Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Агроном ғалым ауданда

Агроном ғалым ауданда

Есенбайұлы Бектөре 1930 жылы Өзгент өңірінде дүниеге келді. Әкесі шаруа кісі болатын, анасы он төрт құрсақ көтергенімен бәрі де жасына жетпей шетінеп кете берген. Қос мұңлықтың қолдарына ұстап қалған Мейірхан атты қызы он үш жасқа толғанда осы ұлдары дүниеге келіпті. Есенбай да, әйелі де ашаршылықта көз жұмып, арттарында он төртке енді толған Мейірхан мен жасынан енді асқан Бектөре тірі қалады.
Жетімектерді туысы Әбдірейім молда қолына алады. Сол кезеңде Исатай Топышев Өзгент ауылдық кеңесінің хатшысы екен. Бойжетіп қалған Мейірханды Әбдірейім молданың келісімімен өзінің туысқаны Әлсейітке қосады. Кейін молда Әбдірейім де қуғынға ілініп, кішкентай Бектөрені апа-жездесі Мейірхан мен Әлсейіттің қолына әкеп беруге тура келеді. Соғыс басталып жас-кәрі түгел колхоз жұмысына жегілген ауыр күндер туады. Балалық шақтың тақсыретті естеліктері туралы өз естелігінде Бекең былай дейді: Апам мен жездем таң атпай колхоз жұмысына кеткенде, үйдің бар жұмысы бес жастағы маған қалатын. 7 жасымнан колхоздың жұмысына араластым. Мақта тердім, масақ тердім, қой-ешкі де бақтым. Укаш бауындағы мектепте оқып, әріп таныдым, білім алдым. Киім жоқтың қасы, жалаңаяқ қар кешіп мектепке барған кездерім де болды. Жеті жылдықты өз қатарларымнан 2 жыл кейін бітірдім. Ол аздай аяғымды ат теуіп жазым етіп, Жаңақорғанда әскери госпитальда жатып, емделуіне тура келді. Қайтсем де 10 жылдық білім аламын деп, осы Жаңақорғандағы ВЛКСМ-ның 30 жылдығы атындағы мектебінде оқып жүргенімде әке-шешесі жоқ жетім деп Исекең мені мектеп-интернатқа (детдом) қабылдатты. Халық қаһарманы Мұқтар Әлиевпен бірге оқып, 1950 жылы онжылдықты бітірдім. Әпкем Мейірхан мен жездем Әлсейіт қолыма қаржы жинап құрт, май, талқанын дорбама салып беріп, қатарыңнан қалма деп мені Алматыға оқуға жіберді. Құжаттарымды Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне тапсырдым. Сынақтардан сүрінбей өтіп студент атандым. Институтты 1955 жылы бітіріп ғалым-агроном деген диплом алдым. Оқу орны жолдамамен Ақтөбе облысына жіберген. Исатай ағайдың араласуымен өз ауданымызға ауысып келдім, – дейді аға. Еңбек жолын 1955 жылы Жаңақорған ауданындағы МТС-те агроном болып бастапты. 1957 жылы мекеме таратылған соң «Кеңес» колхозына бас агроном болып жұмысқа орналасты. Бұл жылдары колхоздағы бидай көлемі 595 гектар, мақталық 175 гектар, жүгерілік 60 гектар және 10 гектар бау-бақша болды. Сол жылдары Кеңес колхозының «миллионер колхоз» атануына жас агроном Бекең де үлкен үлесін қосқанын айту керек. 1959 жылы колхоздарды ірілендіру науқаны басталып, «Октябрь», «Кеңес» колхозы қосылып «Сталин», кейін «Талап» совхозы болды. Бекең осы шаруашылықта 1959-1967 жыл аралығында жұмыс істеді. 1961 жылдан бастап тың игеру мақсатында Түгіскен массивін ашу қолға алынды. Бірінші болып Келінтөбе, одан соң Задария және Түгіскен кеңшарларының қазығы қадалды. Аудандық бюроның шешімімен Түгіскен совхозының директоры Шарап Зареров, Бектөре Исмайлов бас агроном болып бекітілді. 1967 жылы 1000 гектар жерге күріш себіліп, бау-бақша, жоңышқаға жер жыртылды. Егіс көлемін жыл сайын арттыра отырып 1973 жылы күріштік 1900 гектарға, жүгерілік 100 гектарға артып, 15 гектар бау-бақша, 300 гектар жоңышқалық игерілді. 1977 жылы су тапшылығына байланысты 1250 гектар жерге күріш, 210 гектар жүгері, 900 гектар жоңышқалық, 60 гектар бидай, 60 гектар арпа, 15 гектар бау-бақша игерілді. Міне осы жылдары егістіктің басында агроном Бекең күндізтүні жұмыс істеді. Науқан уақытында Бекеңді үйден еш таппайтынбыз, егістікте, қырманда, қос басында, тыңайтқыш шашатын жерде тізеден топырақ кешіп, егістіктің шығымын, суға бастырылуын, уақытылы тыңайтқыштың берілуін қадағалап отыратын. Қанша бейнет кешіп жүрсе де, Бекең бастан кешкен қиындықтары туралы айта бермейтін. 1967-1978 жылдар аралығында Түгіскен совхозы аудандағы шаруашылықтардың алдыңғы қатарында болды. Күріштік алқаптарға тегіс планировка жасалды. Тұрғын үйлер, клуб, балабақшалар бой көтерді. Соңғы жылдары Түгіскен туралы жинақ шықты, баспасөзде де сандаған мақалалар жазылды. Бір әттеген-айы, маңдай терін төгіп Түгіскенді түлеткендер қатарында Бекеңнің аты-жөнін кезіктіре алмадым. Көшеге есімі берілген азаматтар санатында да Бекең көрінбейді. Бекеңнің еңбегі кезінде жоғарыдан бағаланған еді. 1970 жылы «Ленин» орденімен марапатталды. «Социалистік жарыстың озаты» төсбелгісінің иегері атанды. Бірнеше рет облыстық, аудандық ауыл шаруашылығы басшылығының грамоталарын алды. Кеңестік жүйе тарқаған кезінде де негізін сақтап, 2014 жылға дейін Түгіскен мемлекеттік тұқым шаруашылығы ретінде атағы дүркіреген Түгіскенде Бекеңнің іздері айқын. 1978 жылы Бесарық су қоймасының ашылуына байланысты Кеңес ауылы «Юбилейный» жеміс-жидек совхозы болып құрылғанда төрағасы болып Бектөре Смайлов сайланды. Міне, осы кезеңдерде Бекеңнің: Маған Түгіскенді тастап кету оңай болмады. Түгіскеннің батпағын белден кешіп, ұзақты күн жаяу жүрген бейнетті күндерім қаншалықты тауқыметті болса да өзім үшін қымбат. Сол ауыр күндердің қызығы мен рахатын көретін күн де туыпты. Сол үшін бақыттымын” деген сөзі құлағымда әлі тұр. 1996 жылы облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер есебінде зейнетке шыққан Бекеңнің көз жанары нашарлап, жел-құз шаужайдан алып, шаршаңқырап жүргенін де байқадым. Күнсұлу екеуінен өрбіген 8 ұл-қызынан немере-шөбере көріп, зейнетке шыққан соң қарап отырмай, жылыжай орнатып қиярқызанақ өнімдерін егіп елге таратты. Бау-бақша екті. «Бектөренің бауы» дейтін тал-терек қалды артында. 2010 жылы әке орнына әке, шеше орнына шеше болған апасы Мейірхан, оның соңынан аяулы жары Күнсұлу бақилық болып, жаз көңілді жайдары жанның көңіл жапырағын солдырып кетті. 2019 жылы 92 жасында Бекең өзі де өмірден озды. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ұлы Сатбай жеке шаруашылық ашып Бекеңнің бауын кеңейтіп, үлкен баубақшаға айналдырды. Тағы бір ұлы ауылдағы Төлепберген Әбдірашев атындағы №239 орта мектепте технология пәнінен сабақ береді. Өскелең ұрпаққа кісіні даңққа жеткізер қарапайым еңбек екендігін қадір-қасиетімен ол осылай дәлелдеп кетті.

Нәлібай Құрбаниязов
17 желтоқсан 2023 ж. 1 729 0