№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорғанда мектеп формасының бағасы қол жетімді ме?

Жаңақорғанда мектеп формасының бағасы қол жетімді ме?


Қазір Түркістанның базарында адам қарасы көп. Жер-жерден келгендер арасында жаңақорғандықтар да бар. Ұл-қыздарына киім-кешек, дәптер мен қалам алып жаңа оқу жылына қамдануда. Білім және ғылым министрлігі бірыңғай мектеп формасын міндеттеп отыр. Яғни зайырлы сипатта, классикалық үлгіде, бірыңғай түсті болуы тиіс. Мектеп формасына байланысты талаптар қоғамда түрлі пікірлер орын алуда. Сонымен ұстаздар мен ата-аналар не дейді? Оқушылар ше?


Мектеп формасы төңірегінде сұ­рақ­тар бойынша аудандық білім бө­лі­мінің бас инспекторы Мира Жандарбековаға арнайы жолықтық.
– Әр оқу мекемесі өзінің дербес мек­теп формасын таңдай алады. Мектеп басшылығы форманы нақ­ты бір өндірушіден алуды талап етуге, сондай-ақ, мектепте оқушы киімдерін сатуды ұйымдастыруға құ­қы­ғы жоқ. Мектеп формасын жаңа оқу жылына енгізуді жоспарлайтын болса, онда бұл шешім ағымдағы оқу жылының 25-мамырына дейін жалпы мектептік жиналыста бекітілуі тиіс. Білім басқармалары мен бөлімдері ата-аналарға тек мектеп формасын отандық өндірушілерден сатып алуды ұсына алады. Ата-ананың міндеті – баланы оқу жылы басталғанша мек­тепте бекітілген форма үлгісі мен түсіне сәйкес киіммен қамтамасыз етке­ні абзал, – дейді ол.
Мектептер форманы отандық өнді­рушілерден алып, біріздендіру керек дегенді басшылыққа алып, Шымкент қаласындағы фабрикамен келісімге отырады. Тапсырыс алушы фабрика өзінің үлгісін ұсынып, бағасын орта­ға салады. Бастауыш сынып оқушы­ларының мектеп формасының жиын­тығы: шалбар, кеудеше, жемпір, белдемше қамтылады. Барлығының бағасы – 27500 теңге. Ал жоғары сынып оқушылары үшін 40 000 теңгеден аса қаржы керек. Ата-ананың барлығына бірдей мұндай қаржы қолжетімді емес. Сондықтан форманың бағасына наразылар табы­лып, аудан басшысына шағымын жеткізді. Аудан әкімі Ғалым Әміреев мек­теп формасының тым қымбат екенін назарға алып, халықтың қал­тасы көтермейтіндіктен тиісті орындарға тап­сырма берді.
Осыдан кейін ата-аналар мен ұс­таздар кеңесіп, бекітілген фор­маның талабына сай киімді өздері алуға келісті.
Ата-ана ұл-қызынан ешнәрсе ая­масы хақ. Оларды жаңа оқу жы­лына сақадай сай ету үшін дүкен-базарларды шарлауға кірісті. Сауда орындарындағы мектеп фор­мала­рының бағасы сапасына қарай әр түрлі. Былтырғымен салыстырғанда қымбаттаушылық бар. Сондықтан Түркістанның нарығы қызып тұр.
Бірақ Жаңақорған кентінде де сапалы әрі арзан бағада мектептің формасын табуға болады. Мәселен, «ТИЫН-1» сауда орнында қолжетімді бағада мектеп формасын алуға болады. Онда бастауыш сынып оқу­шылары киетін костюм шалбар 3100-6440 теңге аралығында, жоғары сынып оқушылары киетін костюм шал­бар жакетімен 9100-9710 теңге және 10550-11900 теңге аралығында сатылуда. Фартук киемін деген оқушы қыздарға баға 2660-3360 теңге. Ақ жейделер бағасы 1820-3500, туфли 2900-4620 теңге. Белдемше 1540-3500, сөмкелер 980-5180 теңге арасында. Спорттық киімдер болса 2520-5600 теңге, спорттық аяқ киімдер 2520-5880 теңгеден дүкен сөрелерінде тізіліп тұр.
Сондай-ақ аудан орталығындағы «АRZANPRARM» дәріханасының жа­нын­да орналасқан киім дүкенінде ұлдар­дың жейдесі 1000-2200 теңге, шал­бар 1300-2600 теңге, туфли 2600-4000 теңгеден, ал қыз баланың ақ кофтасы 1400-2500, белдемше 1000-2200, туфли 2600-4000, спорттық киімдер 3200-6500, аяқ киімдер 2000-4000 теңгеден сатылуда. Мектеп сөмкелері де сапасына қарай 1500-ден 4000 теңге аралығында.
– Мектеп формасының да өзін­дік әлеуметтік-тұлғалық жүгі бар. Біріншіден, кез келген форма белгілі бір мектепке тиесілі екенін білдіретіндіктен, оқушыға сол мекеме алдындағы жауапкершілік жүктеледі. Екіншіден, мектеп фор­масы – құқықтық қатынастар шегін айқындайтын құрал. Үшіншіден, біркелкі форма мектеп жасындағы балалардың арасында әлеуметтік тұрғыдан қысым алуына жол бермейді, – дейді №163 мектеп дирек­торының орынбасары Гүлбану Жапарова.
Ал Бесарық ауылындағы Жүсіп Қыдыров атындағы №54 мектептің 10 сынып оқушысы Аяжан Баймұрат: «Біркелкі мектеп формасын киген әрине дұрыс. Мысалы шет елде мектеп формасы ғана емес, колледж, жоғары оқу орындарында киілетін киім бірізділікке салынған. Оны кинолардан көріп жүрміз. Қарап қызығасың. Бізде осындай формалар киілсе оқушылар арасындағы әлеу­меттік жағдай тең болар еді. Әрі әдемі, әрі ыңғайлы форманы киюден мен де қашпас едім», – деп ойын айтты.
Жас ана, аудан тұрғыны Назгүл Назарбектен мектеп формасы жөнінде пікірін сұрадық.
– Үш баланың анасымын. Үшеуі де мектепке барады. Тамыз бен қыр­күйектің аралығы біз үшін қашанда қарбалас уақыт. Мысалға, Түркістан қаласынан былтыр үш балаға қажетті дүниенің бәріне 100 000 теңгедей жұмсадық. Биыл осы аудан орталығындағы дәріхана қасындағы киім дүкенінен киіндіруді жөн санадым. Балаларымды киін­діруге 55-60 мың теңге көлемінде жұмсадым. Сапасы да жақсы, – дей­ді ол.

ТҮЙІН. Қалай десек те, баланы мектепке дайындау ата-ананың міндеті. Соңғы ақшасын жұмсаса да, баланың көңілін тауып, бәйек болады. Тіпті, мәселе – киімде ғана емес, баланың зейінін ашатын мек­теп пен мұғалімнің сапалы білім беруінде екенін естен шығармасақ екен.

Лаура БИБАСАРОВА
20 тамыз 2019 ж. 1 131 0