№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қымбатшылық құрықтауға келмей тұр

Қымбатшылық құрықтауға келмей тұр


Жаһанды жайлаған індет алқымнан алып, тынысты тарылтқан сәтте нарықтағы қымбатшылық та қысып барады. Ел арасында азық-түлік қымбаттай береді деген үрей бар. Сондықтан халық базардағы азық-түлікті жаппай көтеріп кетуге бар. Оны ел-жұрт та, Үкімет те біліп отыр. Демек шындықтықты жасырудың қисыны келмейді.


Қоғамды дендеген бұл қиындыққа жұмыссыздық деген қатер тағы қосылып тұр. Қымбатшылық негізінен халықтың күнделікті тұтынатын тауарларынан-ақ байқалып тұр. Қарапайым халық қара базардағы арзанқол өнімдерді қолданары белгілі. Ал, қалтасы қалың ауқаттыларымыз супермаркеттерді аралап, шетелдің өнімдерін тұтынады. Ондай сауда орындарында кез келген заттың бағасы шарықтап тұрары сөзсіз. Қалтасы жұқа халық үшін базардағы бағаның қымбаттауының өзі үлкен соққы болып отыр. Мысалы, ауданымыздағы үлкен сауда орталықтарындағы баға жағаңды ұстатардай, ұшып тұр. Қазақтың әрбір шаңырағы етсіз отырмайтыны белгілі. Ал, бүгінде сол ет бағасы аспандап тұр. Мәселен, жылқы етінің келісі 2200 теңгеге шығып кетсе, сиыр еті 2100-2250, қой еті 2000 теңгенің төңірегінде. Сол сияқты сүт өнімдері де 20-30 пайызға дейін қымбаттаған. Сауда дүкендерінің сөрелерінде тұрған «Фудмастер», «Адал», «Одари» секілді компаниялардың қағаз қораптағы өнімдеріне 10 теңгеден, ал жұмсақ пакеттегілеріне 5-6 теңге қосылған. Елімізде азық-түлік бағасының өсіп кетуінде бір жағынан Ресей нарығындағы тапшылықтың да әсері бар, дейді зерттеуші мамандар. Біздегі ауылшаруашылығы мамандарының айтуынша, ресейлік сатып алушылардың сұранысы арта бастағаннан-ақ, ішкі нарықта картоп жеткізу көлемі тым төмендеп кеткен. Мәселен, Павлодардан келетін картоптың азаюынан бұл өнімге тапшылық орын ала бастағаны байқалуда. Бүгінгі күні картоптың көтерме саудадағы құнының өзі 170-180 теңгені құрап отыр. Өйткені, Ресей еліне көкөністің күнделікті қаншама тоннасы кетіп жатыр. Осы науқанды пайдаланып, байып қалайық дегеннің кебін киіп отырғандардың, өз еліне бүйректері бұрмай отырғаны өкінішті. Сұранысқа ие болып отырған азық-түлік тауарлары оңтүстік өңірлерде де қымбаттай түскен. «Зейнетақымыз көбейді, айлығымыз өсті» деп қуанып жүрген қарапайым тұрғындарға, мұндай бағалар қаншалықты ауыр екенін билік басында отырғандар біле ме екен? Баға, негізінен, базарлар мен шағын сауда нүктелеріндегі азық-түлік тауарлары бойынша өскен. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне әр түрлі жағдайлар себеп болып отыр дейді. Мысалы, ұнның қымбаттауы азық-түліктік астықтың босату бағасының өсуінен болса, жармалардың қымбаттауы астық өнімінің төмен болуынан туындап отыр деп топшылайды. Күнделікті дастарханымыздың сәні нан бағасы 105 теңге, бір қап ұн бағасы 9000 теңгеге бір-ақ барды. Елімізде ұн бағасының көтерілуі ақылға сыймайтын жайт. Себебі, дәл қазір біздегі ұн өндірісінің көлемі ішкі тұтыну мөлшерінен екі есеге жоғары екені баршаға белгілі. Онымен қоса, әлемдік ұн нарығында «алдыңғы орында» тұрғанымыз тағы бар.
Ауданға тауардың көбі көрші аймақтардан келеді. Жолақының қымбаттығы, жанар-жағармайдың тұ­рақ­сыздығы базардағы тауар құнының өсуіне әкеліп соғады. Қымбатшылық етек жайған қоғамда саяси мәселелердің де қордалана берері сөзсіз. Бір жағынан жұмыссыздық орын алып, екінші жағынан азық-түлік бағасы шарықтап бара жатуы әлеуметтік ахуалды ауырлата түсері алаңдатады. Кент орталығында азық-түлік сататын ірі-ірі сауда орындары аз емес. Оның әрбіріне арнайы бас сұғып, азық-түлік бағасын саралап көрдік. Әсіресе сұйық май, жұмыртқа мен нан өнімдерінің бағасы расымен де қымбат. Мұны сауда орнында азық-түлік алып жүрген кент тұрғыны Әлия Тойлыбаева жеткізді:
– Міне, 5 литр сұйық майды 3000 теңгеге алып тұрмын. Не деген сұмдық, барлығы қымбаттап кеткен. Әсіресе, жұмыртқаның бағасы ерекше өсіпті. Мына бір жапырақ нанның бағасы 120 теңге. Осыдан-ақ, бағаның өскенін анық байқауға болады. Рас мұғалімдердің айлығы өскенімен, көп салада айтарлықтай жалақыда өсім байқалмайды. Сондықтан жеке кәсіп иелері халықтың да жағдайын ойлағаны дұрыс, – деп ойын ашық айтты.
Бұл еліміздегі ішкі тұтыну нарығын бақылау саясатының әлсіздігі мен алыпсатарларды құрықтауға келгенде дәрменсіздігін және ешқандай жұмыс жасамай отырғандығын дәлелдегендей.
Жанармай бағасы да тұрақталмай тұр. Көпшілік көлігіне құятын АИ-92 жанармайы 174 теңге, дизель жанар жағар майы 200 теңге, газ 99 теңгеден сатылуда. Көлік тізгіндеген жұрт қалтаға едәуір салмақ салғанын айтып жыларман. Ал құрылыс материалдарының бағасы ауыз жимай жатып шарықтап жатыр.
Одан бөлек, бүгінде маңызды мəселенің біріне айналған дəрі-дəрмек бағасының ала-құлалығы жұртшылықты алаңдатады. Теңге құнсызданған сайын, елдегі фармацевтикалық өнімдердің бағасы да шарықтап тұр. Аудандағы бірнеше дәріханаларды салыстыра отырып осындай шешімге келдік. Ал өзге де мемлекеттермен салыстырғанда отандық препараттардың құны екі-үш есеге жоғары. Сол себепті тұрғындар дәрі алуға қыруар қаржы жұмсайды. Мұны ескерген арнайы мамандар елдегі дәрі-дәрмек бағамына мемлекеттік бақылау қойылуы керегін алға тартуда. Жалпы, дәрі-дәрмек бағасының қымбаттығы тіпті қажетті емін алу үшін қайсыбір дәрілерге кедей-кепшіктің қолы жете бермейтіні, тегін берілуі тиіс дәрілердің саудаға түсіп кететіні айтудай-ақ айтылып жүр. Бұл ретте біз пікірлескен мамандардың дені «Қазір еліміздегі фармацевтикалық компаниялар мен дәріханалар дәрі-дәрмектің бағасын еселеп көтеруде. Бұл әрекет импорт препараттарын өндірушінің бағасынан 3-4 есеге қымбат болуына әкеп соғып отыр. Сондықтан дәрі-дәрмек бағасын реттеуді мемлекет өз қолына алған жөн» дегенді қаузағалы біраз болды. Бір анығы, коронавирус басталғалы дәрі-дәрмектер бірнеше есе қымбаттады. Мәселен, карантинге дейін аспиринді 40-50 теңгеге алсақ, қазіргі бағасы 220-250 теңге аралығында. Парацетамол да осы жобалас. «Терафлю» мен «тайлол» 150 теңгеден сатылса, қазіргі бағасы 300 теңгенің үстінде. Біз білетін ыстықты түсіретін санаулы дәрілердің бағасының құны осындай. Республика бойынша 3000-нан аса емдік дәрілердің бағасына мониторинг жүргізген мамандар 2842 дәрінің бағасы қымбаттағанын анықтады. Айта кететіні, мамандар мұның қолдан жасалып отырғанын ашық айтты. Егер тұмауратып ауыра қалсаңыз, кемінде қалтаңызда 12-15 мың теңге болмаса, құлан таза айығып кетуіңіз екі талай.
Сайып келгенде, нарықтың талабы өз алдына, ынсапты ұмыту өз өмір сүрген ортамызда мәселелердің туындауына әкеліп соқтырып жатыр. Өзі қиналмауын тілейтін әркім өзгенің де жайын дәл өзіндей қабылдаса хал-күйіміз де кері кетпесі анық.

Әсел РЗАЕВА
26 қазан 2021 ж. 1 809 0