Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТАБИҒАТТЫ ТАЗА ҰСТАЙЫҚ!

ТАБИҒАТТЫ ТАЗА ҰСТАЙЫҚ!


«Таза су айдындары» акциясында жаңақорғандықтар белсенділік танытуда. Яғни, дәстүрлі акция аясында аудандағы көлдер күл-қоқыстан тазартылып, ауыл маңдары қайта тыныстап қалады. Екі ай көлемінде жалғасатын тазалық жұмыстарын бақылап, кем-кетікті таразылау мақсатында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлімше бастығы Руслан Сейтмұратов келіпті.
Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Мадияр Ержановтың жетекшілігімен жұмыс «Төлеу» шаруа қожалығына қарайтын Жашыкөлден бастадық. Одан әрі, Бозкөл мен Алакөлді араладық.
– Жаңақорған ауданында 23 көл есепте тұр. Сондай-ақ, резервте «Шұқырой» мен «Иван» көлі бар. Жылда акция барысында тазалық жұмыстары жүргізіліп тұрады. Бұл, ең алдымен, табиғатқа деген қамқорлық деп түсіну қажет. Осы арқылы жастарды тазалыққа, туған өлкені аялауға тәрбиелейміз. Мемлекет басшысының рухани жаңғыру бағдарламасымен мұраттас акция туған жерге қамқорлыққа үндейді, – деді М.Ержанов.
Түс ауа мекеме қызметкерлері, инспектор Қалберген Асланбек пен Қуаныш Әбілқасымов табиғат пайдаланушылармен бірігіп іске кірісті. Көл егелері Рахматулла Данбаев пен Мұқаш Жакудаевтың да белсенділігін айта кеткен жөн.
– Әрине, табиғатты аялау әрбір перзенттің туған өлкеге деген құрметі деп білгеніміз жөн. Осы тұрғыдан алғанда кейбір тұрғындар тазалыққа бей-жай қарап жатады. Соңында өзіміз қожалық ететін көлдердің күл-қоқысын тазалап жататынымыз жасырын емес. Ал, мына акция аясында жасалып жатқан жұмыс жүйелі, – дейді Сұлтан Ибрагимов.
Рас, кейде табиғаттың тазалығына көзімізді жұма қарайтын кеселден кенде емеспіз. Алайда, судың да сұрауы бар екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан, тек жоспарды күтіп қана қоймай, қай мезгілде болмасын су айдындарына сүйіспеншілікпен қарап, ластамауға тырысқанымыз абзалырақ болады. Еске сала кетсек, іс-шара жоспары маусым айының соңына дейін жалғасады.
– Қазақта су ішкен құдығыңа түкірме деген тәмсіл бар. Кейде көл маңына балық аулауға келетін жандардан әбестік кетіп жататыны жасырын емес. Сондықтан, табиғатқа да оң көзбен қарап, таза ұстауға тырысқан дұрыс болар, – деді кент тұрғыны Нұржан Әміров.
Айта кететіні, акцияға 20-ға жуық тұрғын мен төрт автокөлік жұмылдырылып, әр түрлі тұрмыстық қалдықтар көл маңынан тазартылды. Акция әлі де жалғасын табады.

Әлібек ТЕМІРБЕК.
19 мамыр 2018 ж. 2 988 0