№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бізді экологиялық дағдарыстан не құтқарады?

Бізді экологиялық дағдарыстан не құтқарады?

  Қазір жер-жерде тазалық акциялары ұйымдастырылуда. Мақсат – өзен-көлдер мен олардың аумағын тұрмыстық қалдық заттардан тазартып, тұрғындарды тазалыққа шақыру.
 Расында экологолиялық тазалық – негізгі проблемаға айналды. Тоғайға, тауға, өзенге, көлге барсаңыз шашылып жатқан полиэтилен пакеттер, шыны ыдыстар мен памперстерді көресіз.
  Табиғи процеспен жойылуға жүздеген жылдар кететін тұрмыстық қалдықтар ен даланы экологиялық дағдарысқа ұшы­ратуда. Алайда бізді экологиялық мә­селе алаңдатпайды. Ең өкініштісі осы...Даланы шашылған қоқыстан арылтудың бірден-бір жолы – қайта өңдеуді жолға қою. Бізде оның ауылы алыстау секілді. Мәселен, Еуропа елдерінде тұрмыстық қатты заттардың 40-70 проценті сұрыптау және өңдеу арқылы шешіледі. Яғни кәдеге жаратылады. Салыстырмалы түрде алсақ Қазақстанда тұрмыстық қалдықтың 3 проценті ғана өңдеуге жіберіледі.
  Тазалықты сақтау шетел тәжірибесі қандай? Сингапурде көшенi ластау қылмыс саналады. Егер абайсызда түкiрсеңіз немесе тамақ қалдығын лақтырып жiбер­сеңiз үлкен мөлшерде айыппұл төлейсiз. 100 доллардан 1000 доллар аралығында. Көліктің дөңгелегі кір болса, 500 доллар төлеуге міндеттісіз. Тазалық мәдениеті сақ­талған елдің қатарында Германия да бар. Онда тазалықты таңнан қара кеш­ке дейін комиссарлар қадағалайды. Ере­жеге бағынбайтындарға заң қатал. Бұл елде әрбір қадам сайын арнайы қоқыс жәшіктері қойылған. Темекіге, бөтелкеге, сағыз, шемішкеге арналған ыдыстар бар. Француздар да тазалыққа бейжай қара­майды. Айналаны ластаса 1500 еуро айып төлеуіңіз мүмкін. Жапонияда қоқысты: шыны, жанатын, қайта өңдеуге жарайтын, жанбайтын деп бөліп, арнайы ыдыстарға салады. Әрбір жапондықты мектеп жасы­нан тазалық мәдениетіне үйретеді.
Міне, әлем елдері тазалыққа осылай жіті көңіл бөледі. Егер дамып, озық отыздыққа енеміз десек, алдымен тұрғын­дардың санасына тазалық мәде­ниетін сіңіргеніміз абзал...

***
 КСРО ғалымдары Қызылқұм шөлінде тас болып қатып қалған ағаштардың діңгегін табады. Оны зерттей келе бұдан 100 млн. бұрын шөл емес, ит тұмсығы өтпес ну орман болған деген шешімге келеді. Жалпы жер беті баяу болса да өзгеріп тұрады. Яғни әрқилы табиғи өзгерістер орын алады.
 Кейінгі ғасырларда адамның арала­суымен тепе-теңдік заңдылығы қатты бұзылды, табиғат танымастай өзгерді. Айта берсе көп. Мәселен, мұнайдың немесе уранның жерге немесе теңізге төгілуі мен өзендерді бөгеуінің салдарынан көптеген өсімдік, балық, жануар, құстардың түрлері жойылды. Жер бетінде шөлді, шөлейтті аумақ артты.
Жақында фантастикалық «Годзилла 2» фильмін көрдік. Мұхиттың түбінде өмір сүретін құбыжық әлемді құтқа­рады. Фантастикалық фильм желісінде «Годзилла» жат планеталық құбыжық­тарды жеңіп, жердің табиғатын бастапқы қалпына келтіреді. Адамның қиялынан құрылған сютжеттер шындыққа айналса екен. Өйткені дәл қазір әлемді тұрмыстық қалдықтардан құтқаратын «Годзилла» керек болып тұр. Өйткені адамзат қу қарнын күйттеп, табиғат Ананы жалмап барады.
Ақыры не болады екен, ә?!
 Экологиялық дағдарыстан тұщы су қоры ластанған, таза ауасы былғанған, табиғи азық-түлігі тапшы адамзатты елес­тетуге болады.
Оның салдарынан жердегі тіршілік тоқ­тау мүмкін ғой!..
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

20 тамыз 2019 ж. 1 030 0