№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕП: БІЛІМНІҢ МАЗМҰНЫН БАЙЫТАДЫ

ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕП: БІЛІМНІҢ МАЗМҰНЫН БАЙЫТАДЫ


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты стратегиялық құжатында: «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет», – деп білім беру саласын жетілдіре түсуді тапсырды.
Елбасының білім беру саласына маңыз беруі түсінікті-ақ. Себебі, ХХ ғасырда экономиканың дамуына алдымен табиғи капитал, сосын адами зияткерлік активтер әсер ететін. ХХІ ғасырда өсімнің 80 пайызы адами капиталға тәуелді. Ал, адами капиталдың көрсеткіші – білімде.
Білім саласында бәсекелестік орта қалыптастыруда – жекеменшік мектептің орны зор. Сондықтан, жекеменшік мектептерді дамытуға маңыз беріле бастады. Біз осыған байланысты облыстық білім беру басқармасына хабарласып, мән-жайды білдік.
Алдымен басқарма басшысы Майра Мелдебековадан жекеменшік мектептің мемлекеттік мектептен несімен ерекшеленетінін сұрадық:
– Жекеменшік білім ордасында құрылтайшы бекіткен мектеп жарғысымен айқындалған жылдық күнтізбелік оқу кестесіне сай оқу-тәрбие процесі күні бойы жүргізілуі мүмкін. Яғни, түске дейін сабақ процесі жүргізілсе, түстен кейін пәндерді тереңдетіп оқыту, қосымша білім беру бағдарламаларын игеру, үй тапсырмасын орындау мүмкіндігі қарастырылады. Ең бастысы, типтік оқу жоспарларын таңдауда академиялық еркіндік берілген, – деп жауап қатты.
– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жекеменшік мектептер мемлекеттік тапсырысты орындай ала ма?
– Әрине, орындай алады. Қазіргі таңда жанбасына шаққандағы қаржыландыру механизмі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
– Жекеменшік мектептер Заң аясында реттелген бе?
– Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына және осы Заңнан туындайтын нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, сондай құрылтайшы бекіткен мектеп жарғысы негізінде реттеледі.
– Жекеменшік мектептер лицензияны қалай алады?
– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2015 жылғы 17 маусымдағы №391 «Білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің аймақтардағы бақылау департаменттері білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарының сәйкестігіне қарай лицензия береді.
– Мемлекеттік пен жекеменшік мектептің білім беру бағдарламасы бірдей ме?
– Меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан барлық білім беру ұйымдарындағы оқу процесін ұйымдастыру ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы №1080 «Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы» Қаулысы бойынша әзірленетін және іске асырылатын жұмыс бағдарламаларымен және оқу жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.
Дерек көздеріне қарағанда, Қазақстанда жекеменшік мектептер Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ құрыла бастапты. Бүгінде Астана қаласында «Haileybury Astana» мектебі, Экономикалық лицейі, «Нұр Орда» халықаралық мектебі табысты жұмыс жасауда. Алматыда «Мирас» халықаралық мектебі, «TAMOS Education» физика-математикалық мектебі, «Достар» халықаралық мектеп-лицейі, «Тұран» мектеп-лицейі және т.б жекеменшік мектептердің білім беруде озық үлгісі қалыптасқан. Ал, Қызылорда қаласында «Парасат» және «ОRDA SCНOOL» жекеменшік мектебі жұмыс жасайды.
Әлемдегі ең қымбат және беделді «Institute Le Rosey» мектебінде оқушыларға жан-жақты жағдай жасалған. Тіпті, бассейн, спорт клубтары жұмыс жасайды. Британдық орта білім беру жүйесінде жұмыс істейтін «Aiglon College» білім ордасы – «физикадан күшті білім беретін мектеп». Мұнда әрбір мұғалімде 5 студент ғана бар.
Жалпы, статистика бойынша, жекеменшік орта мектептердің 90 пайыз түлегі университетке түсіп, оны жақсы нәтижелермен аяқтайды. Әрі бүгінде әлемге танымал саяси тұлғалардың басым көпшілігі жекеменшік мектептің түлегі екен.
Уақыт дәлелдегендей, жекеменшік мектептер бәсекелестік ортаны қалыптастырып, білім берудің мазмұнын байытатыны ақиқат. Ендеше, Тамыз кеңесінде аудан басшысы Ғалым Әміреев айтқанда, заманауи талаптарға сай жекеменшік мектептерді көбейтуге мүдделік таныту қажет-ақ. Бұл ретте, жекеменшік балабақшалар ашып тәжірибе жинаған жаңақорғандықтар жекеменшік мектеп құруда белсенділік танытатынына сенім мол...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
11 қыркүйек 2018 ж. 5 016 0