Түркістан мен Шиеліден ашып, соңыра Жаңақорғанға тұрақтаған.
– Негізгі маманданғам бағытым – ревматолог, эндокринолог. Қарағанды медициналық университетінің түлегімін. Әр жылдары Алматы, Нұр-Сұлтан, Түркістан қаласында реанимация бөлімінде дәрігер болып қызмет еттім. Соңғы жұмыс орным, Түркістандағы «Талғат» жеке клиникасында реанимация бөлімшесінің меңгерушісі болдым. Қытай, Ресей, Өзбекстан елдерінде біліктілігімді арттырып, білімімді шыңдадым. 2016 жылдан бастап, жекеменшік клиника аштым. Қазіргі таңда артрит, острехандроз, грыжа, инсульт, урологиялық тағы басқа ауруларды емдеудеміз, – дейді Қаланбек Халикбаев.
Сондай-ақ ол Ташкент қаласындағы жеке клиникамен әріптестік байланыс орнатып, ташкенттік білікті дәрігерлердің Жаңақорғанға келуіне жағдай жасағанын айтты. Әсіресе, асқынған ауру түрлеріне өзбекстандық әріптестерін арнайы шақыртып, ақылы консультация мен емдік шараның басы-қасында болуға өзара меморандум барын білдік. Ем қабылдаушыларға күндізгі стационарлық және 10 күндік қонып ем қабылдауға мүмкіндік бар. Төрт мезгіл тамағы, ем-домы, әжетханасы ішінде орналасқан. Біз барғанда ауданның түпкір-түпкірінен келген онға жуық пациент жатыр екен. Жаңақорғандық жетпісті алқымдаған Айсұлу Әлібекова апамыз да дертіне дауа іздеп келіпті.
– Бел ауруы мазалап, үш күннен бері ем қабылдап жатырмын. Таза медициналық әдіспен емдеуде. Бас дәрігер тұрақты түрде жиі-жиі келіп, жағдайымызды сұрап, ем-шарасын жасауда. Медбикелер де мейірімді, – деді Айсұлу апамыз.
Осылай «Би-Бек» клиникасының тынысымен танысып, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне тарттық, Ондағы мақсат – ауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке медициналық емдеу орталығын соғып жатқан кәсіпкердің бар-жоғын білу. Экономист Рүстем Рабилұлының айтуынша, әзірге ондай жоба жоқ. Тіркелмеген. Аталмыш бөлімге тіркелмесе де, кенттегі «Ипподром» мөлтекауданында бой көтеріп жатқан жекеменшік клиниканы таптық. Құрылтайшысы – білікті дәрігер Молдахмет Искаков. Бүгінде қос қабатты ғимараттың қабырғасы өріліп, шатыры жабылған. Құрылтайшының айтуынша, ғимараттың ішкі жұмыстарын жүргізуге және заманауи құрал-жабдықтар алуға қаржы тапшы. Сондықтанда қазір жекеменшік клиника ретінде құжаттарын заңдастырып, келесі жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасына енгізіп, қаржылай қолдау алуға қарекет ететінін білдік. Жаңақорғанда жоқ жобаға мемлекет тарапынан қолдау болатын шығар деген үміттеміз. Себебі, Молдахмет Искаков сынды өз саласының білгір маманын жергілікті тұрғындарға жиған-терген тәжірибесімен бөлісіп, емдеу ісінде өзіндік қолтаңбасы бар азамат деп білеміз.
Қорыта айтқанда, жасыратыны жоқ соңғы жылдары жекеменшік медицинаға деген халықтың көзқарасы өзгере бастады. Жақсы жағынан. Қолда бар дерекке сүйенсек, елдегі емдеу мекемелерінің 47 процентін осы жеке клиникалар құрайды екен. Яғни жылдан жылға қызмет сапасы артуда. Сұраныс жоғары. Дейтұрғанмен ауданда шипажайлар мен стоматологиялық, ультрадыбыстық зертханалық орталықтарды қоспағанда жеке емдеу ұйымдары кемшін.
                                                                                                                                               Әбдісамат ӘБДІШ
17 қараша 2019 ж. 1 402 0