Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Нарықтағы тұрақсыздық: себебі мен салдары

Нарықтағы тұрақсыздық: себебі мен салдары


Соңғы уақыттары елімізде бағаның тұрақсыздығы мен күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерінің қымбаттауы айқын көзге ұрып тұр. Бұл тенденция жалақы көтерілді дегенмен халықтың қалтасын жеңілдетпей тұр, керісінше табыстың өскенін инфляция жұтып қойып жатқандай әсер қалдырады.

Күнделікті өмірде тұтынатын қарапайым азық-түлік өнімдерінен бастап, жанар-жағармай мен құрылыс материалдарына дейін барлық тауардың бағасы күн санап қымбаттап барады. Сөрелердегі сандардың күн сайын құбылуы халықтың қалтасына ғана емес, көңіліне де ауыр салмақ түсіріп отыр. Ет пен ұн, шай мен жұмыртқа, күнбағыс майы мен жем-шөп – бәрінің құны шарықтап, тұрмыс шығынын еселеп жіберді. Алайда осы қымбатшылыққа сай халықтың табысы көбейіп жатқан жоқ. Жалақының да, зейнетақы мен жәрдемақының да өсу қарқыны инфляцияның шапшаңдығына ілесе алмай отыр. Нарықтағы бағасы аспандап, халықтың табысы жерде қалып қойғандай. Бұл – қазірдің өзінде қоғамдағы ең өткір мәселенің біріне айналды.
Нәтижесінде қарапайым жұрттың тапқан-таянғаны ішіп-жемнен әрі аспайды. Отбасы бюджетінде артық жоспар құруға мүмкіндік жоқ, болашаққа қор жинау жайына қалып отыр. Жұрттың басты арманы – айлық түскенше күнделікті тұрмыста тарықпай отыру. Бұл – қалыпты жағдайға айналып бара жатқан күрделі көрініс. Қымбатшылықтың қыспағында қалған халық «ертеңгі күнге сенімсіз өмір сүріп жатыр» десек, артық айтқандық емес. Жоспар құруға мүмкіндік бермейтін мұндай ахуал қоғамның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына да кері әсерін тигізуде.
Мысалы, ауылдық жерлерде жалақы мөлшері төмен болғандықтан, базардағы бағаның шарықтауы ең алдымен сол ауыл тұрғындарына ауыр соққы болып тиюде. Ал қаладағы қарапайым жұмысшы отбасының айлық табысы коммуналдық төлем мен азық-түлікке жеткенімен, дәрі-дәрмекке, баланың оқуына, киім-кешекке қаржы табу қиындай түсуде. Әлбетте, қазір қалтаны қақпайтын арзаншылықтың дәурені өткен. Базарға барсаңыз да, дүкен сөрелерін жағаласаңыз да, күнде өзгерген бағаға куә боласыз. Қарапайым халықтың тұрмысына тікелей әсер ететін қымбатшылық мәселесі бүгінде қоғамның ең өзекті тақырыбына айналды. Бағаны еркіне жіберудің, тәртіп пен қадағалау жоқтықтың салдары бәрі. Ең қарапайым талғажау нан бағасы 120 теңге мен 180 теңгенің арасында.
Азық-түлік бағасының қымбаттау себебін сұрай қалсаң саудагерлер «тасымал қымбат, жанармай ұшып тұр немесе делдалдар бағаны көтеріп жіберді» деген секілді уәжін айтады. Онымен қоса тауарға сұраныстың артуына байланысты баға көтерілді деген жауап та дайын. Ал халықтың жағдайын кім ойлап жатыр? Қазір ірі сауда орындарына баратындай елдің бәрі қалталы емес. Қалтаны қағып тастамаса да сәл үнем болсын деп жұрт базарды жағалайды.
Үкімет осы жылы әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тізімінен 9 тауарға шекті баға белгіленбейтінін айтты. Нақтырақ айтсақ, тұз, ұн, макарон, қарақұмық, күріш, нан, сүт, картоп пен тауық жұмыртқасын тізімнен алып тастамақ. Яғни, енді бұл азық-түлік түрлеріне шекті баға белгіленбейді. Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің хабарлауынша, баға мен тарифтерді мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңімен бас тарту жөніндегі Жол картасына сәйкес шекті баға енгізілмеді. Өйткені жергілікті нарықты отандық өндіріс 100 пайыз қамтып отырған көрінеді. Сөз басында айтқанымыздай, әлеуметтік маңызы бар 19 азық түліктің 17-сі өзімізде өндірілуде.
– Міне, 5 литр сұйық майды 3200 теңгеге, бір дана жұмыртқаны 50 теңгеге алып тұрмын. Мына немерем тәтті жегісі келгесін, бір түйір кәмпитті 300 теңгеге алдым. Осыдан бір жыл бұрын 150-180 теңгеге алушы едік. Не деген сұмдық, барлығы қымбаттап кеткен. Мына бір жапырақ нанның бағасы 180 теңге. Рас мұғалімдердің айлығы өскенімен, көп салада айтарлықтай жалақыда өсім байқалмайды. Сондықтан жеке кәсіп иелері халықтың да жағдайын ойлағаны дұрыс, – дейді кент тұрғыны.

Одан бөлек, бүгінде ет бағасын кез келгеннің қалтасы көтере алмай отыр. Мәселен, жылқы етінің келісі 2500 теңгеге жетсе, сиыр еті 2400-2500 теңге, қой етін 2400 теңгеден табасыз.
Сенесіздер ме, 2024 жылы еліміз шетелге 53 мың тонна таза ет экспорттады. Ет өнімдерінің экспорты да 10 мың тоннадан асып жығылды. Керемет көрсеткіш, үлкен нәтиже. Әрине қуанамыз, бірақ ішкі нарықтағы еттің бағасын көргенде қуанышымыз көпке бармайды. Мал шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Жангелді Мырзахановтың айтуынша, асылтұқымды мал өсіріп отырғандардың дені – олигархтар мен бай-манаптар. Мемлекеттен қомақты субсидия алатындар да солар. Сондықтан да олардың малы күйлі. Етті экспортқа шығарып, қымбат сатып отырған да солар. Олар жеке өз мүдделері үшін жұмыс істеп отыр. Олар ішкі нарыққа жұмыс істемейді.
Расымен де, мал шаруашылығын дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар аз емес. Көпшілік оның игілігін көріп жатыр. Бұл қолдаулар нарық талабына жеңілдіктер әкелуі тиіс.
– Ауданымызда мал басының көптігімен мақтанамыз. Одан бөлек шаруаларға жағдай жасалып отыр. Мемлекет тарапынан мал аламын, одан пайда көремін, кәсіп көзін табамын деген жанды құралақан қалдырып жатқан жоқ. Оны мойындау керек. Біздің нарық Түркістан мен Шиелінің базарына тәуелді. Бағаны өзіміз реттеу үшін Жаңақорған ауданында жан-жақты сервистік жағдай жасалған, бәсекеге қабілетті мал базарын ашу керек-ақ, – дейді осы кәсіптің басы-қасында жүргендер.

Қарыз дәптері қалыңдап барады

Қапарайым халыққа қымбатшылық қатты әсер еткенін кез келген сауда орындарындағы қалың қарыз дәптерден байқауға болады. Үлкен супермаркеттерден бөлек, ауыл-аймақ пен шағын кенттердегі азық-түлік дүкен иелерінің көбі «қара дәптер» ұстайды. Көпшілік көзтанысты жағалап, қарызын жаздырып кетеді. Бұл бүгінде қазақ қоғамына тән құбылыс осындай.
Дүкеншілердің айтуынша, дүкенге кірген он адамның үштен бірі тауарды қарызға алып кетеді. Бір ғана дүкеннің өзінде жазылған берешек 800 мың теңгеден асыпты. Тіпті кейбір тұрғындардың қарызы 50-60 мыңға жетіп, айлап қайтарылмай қалады. Дегенмен сатушылардың оларды қайтаруға шамасы жоқ, себебі жұртшылықтың сұрап тұрғаны арақ-шарап емес, нан мен қант, макарон мен май сияқты күнделікті ас-ауқат.
Бағаның күн сайынғы өсуі де жағдайды ауырлатып тұр. Мәселен, биыл нанның бағасы 85 теңгеден 100 теңгеге жетті. Басқа өнімдер де 40-100 теңгеге қымбаттаған. «Бағаны біз өсіріп жатқандай жұрт ренжиді. Ал шындығында көтерме бағамен келген тауар қымбат болса, біз де амалсыз үстіне қосамыз» дейді сатушылар.
Кәсіпкерлер қарызды кез келген адамға емес, тек сенімділеріне береді. Алайда олардың ішінде айлығы жетпейтіндер, зейнеткерлер мен жұмыссыздар көп. Бір отбасының ай сайынғы орташа қарызы 100 мың теңгеден асады. Айлық түскенше қарыз үстіне қарыз қосылып, дәптердің де парағы қалыңдай береді.
– Бұрын 10 мың теңгеге пакетіміз толып азық-түлік әкелетін едік, қазір үш-төрт қана зат аламыз. Айлыққа дейін дүкенге жаздырып алу – амалсыздық, – дейді кент тұрғыны Шолпан Қасымқызы.
Сатушылардың айтуынша, халықтың сауда жасау мәдениеті де өзгерген. Бүгінде жұрт тек ең қажет өнімді ғана алады, артық затқа жоламайды. Бірақ, бұл да қарыздан құтқара алмай тұр. Қымбатшылықтың әсері күнделікті өмірдің барлық саласында сезіледі: жанармайдан бастап электр қуаты, құрылыс материалдары мен дәрі-дәрмекке дейін. Осының бәрі халықтың қалтасын жұқартып бара жатқаны шындық.
Бұл ахуалды шешуде жергілікті құзырлы органдар дәрменсіз. Өйткені, бағаның шарықтауының түп-төркіні тереңде. Нақтылап тоқталатын болсақ, олар мыналар: Әлемдік нарықтағы өзгерістер – мұнай, газ, логистика бағасының қымбаттауы, соғыс пен геосаяси жағдайдың әсері. Импортқа тәуелділік – Қазақстан азық-түлік өнімдерінің басым бөлігін сырттан әкеледі. Валюта бағамының құбылуы өнімнің өзіндік құнын да қымбаттатады. Ауыл шаруашылығындағы мәселелер – су тапшылығы, малазықтық өнімнің жетіспеуі, шаруалардың шығынының өсуі. Делдалдар мен бақылаудың әлсіздігі – өнім өндірушіден тұтынушыға жеткенше бірнеше рет қымбаттайды.
Мәселені шешу үшін бірнеше бағытта нақты қадамдар қажет. Бағаны бақылауды күшейту, алыпсатарлыққа жол бермеу аса өзекті. Ауыл шаруашылығын қолдау – шаруаларға жеңілдетілген несие беріліп, тыңайтқыш пен жанармайдың қолжетімді бағасын тұрақтандыру, суармалы жерлерді көбейту қажет. Ішкі өндірісті дамыту – импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өнімнің көлемін арттыру жүйелі іске асырылуы тиіс. Әлеуметтік қолдау тетіктерін кеңейтумен қатар тиісті тараптар халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына азық-түлік көмегін ұйымдастыру мәселін ұдайы назарда ұстауы тиіс.
Ақиқатында, баға бағамын нарықтың өзі реттейді, десек те баға бас бермес асаудың күйін кешулі. Ай емес апта бұрынғы бағаның өзі құбылып тұр. Қарапайым халық әлбетте базардағы саудагерлерді кінәлайды. Дейтұрғанмен, отандық өнімдерге доллардың қандай қатысы бар деген заңды сауал туындайды. Сайып келгенде, нарықтың талабы өз алдына, ынсапты ұмыту өз өмір сүрген ортамызда мәселелердің туындауына соқтырып жатыр. Өзі қиналмауын тілейтін әркім өзгенің де жайын дәл өзіндей қабылдаса хал-күйіміз кері кетпесі анық. Базардың бағамын бағамдап осындай ой түйдік.
Қорыта айтқанда, бүгінгі сараптап көрген тауарлар тұтынушылардың көп қолданатын азық-түлігі. Нарық бағамының құбылуы әрине тұрғындарды алаңдататыны түсінікті. Осы мәселеге байланысты Үкімет баға бақылауға алынады деп үнемі айтып келеді.
Қымбатшылық – халықтың төзімін тауысып отырған үлкен мәселе. Бағаның тұрақсыздығы елдің әлеуметтік жағдайына ғана емес, мемлекетке деген сеніміне де әсер етеді. Сондықтан билік пен қоғам бірігіп, ортақ шешім іздеуі қажет. Халықтың тұрмысын жақсарту – экономикалық саясаттың басты мақсаты болуы тиіс. Әйтпесе, «қымбатшылық қамыты» қоғам тынысын тарылта түсуі кәміл.

Әсел РЗАЕВА
28 қыркүйек 2025 ж. 1 368 0