№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БІЛІМ – БАСТЫ ҚАЖЕТТІЛІК

БІЛІМ – БАСТЫ ҚАЖЕТТІЛІК

ҰБТ қорытындысы бойынша ауданда 62 түлек 100 балдан жоғары алса, соның алтауы мүмкіндігін толыққанды пайдаланып, 120 балдан жоғары жинады. Білімділігін көрсетіп, аудан абыройын асырған түлектердің қай-қайсысы да құрметке лайық. Өткен аптада білімпаздарды аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов қабылдап, құрмет көрсетті.

Бәсекеге қабілетті елдерде адами капитал басымдыққа ие. Ал, адами капиталдың көрсеткіші – білімде. Бұл дегеніміз – білім беру саласын жаңғыртып, тәлімгерлерге сапалы білім беруде заманауи дағдыларды сіңіруді талап етеді. Осы білім үрдісінің деңгейін бағамдап отыруда ҰБТ көмекші құрал. Тестілеудің нәтижесін сараласаңыз, Жаңақорған ауданында білім көрсеткіші жыл сайын жақсарып келеді. Аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимовтің сөзінен осыны бағамдадық.
– Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекеге қабiлеттiлiгiмен айқындалады» деуі білім беру ісінің негізгі ұстанымына айналды. Расында «оқусыз – білім жоқ, білімсіз күнің жоқтың» куәсі болып жүрміз. Осы ретте, ата-анасының үмітін ақтап, ұстаздарының ұзақ жылдық еңбегін дәлелдеген үздік оқушылардың қадірін асырып, кейінгі буынға үлгі ету маңызды. Білім сынағынан сүрінбей өткен түлектердің кәсіби маманға айналып, елдің дамуына лайықты үлес қосатынына сенемін, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы.
Кездесуде №3 мектеп-интернаты мен №54 мектептің білім беру сапасындағы үздік тәжірибесі үлгі етіліп, тестілеу нәтижесінде ауданды алға сүйреп жүретініне тоқталды.
Салтанатты шарада Болат Мақсұтұлы ҰБТ қорытындысы бойынша ауданда ең жоғары балл жинаған №51 мектеп түлегі Назира Иса (124 балл), №3 мектеп-итернаттан Айжан Маханбет (123) пен Айдана Әбдіхалық (121), №54 мектеп оқушысы Рамазан Аязбек (122), №239 және №209 мектеп түлегі Шырын Айтметова (120) мен Фариза Жаңабайды (120) ерекше атап, олардың ата-аналары мен мектеп ұжымына, пән ұстаздарына алғысын жеткізді.
– Тест моделі – нақты мәліметтерді білуді міндеттейді. Яғни, базалық білім алудың маңызы зор. Әсіресе, логикалық сұрақтардың жауабын табуда зеректікпен қатар сезімталдық қажет. Бір сөзбен айтқанда, білімпаздар пән бойынша әрбір тарауды меңгергені абзал. Жоғары балл жинаған оқушылардан осыны аңғарасыз. Сіздердің жемісті жолдарыңыз өздеріңізден кейінгі іні-қарындастарыңызға үлгі-өнеге, – деді сала басшысы.
Елімізде баланың білім деңгейін анықтайтын ҰБТ-дан өзге тетік жоқ. Сондықтан, бірінші бағыт, білімге құштарлығы бар балаңызға қолдау көрсетіп, тестілеуден сүрінбей өтуіне жағдай жасау керек-ақ. №54 Жүсіп Қыдыров атындағы мектеп оқушысы Рамазан Аязбектің сөзінше, жоғары балл жинау үшін бір жылдық дайындық аздық етеді. Сыныптан-сыныпқа өткенде білім бағдарламасын толық меңгеріп, әрбір тақырыптарды талдай алатын деңгейге жету керек. Сонда ғана тестілеудегі логикалық сұрақтардың жауабын қиналмай табуға болады.
 
  P.S.: Білім – басты қажеттілік. Мұның салмағын бүгінгі мектептер түсініп, тәлімгерлерінің бойына сіңіріп жатыр. Ендеше адами капиталдың негізі дұрыс қалануда деген сөз...

Лаура БИБАСАРОВА.

02 шілде 2019 ж. 1 186 0