№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Шеберлікке шек жоқ

Шеберлікке шек жоқ

Зергерлік – асыл өнер. Ол алаш баласымен ықылым заманнан бірге қалыптасып, дамып келеді. Тіптен, зергерлік қазақпен бірге жаратылған жұлын тұтасы іспеттес. Яғни ғасырлар көшінде ұлттың мәдени-рухани байғылын бойына сіңіріп, бүгінге жеткен өнер, жұмбағын аша қоймайтын генетикалық коды іспеттес. Осы ұлттық қойманың сырын терең түсінетін азаматтың бірі – Нұрғали Оспанов. Оны әңгімеге тартып, зергерлік өнерге қаныға түстік.
– Үш атам дүкен ұстап, ұсталық етіп, жұрттың керек-жарағына жарапты. Қаратемірді қамыршаилейтін әкем түйіндеу, қалыптау, ширатпалау, шегендеу және т.б тәсілдерін жақсы меңгерді. Жүген, қамшы секілді ат әбзелдерін көп әзірлейтін. Жастайымнан әкемнен ұсталық өнердің қыр-сырын үйрендім. «Әке көрген оқ жонар» дегендей ес тоқтатқанда әке жолын жалғауды құп көрдім. Сосын жоғары мектепте оқығанда бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша білім алып, тәжірибемді теориямен толықтырдым. Университетте белгілі ғалымдардың алдын көріп, қолтаңбалы ұлттық өнердің маңызы мен мәнін тереңірек түсіне түстім, – деді көргені көп, түйгені мол, еңбекке ерте араласқан Нұрғали.
Шебердің сөзіне қарағанда, Түркістанда зердесі мықты зергер ретінде аты шыққан Қалмырза Қошқаровтан зергерлік өнерге қанығады. Ұстазы қолы епті азаматқа қола, күміс және алтынның асыл қасиеттерін үйретіп, қоғамның барлық әлеуметтік топтарының сұранысына ие болған – әйелдердің әшекей бұйымдарын жасауға баулиды.
Ол бір сағатқа созылған шеберлік сағатында сырға, жүзік және т.б дайындап, оған ою-өрнек салуды және қобыз, домбыра секілді кішігірім кәде сыйды жасаудың жолдарын көрсетті. Жиылғандар үн-түнсіз зергердің епті қолына үңіліп, әрбір қимылын қалт жібермей бақылап тұрды. Ісі мен сөзі үйлескен зергер асыл өнер жайлы әңгімесін жалғады.
– Оттың жалынында, көріктің көмейінде металды балқытып, батырға арнап айбалта, жебе, сауыт, найза жасаса, ағаштан бесік, домбыра, кебеже, жүкаяқ, сыбызғы, асатаяқ, т.б. тұрмыстық заттар мен аспаптарды халқының игілігіне жаратқан. Зергерлердің арқасында білезік, жүзік, шашына сыңғырлатып шолпы-шашпау тақпайтын қыз-келіншектер некен-саяқ кездескен. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары зергерлік бұйымдарға сұраныс азайғаны шындық. Алайда, бүгінде табиғи таза зергерлік өнімдерге сұраныс артып келеді. Сондықтан, жастарды асыл өнерге қызықтырып, үйрету уақыт талабы, – деді тәжірибе алаңына жиылғандарға құлақ қағыс етіп.
Зергер болу киелі де қасиетті өнер ретінде саналған. Сондықтан да болар ел ішінде: «Зердің жайын зергер білер, Аңның жайын мерген білер», «Ер қадірін ер білер, Зер қадірін зергер білер» – деп босқа айтпаса керек-ті. Оған біріншіден, табиғаттан дарыған тума талант керек болса, екіншіден, ол – атадан балаға немесе ұстаздан шәкіртке ауысып отыратын тылсым сыры бар, әрі халықтың тарихымен, салт-дәстүрімен байып отыратын қастерлі кәсіп. Ал, зергерлер аса қажетті қасиет – суретшілік, дәлдік, икемділік, ептілік. Сондықтан екінің біріне асыл өнер қона бермейді, – деді ол.
Бүгінде сырға, шолпы мен шашбау, білезік, сақина, қапсырма, белдік және т.б. қыз-келіншектерге қажетті әшекей түрлеріне сұраныс артып келеді екен. Қазақ халқы әрбір бұйымды жасағанда дәлдікпен, белгілі бір есеппен жасаған. Мәселен, шолпыны тұрмысқа шықпаған қыздар таққан. Бұл бір жағынан, жас қыздардың жүрісі мен бойын тік ұстау мәнерін қалыптастырған, екінші жағынан, қыздың келе жатқанынан белгі беріп тұрғандай. «Құдағи жүзік», «құстұмсық жүзіктің» де өзіндік сыры болған.
– ЭКСПО-ның тақырыбы жасыл энергетика. Яғни, табиғи өнім деуге саяды. Ал, табиғи өнім дегеніміз не? Сүйектен, ағаштан жасалған өнімдер. Демек, қолтаңбалы өнердің әрбір туындысы ЭКСПО-ның тақырыбына жанасады, үйлеседі. Ендеше, ұлттық қолөнерді шетелдіктерге танытуға мүмкіндік мол. Қазір осы бағытта зергерлік бұйымдарды дайындап жатырмыз, – деді шеберлік сабақты түйіндеген Нұрғали Темірұлы.
ТҮЙІН. Бір сағат. Осы уақыт ішінде ұлттық мәдениеттің қолданбалы дәстүрлі өнері ұлттың тарихымен, дүниетанымымен үндесе дамып келе жатқанын ұқтық. Ең бастысы, зергерлік өнердің ішіне бүккен тылсым сырларында қазақтың рухы, медениеті жатқанын түсіндік. Олай болса, жаһандану заманында жұтылмайтын жол – ұлттық зергерлік өнерді дамыту қажет-ақ...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
18 қазан 2019 ж. 1 283 0