ЖАЗ МЕЗГІЛІНДЕ ДЕ ЖАЙЛЫЛЫҚ ЖОҚ

Жаз – ежелден молшылық пен берекенің, ырыс пен ризықтың мезгілі. Ауа райы қолайлы, өнім пісіп, жеміс-жидек, көкөніс молаятын кез. Мұндай кезде көптің ойынша – нарықтағы баға арзандап, тұрмыс сәл де болса жеңілдесе керек. Алайда соңғы жылдары бұл жағдай күрделеніп келеді. Биылғы жаздағы ахуал соның айғағы. Сауда дүкендеріндегі баға көктемдегі мезгілден кемі 2-2,5 пайызға өскен. Ел арасында «жаз келсе де жайбарақат сауда жоқ» деген сөздің жиі айтылуы бекер емес.
БАҒА НЕГЕ ТҮСПЕЙДІ?
Мамандар қымбатшылықтың басты себептерін бірнеше бағытта түсіндіреді. Біріншіден, ішкі нарықтағы өнім көлемінің жеткіліксіздігі. Ауыл шаруашылығы саласында нақты өндіріс көлемі артып жатқанымен, оның нарыққа жеткенге дейінгі жолында түрлі кедергілер мен делдалдардың көптігі бағаны қолдан өсіреді. Екіншіден, логистика мен жанар-жағармай бағасының үнемі қымбаттап тұруы. Өнім шаруаның қоймасында арзан болғанымен, базарға жеткенше бірнеше есе қымбаттайды. Үшіншіден – бақылаудың әлсіздігі. Мемлекеттік органдар тарапынан баға саясатына жүйелі бақылау болмай, саудагер мен алыпсатар қалаған бағасын қоюда.
Биылғы жаз айындағы жағдай бойынша негізгі азық-түлік өнімдері – қызанақ, қияр, картоп, сәбіз, пияз, орамжапырақ сынды көкөністердің бағасы былтырғы осы уақытпен салыстырғанда едәуір өскен. Мәселен, қызанақ пен қияр – 200-250 теңге болса, қарбыздың – келісі 200-ден кем емес. Сол сияқты, картоп – 350 теңге, пияз – 250 теңге, сәбіз – 300 теңге.
Бұлар – ауылда егіліп жатқан, жергілікті өнімдер. Бірақ бұл бағаны қарапайым ауыл тұрғынының өзі қолына ұстаған өнімнің бағасы деп қабылдай алмайды. Себебі бағбандар сататын өнімнің көтерме бағасы мүлде бөлек. Қала мен аудан орталықтарындағы делдалдар 2-3 есе үстеме қосып отыр. Сауда мен өнім өндіруші арасындағы байланыстың үзілуі, тікелей шаруалардан сатып алу тетігінің жоқтығы – мәселенің тамыры осында.
Шілде – жеміс-жидектің нағыз пісетін шағы. Алайда базар бағасын қарасаң, жеміс қазан болған қара күздің қарқыны. Алма, өрік, шие, шабдалы, жүзім сияқты жемістердің басым бөлігі әлі шет елден ағылуда. Жергілікті өнімдер де жоқ емес, бірақ көлемі жеткіліксіз. Осы себепті шетелдік тасымалға тәуелді болу бағаны күрт өсіреді.
Бұл жерде тағы да логистика, кедендік рәсімдер, жеміс сақтау қоймаларының тапшылығы – бағаның өсуіне әсер етіп отыр. Сонымен бірге алыпсатарлар жеміс өнімдерін маусым басында көптеп алып, базарға аз-аздан шығарып, дефицит тудыру арқылы бағаны ұстап тұруды көздейді.
Ет – халықтың емес, қалталының асы
Қазақ үшін ет – күнделікті тағам. Бірақ бүгінде етті жеу былай тұрсын, көрудің өзі арманға айналды. Мал бордақылаушылар жем-шөп пен дәрі-дәрмек қымбаттығын алға тартады. Жазда мал жайылымда болғанымен, сойылатын ірі қара саны азаяды, бұл да бағаға әсер етеді. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сенсек, сиыр етінің көтерме бағасы – 2200 теңге. Бірақ базарда 2500-2600 теңгеден төмен ет табу қиын. Тартылған еттің өзі 3000 теңге.
Тіпті балықтың бағасы да етке теңелді. Ауыл маңындағы көлдерден ауланатын өнімнің келісі нарыққа жеткенше бірнеше есе қымбаттайды. Балық – 1800-2500 теңге аралығында.
Қымбатшылық – жай ғана экономикалық құбылыс емес, бұл – халықтың тұрмыс сапасына, әлеуметтiң көңіл-күйіне тікелей әсер ететін фактор. Әсіресе табысы төмен, зейнетақы мен жәрдемақыға қарап отырған отбасылар үшін азық-түлік пен қажетті тауар бағасының үнемі өсуі – үлкен ауыртпалық. Жалақы өзгермей, баға өсе берсе, тұрмыстық хал-ахуал төмендейді, әлеуметтік сенім азаяды.
ТҮЙІН: Жаз мезгілінде – табиғат қана емес, нарықтың да жаңаруы шарт. Бірақ қазіргі көрініс – керісінше. Азық-түлік, құрылыс материалы, жанар-жағармай – бәрі қымбат. Бұл тек маусымдық мәселе емес, жүйелі бақылау мен ұлттық өндірісті қолдаудың әлсіздігінен туындап отырған жағдай. Жаймашуақ жаз күндері халықтың тынысын ашар уақыт еді, енді ол да – ауыр сынаққа айналып отыр.
Жәмила ЕРМАХАН