№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МЕКТЕП – КЕМЕ, БІЛІМ – ТЕҢІЗ

МЕКТЕП – КЕМЕ, БІЛІМ – ТЕҢІЗ

Елдің бәсекеге қабілеттілігін табиғи ресурстарымен емес, адами капиталдың сапасымен өлшейтін заман туды. Ал, адами капиталдың көрсеткіші – білімде, яғни, білім беру саласын уақыт талабына сай қалыптастыруға тәуелді. Қазір орта білім беретін мектептерге заманауи тенденцияларға негізделген жаңартылған білім беру бағдарламасы енгізіліп, материалдық-техникалық базасы жаңартылды, ұстаздардың біліктігі арттырылып жатыр...



Соңғы жылдары аудандағы бірқатар мектептерде осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, позитивті прогресс жасауда. Осы санатқа М.Қаратаев атындағы №51 мектепті де жатқызуға болады. Мек­теп директоры Қалдыбек Ахметовті сөзге тартып, білім беру саласындағы жаңашылдықтар мен жаңалықтарды білдік.
– Бүгінде жаңа технологиялармен оқыту жолға қойылды. Оған мамандарды қайта оқыту, интерактивті білім беру, түрлі технологиялық тәсілдер арқылы оқушының оқуға деген ынтасын арттырып, қажетті дағдыларды қалыптастыруға басымдық берілуде, – деп бастады әңгімесін директор.
– Жаңартылған білім беру бағдарламасы жайлы көп талқыланады. Бұл бағдарламаның қажеттілігі неде?
– Озық елдердің тәжірибесіне қара­ғанда, оқушының сапалық қарым-қабілетін дамытуға басымдық бергенін бай­қайсыз. Мұндай талап-міндетті сапалы орындауда білім мазмұнын жаңарту, жаңғырту маңызды. Яғни білім беру бағдарламасының құрылымын, оқыту мен тәрбиелеудің әдістері мен тәсілдерін қайта қарастыруды қажет етеді. Жаңартылған бағдарлама бойынша білім берудің негізгі мақсаты – білім мазмұнын жаңартумен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдерін тиімді қолданып, бәсекеге қабілетті тұлғаларды дайындауда бағдар болады.
– Енді ұстаздарға жауапкершілік бұрынғыдан да арта түседі. Солай ма?
– Дұрыс айтасыз, ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңар­тып отыру және инновациялық техно­логияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Осы тұрғыда әрбір мұғалімге оқытудың әдістерін, техно­логияларды тиімді пайдалану және авторлық үлгілерді қолдану мүмкіндігі берілген. Сонымен қатар ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген, кез келген өмірлік жағдайда функционалдық сауаттылығы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсете білетін тұлғаның үйлесімді қалыптасуына және зияткерлік дамуына қолайлы жағдай туғызу барысында мұғалімдер өз күш-жігерін жұмсауы тиіс.
– Мұндай талаптарға сіздің басқарып отырған мектеп ұстаздары жауап бере алады ма?
– Әрине, жауап береді. «Мектеп – кеме, білім – теңіз» десек, біздің ұстаздар осы білім мұхитында кемені тең ұстауда өзіндік жолы қалыптасқан. Бүгінгі білім бәсекесінде беделіміз жоғары болуында 103 оқытушы атсалысып жатса, оның 15-сі жоғары санатты, 56-сы бірінші санатты, 17-сі екінші санатты ұстаз. Сондай-ақ бағдарлама бойынша 16-сы зерттеуші педагог, 27-сі сарапшы және 3 модератор жұмыс жасайды. Жаңартылған бағдарламаға сәйкес 58 мұғалім біліктілігін арттыру курсынан өтіп, жаңа бағдарлама бойынша білім беруде.
– Материалдық-техникалық базаның білім беру процесінде шешуші рөл атқаратыны белгілі. Сіз басқаратын мектеп осы талаптарға жауап беретін болар?
– Аудан әкіміне мың алғыс. Ауданның бірінші басшысы білім беру саласына ерекше жағдай жасауда. Аудандық бюжет­тің елеулі бөлігін білім беруге бөле­ді. Ал, аудандық білім бөлімінің басшысы қажетті технологияны үйлестіруді ұтқыр ұйымдастырып келеді. Осындай қамқорлықтың арқасында химия, биоло­гия, физика кабинеті соңғы үлгідегі жабдықтармен жабдықталды. Яғни соңғы үлгіде шыққан «Н1 – ТД75» маркалы интерактивті панель біздің мектепке келді. Заманауи құралдың артықшылығы көп. Мәселен, үш тілде жұмыс жасайтын тақтада оқушыға қажетті ақпараттар шоғырланған. Демек оқушының үш тілді меңгеруіне септігі бар. Сондай-ақ бір мезетте 10 оқушы жұмыс жасай алады. Бұл уақытты үнемдеуге, әрі оқушының сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Құрылғының жады кең болғандықтан, мұғалім өткен сабағын тақтаның жадына сақтап, кез-келген уақытта пайдалана алады. Тақтамен жұмыс жасайтын мұғалім де, оқушы да қосымша заттардан арылады. Сабақ өтуге қажетті маркер немесе сызғыш, циркуль сияқты оқу құралдарының қажеті жоқ. Бір сөзбен айтқанда, оқушының сапалы білім алуына кең мүмкіндік береді. Сонымен қатар мультимедия, информатика кабинетіндегі 70 компьютер мен ноутбук ғаламтор желісіне қосылды. Бұл мектеп мұғалімдері мен оқушыларының кез-келген қажетті ақпаратты алуына толық мүмкіндігі бар деген сөз.
– Биыл сіздің мектептің оқушысы ҰБТ қорытындысымен ең жоғары балды алды. Тестілеуге дайындықтың сырымен бөлісе отырсаңыз...
– Талапкердің сауатты, білімді болуы білім ошақтарындағы дұрыс оқытудың нәтижесіне байланысты. Сапалы білім беру дегеніміз не? Оқушының әрбір тарауды меңгеріп, әрбір тақырыпты талдай білуімен байланыстыруға болады. Біз осыны басшылыққа аламыз.
Оқу жылының басында ҰБТ-ге дайындауды жүйелі жүргізу мақсатында арнайы жоспар жасалады. Ай сайынғы дайындықтың нәтижесі сынама тест қорытындысы бойынша шығарып, талап­кердің тақырыпты меңгеру деңгейі сара­ланады. Әрбір оқушының сынама тесттен шығарған нәтижесіне байланысты мони­торинг жасалып, ата-аналарға беріледі. Бұл – ата-ана тарапынан бақы­лауды күшейтетін тетіктің бірі.
– Енді аз-кем өзіңіз жайлы айта кетсеңіз. Ұстаздық жолға қалай келдіңіз?
– Әкем Досман Аққұм бекетіндегі бастауыш сыныптың негізін қаласып, сонда 40 жыл мектеп басқарған. Бала кезімізден әкеміздің ұстаздық тұлғасына еліктеп өстік. Сондықтан ұстаз болмауым мүмкін емес еді.
– Әке тәлімін басқа бауырларыңыз да сіңірген болар.
– Иә, бізді ұстаздар әулеті десе де болады. Қоңырат деген ағамның да ұстаздық тәлімі бар. №125 және №163 мектепте директордың орынбасары бол­ды. Әпкем Құралай мен Құрбанкүл де ағартушылар. Інім Камал да Қожакенттегі №184 негізгі мектептің директоры болды. Қазір денсаулығына байланысты ұстаздық қызметте. Ұлым Нұржан №168 И.Әбдікәрімов атындағы мектепте директордың орынбасары қызметінде. Әйелім Гүлнар да, қызым Алтыншаш та педагогтер. Одан бөлек, жеңгелерім мен келіндерім де ұстаздық жолда табысты еңбек етіп келеді.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Наркиз САМАТҚЫЗЫ
07 шілде 2019 ж. 1 528 0