№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өндірістік аймақ өсіп жатыр

Өндірістік аймақ өсіп жатыр

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанынан Шалқия кенішіне дейінгі алқапты үлкен өндірістік аймақ алып жатыр. Сырттай қанық болғанымызбен зауыттағы қайнаған қызу еңбекті байқамайды екенбіз, аудан әкімі Руслан Рүстемовтің бастамасымен түс қайта бірнеше маман, оның ішінде, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаев мен журналистер барғасын барынша білдік.

Мұнда бірнеше зауыт орналасқан, олардың кәсібі де әрқалай. Аудан басшысы олардың әрбірімен жүздесіп, кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлеріне назар аударды. Кәсіптеріне береке тілеп, үнемі қолдау көрсететінін жеткізді. Бәлкім, зауыт жұмыстары бізді баураған болар, кеш түсіп, қоршаған орта қараңғылыққа сүңгігенше қайтуға асықпадық. Есесіне, жергілікті азаматтардың өндіріске қызығушылық танытып, өрге сүйреген ісіне марқайдық.
Алдымен «Периумклассстрой» ЖШС әк зауытына бардық. Сегіз пеш қойылған зауытта қазір төртеуі жұмыс істеп тұр. Бәрі газға қосылған, жұмыс әлдеқайда жеңілдеген. Мамандардың айтуынша, 980-1000 градус ыстықта тас күйіп, одан әк бөлініп шығады. Бір тәуірі, шикізаты түгелдей Жаңақорған жерінде бар. Әкке даламит тастар пайдалынады. Өнімге деген сұраныстың артқаны сонша, өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда өнім өндіру 10 есеге өскен. Серіктестіктің заңгері Құрманғазы Болатұлы таныстырғандай, зауытта 28 жергілікті жұмыссыз азамат қамтылған, олардың орташа жалақысы 250-300 мың теңге көлемінде. Және мұндағы өнім базар бағасынан төмен, түйіршікті әктің кілісі-38 теңге, ұнтақ әк 32 теңгеден босатылады.
Екінші аялдаған нысанымыз – ЖК «Таңатар» болды. Кәсіпкер Нұрлан Кенжебеков жұмыстың ырғағын жан-жақты жеткізді. Мұнда жаңа технология бойынша бетон шығарады. Өнімділігі сағатына 40 текше метр. Ал, сату бағасының әрбір текше метрі 17 мың теңге екен. Тапсырысқа қарай сапасын өзгерте алады, мысалы М-150, М-200, М-250 маркада бетон дайындауға қауқарлы. Жұмыстың жанданғанына 2 ай болса да сұраныс бар, аудан, ауыл тұрғындары құрылысқа қажетті өнімге жиі тапсырыс береді.
Мұнда 4 жергілікті азамат жұмыс істейді. Бәріне үлгереді, сапасына барынша зер салады. Цемент Шиелі мен Шымкенттен тасымалданады. Тас –Қаратаудың шикізаты.
Үшінші нысан – «Қуат Әк» ЖШС. Кәсібі де, іс көлемі де кеңдеу кәсіпкерлік осы серіктестікте екен. Жаңашылдыққа жаны құмар Нәрзілда Ысқақов Орта Азия мен Қазақстанды кезіп, бірнеше зауыттың құрал-сайманын жинап, құрастырыпты.
Мұндағы негізгі өнім – әк болып келді. Ескі әдіс десек те, алты пеште дайындалған өнім теңдессіз тауар екен. Оны тәжірибе ретінде көріп, ешбір қалдықсыз әк болатынына көзіміз жетті. Серіктестікте әк өндірудің жаңа жүйесі де жұмыс істейді. Сапасы жоғары өнім сұраныста екен, көршілес облыстан да тапсырыс түсіп тұр.
Ендігі теңдессіз өнім деп керамзитті атауға болады. Жалпы елімізде Алматы және Ақтөбе облысында керамзит зауыт­тары бар. Бірақ олар ішкі өнімді то­лық қамтамасыз ете алмайды. Нәр­зілданың ізденімпаздығы мен жаңа жоба­ларды жүзеге асырудағы жан­кеш­тілігі қызықтырып барады. Ол керамзиттен кірпіш жасауды қолға алып жатыр. Жеңіл әрі өнімді, әрі қыста жылы, жазда салқын, сондай-ақ боялған кірпішке сылақ жүргізілмейтіні құрылыс заттарын үнемдеуге жетелейді. Кірпіш 20х40 және 10х40 көлемде шығарылады. Тиімділігі көп, мұндай кірпішпен Талдықорған, Алматы қалаларында көпқабатты үй тұрғызылып келеді. Болашақта Жаңақорған ауданында да отандық өнімнің игілігін көру бақыты бұйырады деп күтілуде. Бұл орайда аудан әкімі Руслан Рүстемұлы:
– Біз өз өніміміздің пайдасын өзіміз көруге тиіспіз. Ауданда салынатын тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құжатына керамзит кірпішін ендіруге күш саламыз. Бір жағынан құрылыс үшін өте тиімді және арзан. Сонымен қатар бұл әрекет арқылы кәсіпкерді де қолдаймыз, – деді. Мұнан кейін әкім кәсіпкерге бірнеше сауал қойды.
– Нәрзілда, серіктестікте қанша адам жұмыс істейді?
– Жаңақорғаннан 40 жігіт бар менде.
– Олардың жалақысы қалай шешілген?
– Күніне 10-14 мың теңге көлемінде табыс табады. Жинап, айына бірден аламын десе де болады.
– Жұмысшылардың әлеуметтік жағ­дайы қалай?
– Жатақхана салып бердім, күніне үш мезгіл ыстық тамақ тегін беріледі.
– Дұрыс екен. Мұны сұраған себебім, адамның еңбегін жемеу керек. Маңдай терін төкті ме, соған сай жалақы алғаны жөн, – деді әкім.
Айтпақшы, аудан әкіміне кәсіпкерлер газ мәселесін қозғады. Егер газ толық жеткілікті болса өндірісті онан сайын дамытуға ден қоятынын жеткізді. Осы мәселенің түйінін аудан әкімнің өзі тарқатты.
– Қазір «Премиумклассстрой» ЖШС Бейнеу-Базой-Шымкент газ магистралынан АГРС (автоматты газ реттегіш станса) қою құжаттамасымен айналысуда. Ол жүзеге асқан жағдайда бұл аймақтағы кәсіпкерлік нысанның бәріне газ жеткілікті болады. Жалпы, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына сәйкес кәсіпкерлер үшін инфрақұрылым мемлекет тарапынан толық жасалады. Сондықтан маңызды мәселенің шешімі шығады, – деді ол.
20 қазан 2020 ж. 509 0