№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ғасыр жасаған жүрек

Ғасыр жасаған жүрек


Ауылда қалған әйелі Пәтіш, қыздары Жібек, Ақшайы, Патыма бұл кезде бойжетіп, аналарына қолғабыс етуге жарап қалған, ептеп-септеп елмен бірге күн кешіп, қиындықпен жетілді.
Бұл ғасырдан астам ғұмыр кешкен қожакенттік Ақшайы әжейдің өткен өмірінің бір парасы ғана. Мейрам қарсаңында кейуананың шаңырағына арнайы бас сұқтық. Алдымыздан шыққан немере келіні бізді апа отырған қонақ бөлмеге апарды. Жүзден асқан қария тың, жайдары жүзбен сәлемімізді алды.
 «Қарттық деген қойсын ба, бұрынғыдай еш жерге бара алмаймын, отырғаным осы ел-жұрттың амандығын тілеп...» деді. 
– Әкеден үш қыз, екі ұл қалдық. Жібек қыс ауғанда, жайлауға көшер уақта, ал Патыма қауын піскен кезде туылған деп отырушы еді, әкем жарықтық. Ол кезде бүгінгідей заман жоқ. Көбі хат танымайды. Бірақ барлығымызды еңбек табыстырды. Таң атқаннан, қара кешке дейін тырбанып егістіктің басында жүруші едік.  Жас та, кәрі де іске келгенде төзімді еді. Қара жерге дән тастап, соның бейнетімен күн кештік. Әкем соғыстан оралмады. Анама қарасып, екі інімді бағып, тас диірменді айналдырып, шыққан ұннан нан пісіріп, талқанмен қарын тойдырушы едік, – деп әңгімесін бастады кейуана.
Көктем келісімен білекті сыбанып күріш ектік. Менің міндетім, жыртылған жерге дән тастайтынмын. Жерді қар басқанша егін даласының тірлігі бітпейтін. Менің замандастарымның көбінің өмірі ауыр еңбекпен өтті. Бүгінде артында қалған ұрпағы Тәуелсіздіктің ақ таңын қарсы алып, бейбіт, тыныш заманда өмір кешіп жатыр. Осыған да тәуба, – дейді қарт ана. 
Ұзақ өмір сүруінің сыры да еңбектің арқасы болса керек. Есте сақтау қабілеті мен ширақтығы таң қалдырды.
– Апам, әлі де болса тірліктен қалғысы жоқ, – дейді келіні Шырынкүл. Еңбекпен өткен өмірін бізге өсиет қып айтып отырады. Намазын үзбей, таспих тартып Алланың есімдерінің мағынасын айтып, немерелерін де имандылыққа баулып отырады. Апам біздің үйдің қазынасы, – деді.
Елдегі тәртіп немерелерді әжесінің қолына байлап қойғанының бір пайдасы, оқушысы да, студенті де өсиетін, батасын алып, қызметін жасап келеді. Бастары түйісіп шүйіркелескенде әлемде бұлардан асқан бақытты жан жоқтай елестеді.
Тоғыз перзентті жетілдіріп, одан 31 немере, 35 шөбере сүйіп отырған әулеттің әзиз әжесінің айтары бар.
– Әке-шешеміз мынадай бейбіт, еркін заманды көрген жоқ. Сендер бақыттысыңдар. Барды қадірлей біліңдер. Еңбектеніңдер. Адал болыңдар. Әрбір басқа түскенге сабырлық қылыңдар. Барға шүкіршілік айтыңдар. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Егемендігіміз мәңгі болсын! – деп ақ батасын берді.
Екі ғасырды тең көрген әзиз әженің өмірінің мәні, тірлігінің сәні болған ұл-қыз, немере-шөберелері Ақшайы әжені асыл қазынаға теңеп,  батасымен өсіп-өніп отырғандығын мақтанышпен жеткізді. Біз де, қадірлі қарттың «Аман болып, өсіп өніңдер!» деген ақ батасымен оралдық.
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
11 наурыз 2021 ж. 483 0