№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » "Тазалық ластамайтын жерде сақталады"

"Тазалық ластамайтын жерде сақталады"

Жаңақорғандағы ең өзекті мәселенің бірі – тазалық. Себебі жаңақорғандықтар тазалықты жақтыра бермейді (барлық тұрғындар емес. авт.). Олар үйін, ауласын таза ұстауы бек мүмкін. Алайда тұратын көшесі мен елді мекеннің жай-күйіне аса бас ауырта бермейді. Жергілікті әкімдіктің қызметкерлері мен кәсіпкерлер де тазалық десеңіз шеке-басы тырысатыны ақиқат. Бюджеттік мекемеде жұмыс жасайтындардың жағдайы айтпаса да түсінікті-ақ. Неге? Мұның жауабын аудан әкімі Сұлтан Мақашов сала басшылары мен кент әкімі, тазалыққа жауапты мекеме басшысының басын қосқан жиында анықтауға тырысты.

САНА ТАЗАРМАЙ, ЖАҢАҚОРҒАН ТАЗАРМАЙДЫ

Аудан басшысы Саяжай, Ипподром, МАИ бекеті, Алтыкрант, Қорғантоғай, Алтынсарин, Жаңауыл аймағын аралап, әр жерде шашылған тұрмыстық қатты қалдықтарды көріп, тазалыққа мән бермесе болмайтынын айтты. Содан бері тазалыққа қатысты жиындар көбейді. Бірақ кент тазарып кетті дей алмаймыз. Себебі, сана тазармай, елді мекеннің тазаруы қиын. Ол үшін тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеру керек-ақ.
Алдымен әлемдегі озық үлгілерге тоқталсақ. Ақпарат көздеріндегі мәліметтерге сүйенсек, жапондықтар ұрпағын тазалыққа жастайынан баулып, қоршаған ортаның, елді мекеннің тазалығына ерекше мән беруді үйретеді. Күншығыс елі бүлдіршінінің мектеп сөмкесінен шағын сыпырғы мен қалақ үнемі табылады. Олар көшеде кездескен қалдық заттарды алып, арнайы қоқыс жәшігіне тастап, адам еңбегін құрметтеуді, бағалауды бойына сіңіріп өседі. Тіптен, мектеп оқушылары сынып бөлмесінің еденін де жуады. Олар мұны «қарапайым дене қозғалысы немесе тазалыққа баулу» демейді, бұл – жапондықтар үшін «мемлекетке тигізген пайдам» деп есептейді. Сондықтан, Жапонияның елді мекендерінен тұрмыстық заттардың қалдығын табу қиынның қиыны екен.
Жаһанда тұрғыны көшеде қоқыс тастағаны үшін қомақты айыппұл төлетіп, заң алдында жауапқа тартатын ел бар. Ол – Сингапур. Тазалыққа ерекше мән беретін мемлекеттің өкілдері: «Тазалық – денсаулық кепілі», «Тазалықты ұстану – адам саулығына оң әсерін тигізеді», – деп есептейді. Онда мектеп табалдырығын аттаған әрбір сингапурлікке бұл туралы арнайы дәріс өткізіледі. Бұл жоғары оқу орнында ары қарай жалғасады. Сондықтан болар үй, қоғамдық орындардағы тазалық шараларына ерекше мән береді. Онда бара қалсаңыз «бөтелкені» тек қоқыс жәшігіне тастауға кеңес береміз. Себебі тұрмыстық қатты затты жерге тастасаңыз 500 Сингапур долларын төлеуге тура келеді. Сондай-ақ, қоғамдық орындар мен көшелерде тамақтану, сағыз шайнау, темекі тартуға рұқсат етілмейді.
Ал Бейжің көшесінде түкіргенге де айыппұл салынады. Малайзияда асфальтқа тасталған сағыз үшін бір ай қоғамдық жұмысқа тартылады, болмаса 500 доллар көлемінде айыппұл төлейді, Ұлыбританияда 90 фунт стерлинг айыппұл белгіленеді. Біріккен Араб әмірліктерінде көшеге сағыз тастаған адам – 137 доллар, темекі қалдығы үшін – 55 доллар көлемінде айыппұл төлеуге міндетті.
Аталған мемлекеттегі тәжірибелерді Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы да қолданып, белгілі бір нәтижелерге жеткені белгілі. Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінін 387 бабты негізге алып «Алматы қаласы аумағын көріктендіру» ережесі дайындалды. Ережені бұзушы айыппұл төлейді немесе жауапкершілікке тартылады.

P.S.: Неге арнайы ереже даярлап, «Сана тазармай, Жаңақорған тазар­майды» атты акциясын өткізбеске? Осылайша аудан тұрғындарын таза­лыққа шақырып, елді мекендердің көріктенуіне үлес қоспасқа...

ТАЗАЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІЛІКТІҢ ӨЛШЕМІ

Енді жаңақорғандықтардың тазалыққа құштарлығы жайында тарқатсақ. Аудан тұрғындарының түсінік-танымында көшенің немесе ауылдың тазалығына әкімдік жауапты. Сондықтан олардың есігінің алдындағы жарамсыз қатты қалдықтарды ресми мекеме тазалауға міндетті. Әрине, көпке топырақ шашпаймыз. Дегенмен мұндай түсініктегі адамдар бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Оны аудан, кент әкімдігі мен жергілікті полициядан құрылған арнайы топпен рейдке шыққанда пайымдадық.
Тұрғындардың ағайынгершілікке салып, бар пәлені жергілікті билікке ысыра салуға бейімдігін аңғардық. Қысқасы, олардың ішкен дәм-тұзының қалдығын мемлекеттік орган өкілдері тазалауы тиіс. Міне, осыдан-ақ мәдениеттіліктің, өркениеттіліктің парқын өлшеп, пайымдауға болатындай.
Кейбір көшенің тұрғындары сиырдың тезегін, құрылыс заттарының қалдығын қапқа салып, көшеге шығарып қоюды әдетке айналдырыпты. Тіпті бюджеттік мекемеде қызмет ететіндер күніне екі-үш рет жиыстырып кетсе де, қоқыстан арылу қиындау. Осы себепті мұғалімдер мен дәрігерлер сенбілікті ұната бермейді.
Тұрғындарға да көп кінәні арта беруге болмас. Мәселен, Аманкелді көшесінің бойында он бір мекеме мен сауда орны, жеті дәріхана және бес кафе-мейрамхана, үш автобөлшек сататын дүкен, көлік жуу орны мен жанар-жағар май құятын бекет, екі көлік жөндейтін нысан орналасқан. Осы 47 объектінің тек 16 ғана қалдық зат салатын жәшіктер бар. Ал, Хорасан ата көшесіндегі 21 сауда орны, сегіз автобөлшек дүкені мен кафе-мейрамхана, үш жанар-жағар май құятын бекет пен көлік жөндейтін ғимараттарды көресіз. Алайда барлығының алдынан қоқыс тастайтын жәшікті таба алмайсыз. Кенттің басты көшесінде небәрі сегіз қоқыс жәшігін кезіктіресіз. Осы себепті дүкеннен немесе мейрамханадан шыққан тұрғын жәшік таппағандықтан қолындағысын жүксініп, көшеге тастамаған да басқа не істейді?
Осындайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Егер кинотеатрда немесе спорт, футбол залдарында сағызды жапсыратын болсаң, онда барлығы да бұл әрекетті қайталайды. Сондықтан да тазалық ұдайы жинастыратын жерде емес, тазалық ластамайтын жерде сақталады» дегені ойға оралады.
Яғни тазалықты сақтау заңмен емес, әрбір азаматтың саналы түрде сақтауға тиісті міндеті дегенді танисыз. Дәлірек айтсақ, ауданның тазалығы азаматтардың тұрғылықты жеріне деген сүйіспеншілігі мен отансүйгіштігінің арқасында келеді дегенге саяды.

P.S.: Тазалық – мәдениеттіліктің өлшемі. Жаңақорғандықтар осы сөздің парқын түсінбесе, іс насырға шаппайды. Осыны түсіну керек.

ТҰРҒЫНДАР НЕ ДЕЙДІ?


Кент тұрғыны Алмас Бекжігітов: «Тұрғындардың туған жерге деген патриоттық сезімі, жанашырлығы төмен болуы расымен қынжылтады. Тіпті, айналасының тазалығына немқұрайлы қарайтын азаматтар¬ да бар. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өресін, мәдениетін танытады. Барлығы бірдей емес, әрине. Бірақ қоқысты кез келген жерге тастайтын тұрғындар расында бар», – деп қынжылды.
«Жаңақорған Тазалық» ЖШС директоры Мұхамеджан Рүстемов:
– Жаңақорғандықтардың тазалық жөнінде мәдениетін, түсінігін әлі де көтеру қажет. Кент – баршамыздың ортақ үйіміз. Тазалық – кентте тұрып жатқан тұрғындардың барлығына қатысты мәселе. Оны тазалауға тек біздің мекеме емес, әрбір кент тұрғыны жауапты болуы тиіс. Сонда ғана тазалық салтанат құрады. Ақиқатында әр азаматты тазалыққа тәрбиелеу отбасынан басталуы тиіс. «Өздері тазалайды» деген керағар пікірден аулақ болған жөн. Әркім өзі тұратын үй-жайдың айналасын таза ұстап, артық-ауыс қалдықтарды шашпай, ұқыпты болса, кент таза әрі көрікті мекенге айналары хақ, – деді.
«Хисамиддин-Сығанаки» мешітінің имамы Жеңіс Ашимов:
– Алла елшісі (с.ғ.с): «Тазалық – иманның жартысы» – десе, тағы бір хадисінде: «Алла таза жүретін құлдарын да жақсы көреді. Ендеше, үйлеріңіздің маңайын да таза ұстаңыздар!» – деп ескерткен.
Қасиетті Құран «Бақара» сүресінің 222-аятында: «Сөзсіз Аллаһ тәубе еткендер мен тазалағандарды жақсы көреді», – деп тазалықты мадақтайды. Пайғамбар (с.а.с.): «Лағынетке ұшы-рағандардан болудан сақтаныңдар» деген. Сонда сахабалар: «Ей, Аллаһтың Елшісі, олар кімдер?» – деп сұрағанда: «Адамдар жүретін жолды және көлеңкелеп дем алатын жерлерді ластап кірлеткендер», – деп жауап қатыпты. Сондай-ақ сүйікті Елші (с.а.с.): «Аулаларыңды таза ұстаңдар!» деп бұйырып, жолға, суға дәрет сындыратындарға, көлеңкеліктерді ластағандарға да тыйым салды. Ислам дінінен өмірін өрнектеген қазақ халқы «Тазалық – саулық негізі, Саулық – байлық негізі», «Жаны тазаның ары таза», – дейді.
Аудандық жергілікті полиция бастығы Ербол Әлімбеков:
– Қоғамдық орындарды, көшені ластағандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434 бабының 1 тарауы бойынша 21 210 теңге айыппұл төлейді. Ал екінші рет айыпталушы ұсталса Кодекстің 434 баб 2 тарауымен бес тәулікке қамалады, – деді.

Р.S.: Ұлт басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «...әрбір қазақстандық өзінен бастауы керек: өзінің үйінен, қаласынан, ауылынан бастауы, өзінің денсаулығы мен өмір сүру салты туралы ойлануы керек екенін баса айтқым келеді. Мұнсыз ешқандай жаңа өмір сапасы орнамақ емес», деп жауапкершілікке шақырды.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.



08 қазан 2019 ж. 1 083 0