№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жаңақорғанда кәрі қыздар көп пе?

Жаңақорғанда кәрі қыздар көп пе?

   Жақында группаласым хабарласты. «Әй, қыз, жігіт тауып берсей. Болмаса жұмыс-жұмыс деп жалғыз қалатын түрім бар», – деді. Маралдың өзіндік пікірі бар, өжет еді. Топтың алды болатын. Одан бөлек, топтағы оқымысты қыз Дана да кәрі қыздардың қатарын толықтырмақ. Осы жай ой салды, кәрі қыздар жайлы мақала жазуыма түрткі болды.

Алдымен, кәрі қыз деген кім? Соған тоқталсақ. Кәрі қыз – тұрмыс құрмаған, ажыраспаған 25 пен 40 жас аралығындағы сұр бойдақтар. Яғни кәрі қыз деп ақ босаға аттамаған, бала сүймеген, жанында тіреу болар ер-азаматы жоқ нәзікжандыларды айтамыз. Статистиканы сөйлетсек, елдегі 25-35 жас аралығында жалпы әйелдер саны 687466 болса, ер адамдар 692171 екен. Оның күйеуге тигені – 29552. Әйел алғаны – 49071. Үйленбеген еркектер – 46038. Ал 26495-і тұрмыс құрмаған. 30-34 жас арасындағы қыздардың жалпы 624259 құраса, 607 032-і – еркектер. Оның 11911-і тұрмысқа шыққаны, 220339-ы үйленген, 16383-і әйел алмаған. 8809-ы кәрі қыз. Осы 8809 кәрі қыздың артында үлкен әлеуметтік мәселе жатыр.
Енді кәрі қыздардың көбею себебіне тоқталсақ. Біріншіден, өз қиялындағы ақ боз атты ханзаданы немесе мінсіз жігітті армандайтын қыздар көбейді. Тұрмыс құруға өтініш жасаса, міндетті түрде үйі бар ма, көлігі ше деген сауалдар қойып, материалдық деңгейіне баса мән береді. Ондай қыздарға жігіттер көп жақындай қоймасы анық. Өйткені еркек – намыстың иесі. Олардың пікірінше, әйел ерімен бірге қара нан жеп, қара су ішсе де, шүкірлік ету керек. Ал бұл түсінік нарыққа бейімделген қыздардың дүниетанымына жат.
Кәрі қызға ұшырататын екінші себеп – карьера. Қызмет, мансап, атақ-абырой деп бір оқуды бітіріп, екіншісін оқып жүргенде тұрмыс құрар жастан өтіп кеткенін білмей қалып жатқандар көп.
Үшіншіден, қазақ қоғамында әйелге, қызға деген қамқорлықтың азаюынан немесе отбасындағы зорлық-зомбылықтан. Отбасында әкенің ішімдікке сылқия тойып, анасына қол көтергенін, бала-шағасын тастап, өзге әйелдің жетегінде кеткендерді көріп өскен қыздардың еркек атаулыға өмір бойы жүрегі жібімейді екен. Өйткені оның ойынша еркек – алдаушы адам, айлакер. Ер адамға сенім болмағандықтан, жақсы көру, сүю қасиеті де кемшін болады екен. Мұны психологтар да дәлелдеген.

МЕДИЦИНА СӨЙЛЕЙДІ

Қыз баланың басты міндеті өмірге ұрпақ әкеліп, нәресте сүю екені бесенеден белгілі. Әрбір нәзікжанды «ана» атанғысы келетіні де ақиқат. Алайда дәрігерлер уақытында бала сүймеудің, тұрмыс құрмағанның зияны көп екенін айтады. Бұл жөнінде аудандық емхананың акушер-гинекологы Сайран Манауова былай дейді.
– Медицинада үлкен жастағы бірінші рет босану ауыр жағдайда жүреді. Өйткені адамның жасы ұлғайған сайын организмнің жұмысы баяулап, баланың жолдары жабы­лады. Жатыр мойны ашылмаған соң, ота арқылы жасанды жолмен тудыруға тура келеді. Физилогиялық тұрғыда 20 жас­тан асқан қыз босану керек. Кейбір кеш тұрмыс құрған әйелдер бедеулікке де ұшы­рап жатады. ЭКО арқылы жасанды ұрықтандыру арқылы бала асырап алушы­лардың көбею себебі де уақытылы тұрмыс құрмағаннан. Нәтижесінде жатыр мойнының қатерлі ісіктері, атап айтқанда, жатыр мойыны полит, жатыр фибриомиома, жатыр қосалқыларының кисталары нашар­лайды. Әрі гормондардың бұзылуы әсерінен қалқанша және сүйек бездерінде ісік пайда болады. Бұл ауру түрлері әйел адамын психикалық, яғни ашуланшақ, шаршаңқы және шыдамсыз күйге түсіреді. Қалыпты деңгейде ер-адаммен бірге өмір сүрмегеннің салдарынан жалғызбастылық қана емес, психикалық аурулар да пайда болады, – деді дәрігерлер.

ӨМІРЛІК ТӘЖІРИБЕДЕН ҮЗІНДІ

Қарапайым ғана мысал, алыстан атой салмай-ақ жанымда жүрген адамдардан мысал келтірейін. Құрбы қыздарымның бірі өте оқымысты болатын. Оқымаған кітабы, бармаған үйірмесі жоқ. Өзі үйінің жалғыз қызы. Жасы 25-те. Осы уақытқа дейін бір жігітпен сөз байласып, сөйлесіп көрген емес. Бұл туралы ойлауға уақыты да жоқ. Бір колледж, бір университетті бітірді. Қазір магистратурада білім алып жүр. Әлі доктор PhD қорғаймын деген нақты жоспары бар. Оны оқып жүргенде 30-да тұрмыс құрмасы анық.
Енді екіншісі бар. Ол – әке мейірімін көрмеген. Әкесі тірі болғанымен аралас­пайды. Өйткені әкесі анасы, бауырларымен қоса тастап кеткен. Бір сөзбен айтқанда еркектерге сенімі жоқ, көңілдегі ренішін жеңе алмай жүр. Жолап кеткен жігітпен ерегісуге құштар. Көрсе көз тоймайтын қыз болса да, алдына келіп сөз салған жігіттің бетін қайтарып салады. Сенімсіздіктің салдарынан махаббат, отбасын құрудан қорқады. Бұл – қыз үшін психологиялық қасірет.
Кәрілікке тап болғандардың тағы бір түрі бар. Олар – әке-шешесі бетінен қақпай, саған лайық азамат жоқ деп өсіргендер. Ондай қыздар жігіттің бар кемішілігін жіпке тізіп, жақсылығын көрмей, одан асқанын табамын деп жүріп, кәрі қызға айналғанын білмей жатыр. Мұндай пікірді ұстанатындарды интернеттен оңай табуға болады.

Гүлнара Әбдіхалық (35 жаста) – мейрамхана әкімшісі:
– 25 жасқа жеткенше өзім тұрмыс құрғым келмеді. Мансап құрып, тапқан табысымды ата-анама беріп көмектестім. Ал 25 пен 30-дың арасындағы уақыттың қалай өтіп кеткенін білмеймін. 25 жастан асқан соң жігіттерге деген сенім азаяды. Сөз салған жігіттер алдап кете ме деген қорқыныш басым, кейбірі мен үшін жалқау, тіпті арасында менің жеке басыма емес, қызметіме, табысыма қызығатын сияқты көрінді. Соларды саралап жүріп 35-ке келіп қалдым. Ешқашан жігіттің түріне қараған емеспін, «сүйген сұлу» деген түсінік менде. Ал қазір тұрмысқа шыққым келсе де мүмкіндік өте аз. Себебі, менің қатарымдағы басы бос жігіт жоқ. Бар, бірақ олар ажырасқандар. Ал мен жарымның өзім секілді бұрын отау құрмағанын қалаймын. Ал сүрбойдақ жігіттер жасы үлкен қызды емес, жоғары оқу орнын кеше бітірген, жас қыздарды ғана таңдайды, – дейді ол.

Бибінұр Жұманова –
аудармашы (34 жаста).
– Студент кезде, оқу бітірген соң пәтерден пәтерге көшіп, әбден шаршадым. Осы қиыншылықты өзім ғана көрсем деп тынбай жұмыс істеп, осы жасқа келдім. Шыны керек не алған баспана жоқ, не тиген күйеу жоқ. Қазір жалғыз басым ғана. Өте қиын. Жоғары білімім, жақсы қызметім болса да жігіттер үшін мен кәрі қызбын. Сөз салған еркек тоқал немесе көңілдес болуға шақырады. Әрбір қыздың арманы – бала сүйіп, сүйікті жарын күнде үйінің төрінен көру. Мойындаймын, қазір күйеуге тию туралы үмітім азайды. Сол үшін де қартайып кетпей тұрғанда өзім үшін бала туып алсам деген ойым бар. Жас кезіңде неге үйленбедің дегендерге айтарым – егер сондай мүмкіндік болса, осылай жалғыз жүрмес едім ғой, – дейді аудармашы.

«Қыздар – жеке үй, жақсы көлігің мен жала­қысы жоғары жұмысыңа да қарайды»
– «Жасың 25-тен асқан соң қыздарға деген көзқарас, қоятын талап та көбейіп кетеді екен. Бұл жаста ер азаматтар өз киімін өзі жуып, тамақты да жасай алады. Сондықтан ер жігіт әйелден ерекше қасиет іздейді. Оның ішінде имандылық, үйдің берекесін кіргізетін пысықтығы, ер-азаматпен ойы бір жерден шығады ма деген секілді мәселелер бірінші орында. Осы күнге дейін отау құрмағанымның екі себебі бар. Біріншісі – өз идеалымдағы аруды жолықтырмадым және материалдық жағдайды реттеу болды. Бірақ, шыны керек статистика бойынша 1 жігітке 5-10 қыз келеді деп жатқанымен, оның барлығы сенің теңің, өмірлік жарың емес. Керісінше маған бойдақ жігіттердің қатары көп секілді. Сондай-ақ «заманына қарай адамы» демекші, қыздардың да жігітке қояр талабы жоғары. Жеке үйің, тұрақты жұмысың, табысың, тіпті көлігіңің болғанына дейін қарайтын және мән беретін қыздар бар», – дейді 28 жастағы танымал экономист, сүрбойдақ Мақсат Серәлі.

ПСИХОЛОГТАРДАН КЕҢЕС

Иә кәріліктің себебі мен салдарына тоқтадық, талқыладық. Енді кәрі қыз атанудан сақтанудың жолы қандай? Осыны сараптасақ.
Барша қазақ қыздары мен әйелдеріне үлгі болып жүрген, отбасылық тренер «Құралай ханым» не дейді? Соның кеңесіне зер салайық.
Құралай ханымның психологиялық көме­гіне сүйенсек, ең алдымен кәрі қыз «мен не үшін тұрмыс құрмай жүрмін?» деген сауалға жауап іздеуі тиіс. Күнделікті кеш­құрым ұйықтар алдын А4 парағының дәл ортасына «Мен не үшін тұрмысқа шыға алмай жүрмін? – деп жазып, жастықтың астына қойып, бүкіл байланысты өшіріп, тыныштықта ұйықтау керек. Түнімен бұл сауалға жауап іздеген адамның санасы ертесіне өзі-ақ тиісті жауапты береді. Себеп анықталған соң, соған қарай амал жасап, тұрмыс құрудың жолын қарастыру керек.
Екінші кеңес. Әрбір қыз атаулы күнде айна алдында өз кемшілігін көрудің орнына «Мен өте әдемімін», «Мен бір азаматтың асыл жарымын», «Мен бір шаңырақтың ибалы келінімін» деп күнде қайталап, өз-өзін, миын сендіру қажет. Психологияда афирмация деп аталатын бұл тұжырымның адамға тигізер пайдасы көп. Сондықтан нәзікжандының миы осыған 100 пайыз сенгенде қалай тұрмысқа шыққаннын білмей де қалады екен.
Қысқасы, кәрі қыз – елімізді ғана емес, жаһанды жайлаған проблеманың бірі. Қытайлар мұны зерттеу үшін 30-дан асқан қыздардың құлағына құлаққап кигізіп, баланың іңгәлап жылаған дауысын естірт­кен. Нәтижесінде 90 пайызы баланың дауысын тыңдағысы келмей, шешіп тастаған. Мұны әлем ғалымдары аналық инстинктің азаюынан деп бағалап, тұжырым жасады. Осындай жанды мысалдан-ақ уақытылы тұр­мыс құрудың маңызды екенін ұғуға болады.

Қай жерде, мейлі, қай елде
Әлемнің мәні – Әйелде.
Шын мықты болсаң оныңды
Әйелге барып дәлелде!
Жүсіп Ерман ағамыз айтқандай, әлемнің мәні әйелде.

Түйін. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен әйел атаулы емес пе бұл өмірдің мәні мен сәнін кіргізген. Сондықтан тіршіліктің нәрін алып, перзентке жарық сыйлап, ең тәтті ана махаббатын сезінетін қыздарымыз көбейсін.

Ханзада ДОШАН
20 тамыз 2019 ж. 1 517 0