№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ПОРТАЛ: тиімді жүйенің электронды тетігі

ПОРТАЛ: тиімді жүйенің электронды тетігі


Бүгінде халыққа сапалы, заман талабына сай медициналық көмек көрсету үшін түрлі тәсілдер жасалып жатыр. Адам денсаулығы ең басты құндылық екенін ескерген Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі 2015 жылы Статционарлық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы 761 бұйрықты шығарды. Соның арқасында денсаулық сақтау саласы жаңа бағытқа бет бұрды. Нәтижесінде, «Портал» ұғымы қалыптасып, жұрт тегін медициналық емнің игілігін көре бастады. Дегенмен, ел арасында порталды қалай алуға болатынын, оның қандай науқастарға берілетінін түсінбей жүргендер де кездеседі. Яғни, портал қызметі «адамсыз» немесе «сыйлықсыз» бітпейтініне шағымданатындар бар. Осыны ескеріп, порталға жауапты мамандарды әңгімеге тартып, бұл жүйенің ереже-талаптарымен толық таныстық.
ПОРТАЛ ДЕГЕН НЕ?
Портал деп науқасты жоспарлы түрде ем алу үшін ауруханаға жатқызуды айтамыз. Дәрігерлер науқастың қай ауруханаға жатып ем алғысы келетінін ескере отырып, портал дайындайды. Порталға тұрғындар тек облыс көлемінде ғана емес, республикадағы үздік ауруханаларға да жолдама ала алады. Мәселен, диспансерлік есепте тұратын науқастардың ауруы асқынып кетпеуі үшін жылына екі рет жоспарлы түрде ауруханаға жатады. Мұндай науқастар алдымен жоспарға сай тексеруден өтіп, содан соң жалпы тәжірибелік дәрігердің жолдамасымен ауруханаға портал дайындалады. Медициналық портал кез-келген шағыммен келген науқастың барлық түріне беріледі. Сонымен қатар, ауру түрі жеңіл тұрғындар облыс орталығына ақысыз тексерілуге де жіберіледі.
Ескеретіні, тұрғындар портал мен медициналық жолдаманы шатастырмағаны жөн. Порталмен ауруханаға жатып ем алса, медициналық жолдамамен бізде жоқ мамандар мен аппараттардың тексерілуінен тегін өте алады. Сонымен қоса, медицина саласында ішкі портал бар. Оны аурухана ішінен бөледі.
– Ішкі портал бүгінде аудандық ауруханада жүзеге асуда. Аурухана дәрігерлері науқасты өздері порталға салып, оларды арнайы бөлінген жатын орындарға орналастырады. Негізінен, порталдың бұл түрін, еңбек ардагерлері мен ҰОС ардагерлері және көп балалы аналар пайдаланады, – дейді, ауданның бас дәрігерінің ішкі аудит және пациентті қорғау ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Қамырбаева.

ПОРТАЛДЫ ҚАЛАЙ АЛАДЫ?
Порталды алу үшін алдымен әр науқас өзінің аймағына қарайтын дәрігерге барып, толық тексеруден өтеді. Ол жерде қан сараптамаларын тапсырады. Пациентке қараған дәрігер оның жағдайын бақылап, тиісті құжаттарын дайындап, емдеу профилактикалық кеңес комиссиясынан өткен соң, жоғарғы мамандандырылған медициналық көмек үшін порталға салады. Мамандандырылған медициналық көмек – Астана, Алматы қаласындағы ұлттық медициналық орталықтар мен медициналық институттардан ем алу. Ол орталықтарда өздерінің арнайы бекітілген тізбесі бар. Сол тізбе арқылы науқастар жолданады. Мысалы, күрделі отаға баратын адам сол тізбеде көрсетілген қан талдауларын тапсырады. Дайындалған құжат облыстық денсаулық сақтау орталығындағы порталға жауапты мамандарға электронды түрде жіберіледі. Ал, олар жоғары мамандандырылған институттарға жібереді. Содан соң, күні сол жақтан белгіленіп келеді. Аудандағы дәрігер науқастың ауруханаға жататын күнін белгілемейді.
Негізінен, портал бір апта немесе он күн ішінде дайын болады. Порталға науқастарды салғанда жағдайы нашар пациент алдыңғы кезекпен жіберіледі. Өйткені, адам өмірін сақтап қалу маңызды. Бірақ, аудандағы проблемалы тұстың бірі – терапиялық аурулар. Оның ішінде неврология. Аудандық аурухананың терапия бөлімінде неврологиялық науқастарға арналған 15 төсек бар. Ол аздық етеді. Соның салдарынан науқастарға кезекті ұзақ күтуіне тура келеді.
– Қазір өршіп тұрған дерттің бірі – неврологиялық аурулар. Ал, терапияда ауруға бөлінген төсек саны аз. Дегенмен, орталық аурухана мен емханада күндізгі емдеу бөлімі бар. Аурухана мен күндізгі емдеу бөлімінің тағайындайтын емі бір. Сондықтан, науқастарды күндізгі стационарға жолдаймыз. Ауруханада берілетін емнің барлығын күндізгі бөлімнен алуға болады, – дейді Гүлнар Мақсұтқызы.
Маманның айтуынша, жоспарлы түскен науқастар емхана жағдайында толық тексеріліп барып, ауруханаға жатады. Ол ауруханаға тек емін қабылдауға барады. Сондықтан оларды ауруханада қайта тексермейді.

интернетті ИГІЛІГІНЕ ИКЕМДЕГЕНДЕР ҚАНША?
Портал бюросы арқылы 2017 жылы аудан тұрғындарынан 3848 науқас ауруханадан ем алды. Оның 2390-ы аудандық ауруханадан ем алса, 83-і Түркістандағы «Ақмарал» клиникасында, 60-ы Шымкент қаласында, 121 бала Алматыдағы «Ақсай» клиникасында және т.б. сауықтыру орындарында ем алған.
– Порталдың тұрғындарға берері мол. Ең бастысы – тегін медициналық көмек аласың. Мен 2017 жылы «жедел ми қан бұзылысы» деген диагнозбен ауруханаға түстім. Дәрігерлер көмек көрсетіп, облыс орталығына ауыстырды. Одан кейін де порталмен ауруханаға жатып, уақытылы ем-дом алып келемін. Бұл жүйенің халық үшін тиімділігі мол, – дейді Түгіскен ауылының тұрғыны Жиенқожа Жұмаділлаев.
Тағы бір айта кетерлік мәселе, тұрғындар электронды түрде порталға кезекке тұра алмайды.
– Тұрғындар электронды түрде тек дәрігердің қаралуына жазыла алады. Ал, порталға кезекке тұру үшін алдымен дәрігер қаралуынан өтуі керек. Дегенмен, алдағы уақытта медицина саласында да ашықтық пен жариялылық қолға алынады. Тұрғындар қай қаланың қандай емдеу орталығында бос орын бар екенін бақылай алатын болады, – дейді аудандық емхананың порталға жауапты операторы Ерден Жолтай.
Сондай-ақ, мамандармен әңгіме барысында бүгінде ауданда өршіп тұрған терапиялық аурулар екенін, орталық емханаға алдағы уақытта компьютерлік томография жасайтын аппарат алынып, 15 орындық неврологиялық қалпына келтіру орталығын ашу жоспарланып отырғанын білдік.

Р.S.: Иә, аурухана мен емханаларда көрсетіліп жатқан медициналық қызметтер тек адам денсаулығын оңалтып, өмірін сақтау жолында жасалып жатқаны хақ. Сондықтан, медициналық қызметке жүгінген әр адам өз міндетін дұрыс орындап, дәрігер айтқан кеңестен дер кезінде өтсе, өз кезегімен уақытылы ем алары анық.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
17 наурыз 2018 ж. 2 048 0