» » ЖАР ТАҢДАУДА ЖҮРЕКСІНБЕ...

ЖАР ТАҢДАУДА ЖҮРЕКСІНБЕ...


Бүгінде кім көп, басы бос бойдақ жігіт пен көңілі көкте, өзі етектегі «кәрі қыз» көп. Оған дерек көздерден-ақ көзіміз куә. Мәселен, статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізде бойдақ жігіттер, яғни, 30 жастан асқан азаматтардың саны күн санап артып келеді. 2009 жылдың қорытындысында 80 мыңға жуықтаған бұл көрсеткіш қазір саны артқаны ақиқат. Ауданда да «сүрленген бойдақтар» қатары аз емес.
Иә, қазақта «ерте үйленген қартайғанда қуанады» деген жақсы сөз бар. Алайда, аталы сөз кейінгі уақытта қазақ жастары арасында қадірін қашырып алғандай көрінеді. Оған кінәліні қоғамнан іздейміз. Отбасылық жағдай, әлеуметтік дағдарыстың да әсер етпей қоймайтыны бар. Екінші бір себеп, қазір жастар арасындағы ажырасудың белең алуы. Бұл жөнінен де мәлімет бере кетейік, 2017 жылдық қорытындысымен айтсақ, аудан бойынша 90 отбасы некесін бұзған. Демек, әр ай сайын 7-8 шаңырақтың уығы ортасына түседі.
Үй құрап, бас құрау үшін жақсы қыз керек. Бұл бойдақтардың айтар пайымы. Қандай жігіт болмасын өзінің екінші жұбының иманды, ибалы, қазақы мінезді, сабырлы, сымбатты, әрі тәрбиелі, текті болғанын қалайды. Әрине, ол дұрыс-ақ. Алайда, осыған өзіміз де лайықпыз ба? Яғни, қарындасқа қалқан, кез-келген қиындыққа қауһарлы, қайратты, уәдеге берік, жарға серік бола аларлық айбарымыз бар ма? Жар таңдауда жүрексінген жігіттер алдымен осыны ойланып көрейікші.
Сөзіміздің соңын мына бір әңгімемен қорытсақ. Бірде бір данышпанға орта жастағы жігіт келіп:
– Мен сізден көмек сұрап келдім. Менің үйім де, көлігім де, жұмысым да бар. Тек жанымды түсіне білетін қамқор, мейірімді, жақсы мінезді жар таба алмай жүрмін. Достарымның барлығы үйлі-баранды, бақытты өмір сүруде. Маған жақсы қыз жолықпай-ақ қойды. Оның себебі неде? – деп шағымданады.
– Бұл сұрағыңа қазір жауап бере алмаймын. Ертең кел, – деп қайтарып жібереді данышпан. Келесі күні келген жігітке:
– Мен қазір шай қояйын. Содан соң әңгімелесеміз, – дейді де сөзін жалғап:
– Осы уақытқа дейін жарым болуға лайық деп санаған қыз жолығып па еді? – деді. Қонақ бала басынан өткен бір оқиғаны қозғап, қыздардан көңілі қалғанын айтады. Данышпан бойдаққа «ертең кел» деп тағы қайтарады. Бұл жағдай алты рет қайталанып, жетіншісінде жігіт тағы бір әңгімені сөз ете бастағанда ақылман кісі оның сөзін бөліп:
– Айтпақшы, саған қандай шай ұнады? – деп сұрайды. Жігіт таңданып:
– Оған мән бермеппін. Неге сұрадыңыз? Әр келген сайын көк шай іштім, қателеспесем, – дейді. Сонда данышпан:
– Жоқ, сен әр келген сайын әртүрлі шай іштің – бірі күш-қуат береді, біреуі тыныштандырса, енді бірі жеңілдік сезімін сыйлайды. Тек оларды асықпай ішіп, дәмі мен иісін сезіне білсең болғаны, – деп жауап береді. Бұл әңгімеден шығатын қорытынды, мінсіз адам болмайды. Кез-келген адамның жақсы тұстары да, кемшін тұстары да болады. Сондықтан да көп сынаймын деп, бақытымызды қолымыздан ұшырып алып, сан соғып қалып жүрмейік. Жақсы жар – жақсы ойлардың жанында жүр...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
30 қаңтар 2018 ж. 2 092 0