№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАЛАЙ?

ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАЛАЙ?

  Әне-міне дегенше қыркүйек айы да келіп қалды. Бұл дегеніміз қыстың қытымыр аязына дайындықты тағы бір пысықтап, отын-суыңды сайлай бер деген сөз. Осы тұста ауданның қысқы жылыту маусымына дайындығы қандай? Жергілікті әкімдік пен тиісті мекемелер қыстың қамын жазда ойластырды ма? Міне, осы мәселелерді біз тақырып нысанына алып, саралап көрдік.

  Сала мамандарының сөзінше, аудан бойынша жылуды қажет ететін 143 әлеуметтік нысан бар. Оның 72-сі мектеп пен балабақша. Атап айтқанда 45 мектеп, 1 колледж, 26 балабақша. Оған қоса, 35 мәдениет және спорт саласы кешендері мен 36 денсаулық сақтау мекемесі тіркелген. Аталмыш мекемелердің 101-і қатты отынмен, 27-сі сұйық отынмен, 15-і көгілдір отынмен жылытылады.
Мезгіл мәселесіндегі мәліметтерге жақынырақ қанығу үшін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Есдәулет Сейловке жолықтық. Сала басшысының сөзінше, бүгінде қажетті сұйық отынның 80 проценті жасақталған.
– 2019-2020 жылға жылу беру маусымына орай әлеуметтік-мәдени, білім және денсаулық сақтау нысанына 2,2 мың литр дизельдік жанармай мен 6,1 мың тонна қатты отын қажет екені анықталды. Оған облыстық және жергілікті бюджеттен 527,4 млн. теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі күнде әлеуметтік нысандарға 4447 тонна көмір отынына келісім жасалып, оның пайыздық дайындығы 72 процент болса, сұйық отын 1840 тонна, яғни 80 проценті жасақталған.
Кент ішінде газға қосылған нысандар білім саласы бойынша 9 болып 60 процентке, ал денсаулық пен спорт саласынан 1 мекемеден, мәдениет саласынан 4 мекеме көгілдір отынға қосылды, – дейді Есдәулет Мырзадәулетұлы.
Бөлім басшысының айтуынша, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 4 нысан табиғи газға қосылу тізіміне енген. Олар: аграрлы-техникалық колледж, аудан әкімі аппараты, аудандық архив, аудандық орталық емхана. Бұл мекемелердің құжаттары конкурсқа ұсынылып, нәтижесі күтілу үстінде екен.
Сондай-ақ сала мамандары биыл қатты отын тапшылығы болмайтынын айтуда. Бұған байланысты ауданға теміржол тасымалымен келетін көмір бойынша 2019-2020 жылға жеке кәсіпкер Фахритдин Тұрғанбаев, жеке кәсіпкер Рахматуллаев және «Жаңақорған Техсервис» ЖШС ұсынған жоспар негізінде халықты жыл соңына дейін 24 100 тонна қатты отынмен қамтамасыз етумен міндеттелді.
Бұл жөнінде біз жеке кәсіпкер Фахритдин Тұрғанбаевпен тілдестік.
– Қазіргі таңда қоймада 1800 тонна көмір бар. Ол «Жалын-Көмір» ЖШС-гі арқылы жеткізілді. Негізі жылу маусымы аяқталамын дегенше әлі 4000 тонна көмір қажет. Алдымен қатты отынмен әлеуметтік нысандарды, сосын жеке азаматтарды қамтамасыз етеміз. Биылдыққа жеке тұрғындар үшін көмірдің тоннасы 14-15 мың теңге көлемінде болмақ. Бүгінде аудан тұрғындарын көмірмен толығымен қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыстар жасалуда, – дейді жеке кәсіпкер.
Зерттеу барысында белгілі болғандай, биыл көмір бағасын тұрақты бағада ұстау мақсатында өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде ауданда ірі көлемді «Шұбаркөл» сортты көмірін тасымалдайтын кәсіпкерлердің бірі Рахматуллаевпен келісімге отыру жоспарлануда екен. Егер келіссөздер сәтті аяқталса, Жаңақорғанда «Шұбаркөл» көмірінің тоннасы 13 800 теңгеден сатылмақ.
Қолда бар мәліметке сүйенсек, кенттегі тұрғын үйлердің 4776-сы көгілдір отынды игілігіне тұтынуда. Бұл дегеніміз газдандандырылған үйлер саны 88,3 процентті құрайды деген сөз.
Тұрғын үйлерден бөлек, білім беру ұйымдарының көгілдір отынға қосылу белсенділігін білмекке аудандық білім бөлімінің басшысын сөзге тарттық. Ауданның бас ұстазы Болат Ибрагимовтың сөзінше, ауданда 42 мектеп білім ошағы бар. Оның ішінде кентте орналасқан 7 мектеп көгілдір отынға қосылған болса, 23 мектепке 1662 тонна қатты отын, ал 12 мектеп 761 тонна сұйық отынмен осы жылдың аяғына дейін қамтамасыз етілгені белгілі болды.
Білім саласының жылыту маусымына дайындығынан соң, денсаулық нысандарының жай-күйін білдік.
Аудандық бас дәрігердің әкімшілік шаруашылық істері жөніндегі орынбасары Дастан Тұрлыбеков қысқы науқанға дайындықты сөз етті.
– Аудандық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарына 108 059 253,12 теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың қараша айының алғашқы он күндігіне жоспарланып отыр. Сондай-ақ Төменарық дәрігерлік амбулаториясы, Қандөз ауылдық ауруханасы, Ақсуат медициналық пункті, аурухананың инфекция бөлімі ғимараты мен балалар бөлімі, аурухананың кәріз су жүйесі мен жылу қазандығына жәй жөндеу жұмыстарын жүргізуге сметалық жобалау құжаттары әзірленіп, тиісті орындарға ұсыныс берілді, – дейді бас дәрігердің әкімшілік шаруашылық жөніндегі орынбасары.
Сондай-ақ ол аудандық емхана ғимаратының жылу жүйесін жанар-жағар майдан газға ауыстыру үшін сараптама жасалып, қажетті қаржыны бөлуге ұсыныс берілгенін тілге тиек етті. Оған қоса, 2019-2020 жылғы қысқы маусымға дайындық жұмыстарына 1000 тонна қатты отынға, 266 тонна жанар-жағармайға келісім шарт жасалынған. Сондай-ақ, Шалхия, Бірлік, Талап, Келінтөбе, Қожакент, Қандөз елді мекендеріндегі медицина ошақтарының жылу жүйелерін жанар-жағармайдан қатты отынға ауыстыру бойынша жұмыстар атқарылуымен қатар бу қазандықтарына да тапсырыс беріліп, келісім шарт жасалыныпты.
Зерттеу нысанының соңғы нүктесі кент әкімдігі болды. Кент әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жарас Мырзалиевтің сөзінше: – «Арнайы» балабақша, №5 «Балғын» бөбекжай балабақшасы, «Ақбота» және «Болашақ» балабақшалары қысқы маусымға толығымен дайын. Бүгінгі таңға дейін дизел отымен жылытылып келді. Енді желтоқсан айының соңына дейін де дәл осылай болады. Келісімшарт жасалып, тиісті жұмыстар атқарылған. Ал газ қондырғыларын орнатуға сметалық жоба жасалып, тиісті мекемеге жолданып, қаражаты толығымен қарастырылған. Келесі жылдан бастап аталған балабақшалар табиғи газбен жылытылатын болады, – деді кент әкімі.

Түйін. Айта кететіні, биылғы жаздың аптап ыстығы келер қыстың қытымыр аязына ұласатынын синоптиктер ауа-райына қарап болжаған. Ендеше әне-міне дегенше қаһарына мініп келетін қыстың аязды күні алыс емес екенін ескерсек, қысқа дайындықты бүгіннен бастаған жөн.

Лаура БИБАСАРОВА
24 тамыз 2019 ж. 1 443 0