Облыстағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жай-күйі
ҚР Конституциясы құқықтың бүкіл жүйесінің қалыптасуы бастау алатын негізгі заң болып табылады, онда еңбекті қорғауға құқықтың көрсетілуі үлкен маңызға ие. Себебі Конституцияда жеке тұлғаның құқықтық мәртебесінің негізін құрайтын, адам мен азаматтың ең негізгі, аса маңызды құқықтары бекітілген.
Конституциялық құқықтың еңбекті қорғау жөніндегі қатынастарды реттейтін нормаларының қатарына ҚР Конституциясының 24-бабының қауіпсіздік пен гигиенаның талаптарына сай болатын еңбек жағдайларына құқықты белгілейтін нормалары жатады. Ата заңға сәйкес, адамдардың еңбегі мен денсаулығын қорғау конституциялық құрылыстың негіздеріне жатады. Әркім өзінің еңбекке деген қабілеттіліктерін еркін басқаруға, қызмет түрі мен кәсіпті таңдауға, қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай жағдайлардағы еңбекке және жұмыссыздықтан қорғалуға құқылы.
Конституциялық құқыққа негізделген еңбек қатынастары ҚР Еңбек кодексімен реттеледі.
ҚР еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылауды еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган – Қызылорда облысының еңбек саласындағы бақылау басқармасымен (ары қарай-Басқарма) жүзеге асырылады. Басқармамен өткен жылы облыс бойынша 42 жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тергеп-тексеру жүргізіліп, 29 жазатайым оқиға еңбек қызметімен байланысты деп танылды. Бұл оқиғалар салдарынан 42 жұмыскер зардап шеккен, оның ішінде 8 адам қаза болып, 27 жұмыскер ауыр дәрежелі, 7 жұмыскер жеңіл дәрежелі дене жарақаттарын алған.
Еңбек қызметімен байланысты жазатайым оқиғалар бойынша тергеп-тексеру материалдары ҚР Еңбек кодексінің 190-бабының тәртібімен полиция органдарына Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық Кодексінің 156-бабы белгілерімен тіркеп, тергеу жүргізу үшін жолданды.
Аталған жазатайым оқиғаларды арнайы тергеп-тексеру материалдары бойынша полиция органдарымен қабылданған процестік шешімдер жөнінде тоқсан сайын Облыстық прокуратура, ҚР Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Қызылорда облысы бойынша басқармасы, Облыстық Полиция Департаменті және Басқарма арасында төрт жақты салыстырмалы акт жасалуы жолға қойылған.
ҚР Үкіметінің 26.06.2019 ж. № 441 Қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі 2019-2023 жылдарға арналған жол картасы» бекітілген. Осы жол картасын орындау мақсатында, Басқарманың бастамасымен Облыс әкімдігімен 26.08.2019 ж. «Қызылорда облысының 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттану мен еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын төмендету жөніндегі облыстық Жол картасы» бекітіліп, оны орындау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Сондай-ақ, кәсіпорындар мен ұйымдардағы еңбек жағдайын жақсарту, өндірістік жарақаттану мен кәсіби ауруларды азайту мақсатында, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік органдармен және әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, «Қауіпсіз еңбек» ақпараттық науқан өткізу туралы шешім қабылданған.
Аталған ақпараттық науқанның мақсаты кәсіпорындардың, компаниялардың, мемлекеттік құрылымдардың жұмыс берушілері мен жұмыскерлерінің назарын жұмыс орындарында сау әрі қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыруға аудару болып табылады.
Облыс аумағында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету мақсатында "Қауіпсіз еңбек" бағдарламасы 2018 жылы Облыстық әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия отырысында қаралып, мақұлданды. Бұл Бағдарлама өндірістік жарақаттану, кәсіптік аурулар, өндірісте адам өлімімен аяқталған жазатайым оқиғалар деңгейін төмендетуге және еңбек қауіпсіздігі жағдайларын жақсартуға, өмір сүру ұзақтығын арттыруға және халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған.
Осы орайда, мемлекеттік еңбек инспекторларымен жұмыскерлер мен жұмыс берушілер арасында еңбекқұқықтары мен міндеттері, өндірістегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелері туралы белсенді ақпараттық-түсіндіру шаралары атқарылуда.
Сонымен қатар, өндірістік жарақатты және зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыс орындарын азайту мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен 2019 жылғы 17 маусымда Женева қаласында Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен «Vision Zero-Нөлдік жарақат» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.
Меморандум ең озық тәжірибие бойынша тараптардың күш-жігерін біріктіруге және өндірістік жарақатты едәуір төмендетуге, жазатайым оқиғаларды және зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыс орындарының санын азайтуға мүмкіндік беретін алдын-алу шараларын жүзеге асыруға бағытталған.
Қазіргі уақытта, Басқармамен жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде аталған тұжырымдамаға облыстағы 24 кәсіпорын қосылған.
Жалпы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды бақылауды жүзеге асырудың әсерлі құралы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер болып табылады, олар жұмыс берушінің немесе жұмыскерлердің бастамашылығымен құрылады. Бүгінгі күні облыс бойынша барлығы 871 ұйымда өндірістік кеңестер құрылған және бұл бағыттағы түсіндірме жұмыстары жалғасуда.
Қазіргі күні, еңбекті қорғау бұрын-соңды болмағандай өзекті болып отыр. Еңбекті қорғаудың қарапайым қағидалары сақталмауының салдары қайғылы оқиғаға әкеп соғып жатады.
Сондықтан, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын сақтау баршаға ортақ міндет.
Г.Нұғыманова,
Облыстық еңбек саласындағы
бақылау басқармасының
еңбек қауіпсіздігі және
еңбекті қорғау бөлімінің басшысы
бақылау басқармасының
еңбек қауіпсіздігі және
еңбекті қорғау бөлімінің басшысы